Жаназа мәселесі жайында

Ислам дінінде жаназа рәсімдерінің жөн-жоралғысын шариғат тәртібімен жасап, ақтық сапарына аттандыру маңызды. Бірақ қазіргі қоғамда жаназа және жерлеу рәсіміндегі ысырапшылдық мәселесі өткір тұр.  Көп жағдайда, асты тойға айналдырып, қателіктер жіберілуде. Жалпы қазақ халқының ғұрыптары мен әдеттері өте көп. Бірақ, өкінішке орай кейбір ғұрыптарымыз қазіргі таңда өзімізге ыңғайлы етіп өзгертіп жатқан жағдайлар орын алуда. Мәселен, жаназа,жерлеу кезінде ысырапшылдық жіберетініміз. Ас берген кезде түрлі тағамдарды қойып, тойдың дастарханындай жайып жатқаны бар. Осы мәселені талқылау үшін Рудный қаласының «Нұр» мешітінің бас имамымен әңгіме өрбіттік.

«Жаназа дастарханы жайылуы рұқсат. Бірақ, өзінің шарттары бар. Жаназа мәзіріне келетін болсақ, дастархан басында түрлі тәттілер, жеміс-жидектер қойылмау керек. Ол жерде қарапайымдылықты ұстанған жөн. Тағамдарды көп қою дұрыс емес және ұлттық тағам бешбармақ асын ұсыну орынды. Негізгі астың берілу мақсаты- көңіл айтып келген кісілердің қарындары аш болмауына жағдай жасау. Сондай-ақ, жылқы сою міндетті емес. Ислам дінінде рұқсат етілген мал атауын союға болады. Осыған қатысты қолыңызда бар нәрсемен шығарып салуға тырысуымыз керек»,- деді Сабыржан Есмурзин.

Қазіргі таңда қаралы жамылған үй дастархан жасау, ет, мал, қонақ деп шашылып, дарақылыққа жол береді. «Ал, шариғат ысырапшылдықты қолдамайды»,- дейді бас имам. Қазір бекітілген шешімге кейбір тұрғындар келіссе, ал кейбіреулердің дастарқаны тойға жайылғандай.

«Жаназа рәсіміне байланысты қонақ асы деген бар. Бұл бас қосулар да мейрамханада беріліп жатыр. Бұрын қаралы болған үйдің отбасы мүшелерін көршілер немесе туған-туыстарының үйлеріне шақырып дастарханын өздері жасаған. Келесі күнгі жаназа рәсімін талқылайтын еді. Шариғат талабы бойынша, қазалы болған үйде үш күнге дейін қазан көтерілмеу тиіс. Үш күн деген себебіміз, жаназа рәсімдерінде мәйітті жерлеуге  үш күн уақыттай кетеді. Оның ішінде туған-туыстардың жиналуы, дайындық және қабірдің қазылуы уақыт алады. Сол себептен қайтқан кісінің жамбасы жерге  тимейінше, қаралы болған үйде қазан көтерілмейді»,- дейді имам.

Сондай-ақ, қырқы, жылы астары өткізілген кездегі адамдарды шақыру мәселесі де бар. Кейбір кісілерді жеке шақырмайынша келмейтін сәттерде орын алып жатыр. Ол, әрине дұрыс емес. Жаназа кезінде ас беріліп жатқаны туралы кісіге тек ескертіледі. Хабар бергеннен кейін жақын, жанашыр адамның өзі барып, қатыса алады. Орта Азия, оның ішінде қазақ халқында «бата» деген ұғым бар. Бұл көңіл айтып келген кісілердін қаржылай демеулері.

«Ысыраптылыққа жол беретін тағы да бір мәселе ол- мата, орамал үйлестіру. Өкінішке орай, орамал, мата мен тақиялардың берілуі көп жағдайда ешқандай кәдеге аспай қалып қояды. Құдайға шүкір, қазір бәріміздің көйлегіміз көк, қарнымыз тоқ заманда өмір сүріп жатырмыз. Сол себепті, жаназадан алған нәрсеге халық мұқтаж емес. Оны халық «қабыл болсын» деп алғанымен, үйге апарғасын ешқандай пайдаға жарамай жатады. Ақыр аяғында, қоқысқа та тастап жатады. Осыған орай, барша жамағатты жаназа рәсімдерінде шығынды азайтуға шақырамын. Егер шығындануға бел буып жатса, онда о дүниеге аттанған адамның атынан садақа ретінде мұң-мұқтаж, жетім, жесір отбасыларға көмектескен дұрыс»,- деп Сабыржан Есмурзин өз сөзін аяқтады.

Жадыра ЕРТАЕВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *