Рудныйда камералық бақылаудың нәтижесі қандай?
Камералық бақылау – бұл салық органдары (немесе өзге де уәкілетті органдар) тарапынан салық төлеушінің тапсырған салық есептілігі, екінші деңгейлі банктердің мәліметтері, бақылау-кассалық машиналардың деректері, қаржылық есептілігі және өзге де құжаттары негізінде, сондай-ақ бақылаушы органда бар басқа ақпарат көздерінен алынған деректер бойынша жүзеге асырылатын мемлекеттік бақылау нысаны. Камералық бақылау туралы Рудный қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Жәнібек Тұрағұлов қала әкімдігінде өткен брифингте айтып берді.
«Камералық бақылау нәтижесінде қандай да бір ауытқулар, сәйкессіздіктер, яғни бұзушылықтар анықталған жағдайда, мұндай салық төлеушілерге камералық бақылау жөніндегі хабарлама жолданады. Салық төлеуші камералық бақылау туралы хабарламаны алған күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде оны орындауға міндетті. Хабарламада бұзушылықтың мәні, кезеңі және сома көрсетіледі. Міндетті түрде әр хабарламаға түсіндірме тіркеледі, салық төлеушінің не нәрсемен салыстырылғанын түсінуі және дұрыс жауап беруі үшін техникалық әрі нақты мүмкіндік беріледі», – деп түсіндірді Жәнібек Төлегенұлы.
Камералық бақылаудың негізгі ерекшелігі – тексеріс қашықтан жүргізіледі, яғни салық органдарының инспекторлары салық төлеушінің мекенжайына бармай-ақ жүзеге асырады. Тексеру құжаттар негізінде жүзеге асырылады: салық төлеуші ұсынған құжаттар мен өзге де көздерден алынған ақпарат (мысалы, банктер, кеден органдары және т.б. мәліметтері) талданады.
Бұл бақылаудың мақсаты – салық есептілігіндегі қателіктерді, сәйкессіздіктерді, заң бұзушылықтарды анықтау және салық төлеуден жалтару тәуекелдерін бағалау. Сонымен қатар, салық төлеушіге анықталған сәйкессіздіктерді өздігінен түзетуге мүмкіндік беріледі.
2024 жылдан бастап Салық кодексінің 94 және 96-баптарына өзгерістер енгізілді. Енді камералдық бақылау жөніндегі хабарламалар тәуекел дәрежесіне қарай жолданады. Бұған дейін тек орташа тәуекел деңгейіндегі хабарламалар жіберілсе, қазір жоғары тәуекел дәрежесіне жататын хабарламалар да енгізілді. Егер салық төлеуші хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіссе, ол қосымша салық есептілігін тапсырып, тиісті соманы бюджетке аударуға тиіс. Ал егер келіспесе, 30 жұмыс күні ішінде уәжді түсініктеме ұсынуға құқылы.
«Жоғары тәуекел дәрежесіндегі бұзушылықтарға тауарларды, жұмыстарды не қызметтерді сату бойынша нақты операция жасалғанын анықтау мақсатында электронды шот-фактуралар жазылып болғаннан кейін жүргізілген камералық бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтар жатады. Тіпті Рудный қаласы бойынша мысал келтірсек, кейбір кәсіпорындар ірі айналым бойынша электронды шот-фактуралар жазып береді. Алайда, камералық бақылау кезінде бұл операциялар нақты жүзеге аспағаны байқалады», – деді Тұрағұлов.
Жыл басынан бері 64 салық төлеушіге жоғары тәуекел дәрежесі бар хабарлама жіберілді. Олардың 50-іне электронды шот-фактура жазуға тыйым салынды, себебі кәсіпкерлер өзара есеп айырысудың нақты болғанын дәлелдей алмады. Алты салық төлеуші хабарламадағы талаптармен келісіп, шот-фактураларын кері қайтарды. Тағы үшеуі қажетті құжаттарын ұсынып, түсініктемелері қабылданды. Қалған бес істің қаралуы әлі жалғасып жатыр.
Жәнібек Тұрағұлов салық төлеушілер жиі жіберетін бұзушылықтар жайлы да тоқталды.
«Ірі бизнеске келер болсақ, бұл корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығына қатысты. Салық кодексінің 412-бабына сәйкес, ҚҚС төлеушілер электронды шот-фактураларды міндетті түрде жазып беруі тиіс. Камералық бақылау кезінде салық органдары электронды шот-фактуралар дерегін табыс декларациясымен салыстырып, кірістің төмендетілуі не шығыстың артық көрсетілуін анықтайды. Кез келген сәйкессіздік анықталған жағдайда, салық төлеушіге хабарлама жіберіледі», – деді ол.
Шағын және микро бизнес субъектілеріне дүкендер, дүңгіршектер, бутиктер және т.б. қатысты да осындай тәртіп қолданылады. Хабарламалар екінші деңгейлі банктердің, ККМ мен POS-терминалдардың деректері негізінде қалыптастырылады. Егер бұл мәліметтер бойынша ақша айналымы тіркеліп, алайда есептілікте көрсетілмесе, салық төлеушіге хабарлама жолданады.
«Талап қою мерзімі бойынша, үш жыл ішінде мұндай салық төлеушілерге камералық бақылау хабарламалары жолданады. Бұл сома мемлекетке қайта есептеледі, бірақ енді өсімпұлмен бірге», – деп толықтырды Рудный қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Жәнібек Тұрағұлов.
2024 жылы 2020 жылдан бері күшінде болған салықтық тексерістерге мораторий аяқталды. Қазіргі уақытта камералдық бақылау хабарламалары орындалмаған жағдайда, автоматты түрде жоспардан тыс салықтық тексерулер тағайындалады.
Жанарай
НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген
Даулет КУЛАТАЕВ