Жастарға берілген мүмкіндік

Жастардың бастамаларын қолдау — мемлекеттің қазіргі кезде басты бағыттарының бірі. Бұл тұрғыда ауқымды жұмыстардың бірі ол мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіру үшін артық кедергілерді жою жөніндегі тапсырмасы шеңберінде 2022 жылғы желтоқсанда «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына тиісті өзгерістер енгізілуі.

Ол түзетулер мемлекеттік грант бойынша оқыған жоғары оқу орындарының түлектері үшін (оқу нәтижесі кемінде 3,33 балл) тестілеусіз және конкурссыз аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға тағайындау мүмкіндігін көздейді, ал мемлекеттік басқару академиясының түлектері мемлекеттік әкімшілік лауазымдарды атқара алады. «Б»корпусының жергілікті атқарушы органдардағы, мәслихаттардағы, тексеру комиссияларындағы лауазымдары, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде және олардың бөлімдерінде оқу бітіргеннен кейін бір жыл ішінде уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісім бойынша конкурс өткізілмей кіре алады. Осы жөнінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің өкілдері толығырақ түсіндіріп берді.

«Бұл жоба мемлекеттік аппаратқа жүктелген міндеттерді орындауға және кәсіби басқарушы болуға бағытталған. Мемлекеттік қызмет көшбасшылық және ұйымдастырушылық қабілеті бар жас және талантты кадрларды талап етуде. Бүгінгі күні бұл жоба қарқынды дамып келеді. 2023 жылы біздің Департаментпен Әулиекөл, Денисов, Жангелдин, Жітіқара, Қостанай, Меңдіқара аудандары мен Арқалық, Рудный қалаларының мемлекеттік органдарында 13 жас маманды конкурстан тыс тағайындау келісілді. Біздің аймақ үшін бұл жақсы нәтиже деп айта аламын. Жыл сайын біз ЖОО- түлектермен кездесу, дөңгелек үстел өткізіп тұрамыз. Себебі, әлі де бұл ақпаратты көбісі біле бермейді. Тағы да айтып өтетін жайт, көбісі мемлекеттік қызметке тек заңгер немесе есепшілер қажет деп ойлайды. Бұл мүлдем олай емес. Мемлекеттік қызмет сан түрлі және алға деген ұмтылысы бар жас маманды шақырады»,- деді мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Бахытгүл Оспанова.

Заңнамаға сәйкес жас маманға 3 айға дейінгі мерзімге тәлімгер тағайындалады, ол олардың кәсіби қалыптасуы мен дамуына әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді. Тәлімгерлер барлығы бола бермейді, тек мемлекеттік қызмет өтілі кемінде екі жыл және жоғары кәсіби қасиеттері бар мемлекеттік қызметшілер ғана бола алады.

Конкурстан тыс тағайындау шеңберінде қабылданған жас мамандардың бірі — Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Рудный қалалық аумақтық инспекциясының мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының бас маманы Фариза Баянбекова.

«Мен А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Ветериналық санитария» мамандығы бойынша 5 жыл үздік оқып, қолыма қызыл дипломымды алдым. Одан алдын соңғы курстын аяғында бізге жұмыс табуға, грантты өтеуге көмектесу үшін түрлі мекемелердің өкілдерімен кездесулерді ұйымдастырды. Олардың ішінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің өкілдері бізге мемлекеттік қызметтің артықшылықтарын, оған түсу жолдарын түсіндірді. Мен тестілеусіз және конкурссыз мемлекеттік қызметке кіру мүмкіндігін жіберіп алмауды ойлап, өзіме түртіп қойдым. Жаз айында мамандығым бойынша жұмыс бірден табу қиынға соқты. Департамент қызметкерлері Рудный қаласындағы ветеринариялық-санитариялық инспекцияға кіруге мүмкіндік бар екенін айтты. Содан барлық құжат тапсырып, бірден жұмысқа қабылдандым. Басында заңдарды жаттап, жұмыстарды уақытылы орындау, түрлі бағдарламаларды меңгеруге қажет болды. Менің міндеттеріме ветеринарлық профилактикалық жұмыстардың жасалуын қадағалау, жылдық жоба бойынша жануарлар арасында аурулардың болмауын және тасымалдамауын тексеру кіреді. «Мемлекеттік қызмет — өте жауапты іс» деп айта аламын. Біз тек жекешеленген сала ғана емес, мемлекеттің де айнасымыз», – деді жас мемлекеттік қызметші Фариза Баянбекова.

Айта кету керек, ауылдық округке жұмыс істеуге келген жас мамандар үшін «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы да бар. Бұл жобада көтерме жәрдемақыларды төлеу және тұрғын үй сатып алуға және салуға жеңілдікті несиелер беру мүмкіндіктері қаралған.

«Бұл жобаға келетін болсақ, егер жас түлек қолына диплом алып ауылдық жерлерге көшуге бел буса, мемлекет керемет мүмкіндіктер сыйлауға дайын. Алдымен ресми агенттіктің сайтында бос әрі өзекті лауазымдар тізбесінен қажетті лауазымды таңдау қажет. Бұл бағдарлама көп жағдайда –білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет, спорт және ветеринария сынды мамандықтарға қарастырылған. Бұған дейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй алу немесе салу үшін кредиттердің ең көп сомасы 5 175 000 теңгені құраған болатын, биылғы жылдан бастап оның мөлшері 7 384 000 теңгеге дейін өсті. Біржолғы көтерме жәрдемақы төлеу 100 АЕК (369 200 мың теңге) құрайды», – деп Бахытгүл Оспанова түсіндірді.

Байқағанымыздай, жастардың ел болашығы үшін жауапкершілігін арттыра түсетін маңызды бастамалар мен әркімге мол тәжірибе жинап, өмірден өз орнын табуға, елі мен жеріне қызмет етуге мүмкіндік беретін жобалар аз емес. Бастысы аталған бағыттардағы жұмысты дұрыс әрі сапалы ұйымдастыра білу. Бірлігіміз бен біліктілігімізді бір арнаға тоғыстыру. Осылайша, Президент бастау беріп, жұрт қолдау жасаған, жастар жұмыла атқарған мақсаттарға жету маңызды.

Сания САКТАГАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *