Рудныйда 1 тамыздан бастап «INDIGO» арқылы мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама беру басталады
Бұл – баласын балабақшаға беруді күтіп жүрген көптеген ата-ана үшін аса маңызды сәт. Биылғы науқанда ерекше назар 2022 және 2023 жылы дүниеге келген балаларға аударылады. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің әдіскері Нина Остроухова толығырақ түсіндіріп өтті.
– 1-5 тамыз аралығында балабақша орындарын бөлу бойынша бірінші толқын өтеді. Алдымен электронды кезектің жоғарғы жағында тұрған ата-аналар жолдама алады. Ал 6 тамыз күні таңғы сағат 07:00-ден бастап жүйе 2022 және 2023 жылғы балаларға қатысты алғашқы 1000 өтініш иесіне қолжетімді болады. Бұл кезеңде жылдамдық аса маңызды – бос орындар санаулы минуттардың ішінде толып қалады. Ең бастысы берілген жолдама бес жұмыс күні ішінде ғана жарамды. Сондықтан барлық құжатты алдын ала дайындап қою қажет, – деді ол.
Биыл 2022 жылы туған үш жастағы балалар үшін 650 орын бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 122 орынға артық. Ал 2023 жылы туған екі жастағы балалар үшін 430 орын қарастырылған, бұл да өсім барын көрсетеді.
– Мұндай мүмкіндік жеке меншік балабақшалардағы мемлекеттік тапсырысты кеңейту арқылы мүмкін болып отыр. Бұл өз кезегінде ата-аналар тарапынан түсетін сұранысты азайтуға ықпал етеді, – дейді Нина Остроухова.
ЖОЛДАМАНЫ ҚАЛАЙ АЛУҒА БОЛАДЫ?
- https://indigo-rudoo.e-orda.kz сайтына кіріңіз.
- Жеке кабинетке кіріп, тіркеліңіз.
- «Жолдама алу» батырмасын басыңыз.
- «Бос орындарды іздеу» опциясын таңдаңыз.
- Қалаған балабақшаны тауып, топты белгілеңіз.
- «Таңдалған өтініш бойынша жолдама алу» батырмасын басыңыз.
- Қажетті құжаттар тізімімен мұқият танысыңыз.
- «Жолдама алу» түймесімен рәсімдеуді аяқтаңыз.
ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАР
ҚАЖЕТ?
- №065/у нысанындағы профилактикалық екпе картасы
- №052-2/у нысанындағы баланың денсаулық паспорты
- №027/у нысанындағы медициналық анықтама
- Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін – ПМПК қорытындысы (бар болса)
- Егер ата-ана – әскери қызметкер, полиция, дәрігер не мұғалім болса – жұмыс орнынан анықтама (мөр және қол қойылған, 1 айға жарамды).
- Өтініш берушінің электронды цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ)
- Баланың цифрлық фотосуреті
КІМДЕРГЕ ЖЕҢІЛДІК БАР?
КЕЗЕКТЕН ТЫС
(БІРІНШІ КЕЗЕКПЕН)
ЖОЛДАМА БЕРІЛЕТІНДЕР:
- Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан немесе із-түссіз жоғалған әскери қызметшілердің балалары
- Құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет өкілдерінің балалары (осындай жағдайда)
- Фельдъегерлік қызмет өкілдерінің балалары
АЛҒАШҚЫ
КЕЗЕКТЕГІЛЕР
(1:3 ҚАҒИДАСЫМЕН):
- Мүгедек балалар
- Отбасында мүгедек бала тәрбиеленіп жатқан балалар
- Мүгедек ата-ана тәрбиелеп отырған балалар
- Көпбалалы отбасылардың балалары
- Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар
- Педагогтар мен медицина қызметкерлерінің балалары
Барлық жеңілдіктер растайтын құжатпен дәлелденуі қажет.
ҚОСЫМША КЕҢЕСТЕР:
- Баланың жасына сай балабақша мен топтарды алдын ала зерттеңіз
- Құжаттар толық әрі дұрыс сканерленгеніне көз жеткізіңіз
- ЭЦҚ жарамды ма, тексеріп алыңыз
- 6 тамыз күні таңертең жүйеге кіруге дайын болыңыз – әсіресе егер сіз кезектегі алғашқы 1000 адам қатарында болсаңыз
Барлық сұрақтар бойынша Рудный қалалық білім бөліміне 4-13-44 нөмірі арқылы немесе Ленин көшесі, 30 мекенжайындағы 206-кабинетке хабарласа аласыз.
Әр баланың балабақшаға баруға құқығы бар. «INDIGO» жүйесі арқылы берілетін жолдама соның алғашқы қадамы. Уақытыңызды тиімді пайдаланып, балаңыздың ертеңіне бүгін қам жасаңыз.
Арай АХМЕТ,
сурет «РР» мұрағатынан