Неонтолог дәрігер Аякөз Күтибаевамен сұхбат
Жетісай ауданының Ынтымақ ауылынан шыққан Аякөздің балалық арманы – мұғалім болу еді. Алайда тағдыр оны жаңа туған сәбилердің өмірі үшін күресетін нәзік те қажырлы мамандыққа – неонатологияға алып келді. Бүгінде ол Рудный қаласындағы перинаталдық орталықта неонатолог болып қызмет атқарады.
− Аякөз, дәрігер болу бала кездегі арманыңыз ба еді?
− Жоқ, қызығы сол, бала күнімде тәрбиеші немесе мұғалім болуды армандайтынмын. Балаларды ерекше жақсы көретінмін. Сол себепті де үнемі «болашақта балаларға білім беремін» деп қиялдайтынмын. 10-сыныпта ата-анаммен бірге отырып, болашақ мамандығымды таңдадық. Бірлесіп шешіп, медицина жолына түстім. Қазір Рудный қаласындағы перинаталдық орталықта неонатолог болып жұмыс істеймін. Физиология бөлімінде ана мен нәрестенің жағдайын бақылап, ем жүргіземіз. Аналарға күтім мен емізу ережелерін үйретеміз. Сонымен қатар түнгі кезекшіліктерде босану бөліміндегі, физиология және жаңа туған нәрестелердің патологиясы мен реанимация бөліміндегі сәбилердің барлығына жауаптымыз.
Бұл мамандықты Аякөз 18 жасында рационалды шешіммен таңдаса, бүгінде ол оның өмірлік миссиясына айналған. Астанадағы резидентура кезінде нәзік жанды сәбилердің тынысын бақылап, әрбір өзгерісті дәл анықтауды үйренген. Қазір сол тәжірибені өңір балаларының амандығына арнап келеді.
− Соңғы бес жылда жинаған тәжірибем мен алған білімім – мен үшін үлкен мақтаныш. Әсіресе Шымкенттегі білікті басшылар мен тәлімгер дәрігерлер маған көп нәрсе үйретті. Қазір алғашқы реанимациялық көмекті сенімді түрде, сапалы көрсете алатыныма көзім жетеді, – дейді ол.
− Қазіргі әріптестеріңіз жайлы не айта аласыз? Қанша дәрігер бірлесе қызмет атқарасыздар?
− Біздің бөлімде бес дәрігер жұмыс істейді. Жалпы перинаталдық орталық – біртұтас жүйе. Акушер, гинеколог, анестезиолог пен медбикелер – барлығы үйлесімді әрекет етеді.
Аякөз үшін күн сайынғы жұмыс таңғы алаңдаушылықтан басталады. Ең алғашқы ойы бөлімдегі сәбилердің бүгінгі жағдайы.
− Жаңа туған нәрестенің дені сау, он екі мүшесі түгел дүниеге келуі – біз үшін ең үлкен қуаныш. Ал ауыр халде түскен сәбидің сауығып шыққаны – жүрекке ерекше шабыт сыйлайды. Бұл сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Біздің бөлімде нәрестелерге алғашқы 28 күн бойы үздіксіз бақылау жүргізіледі. Қазіргі таңда физиология бөлімінде 22 сәби жатыр. Таңертең жұмысқа келгенде олардың жағдайы қандай болды екен деп алаңдаймын. Себебі жаңа туған нәрестенің денсаулығы әр күн емес, әр сағат, әр минут сайын өзгеріп отырады. Бір сәтке назар салмасаң, жағдайы күрт нашарлап кетуі мүмкін. Сондықтан біз сәбилер ағзасындағы әрбір ұсақ өзгеріске де мән беріп, тәулік бойы бақылау жүргіземіз.
Неонатология — нәзіктік пен кәсіби дәлдікті қатар талап ететін сала. Өмір мен өлімнің арасында жатқан кішкентай жүректер үшін күресе жүріп, Аякөз ата-аналармен де үнемі байланыста болуды ұмытпайды.
− Меніңше, бұл мамандықтың басты талабы – балаларды шын жүректен жақсы көру. Себебі баланы жақсы көрмей, оның жағдайын, күйін, қажеттілігін түсіну қиын. Тәжірибе мен теория – екі түрлі нәрсе. Оқулықта жазылған мен нақты жағдайдағы тәжірибе мүлде бөлек. Әсіресе реанимация бөлімі – өмір мен өлімнің арасындағы нәзік шекара. Нәресте ауруын айтып жеткізе алмайды, оның әрбір белгісін дәрігердің өзі анықтауы тиіс. Дәл диагноз қою, нақты емдеу – ең маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан әр маман өз ісіне аса жауапкершілікпен қарауы қажет. Жұмыстың ең ауыр тұсы – психологиялық жүктеме. Кейде, өкінішке қарай, өмірмен ерте қоштасатын сәбилер де болады. Ондай сәттерде эмоциямды тежей алмай, ата-анамен бірге жылап кеткен кездерім де болды. Біз, дәрігерлер, ата-аналарға үміт пен сенім сыйлауымыз қажет екенін жақсы түсінемін. Алайда кейде өзім де қолдауға мұқтаж боламын. Сондай кезде анаммен немесе әріптестеріммен сөйлесіп, ішімді ақтарып аламын.
− Менің өмірлік ұстанымым – адамгершілік. Ешкімнің еңбегін жемей, адал еңбек ету. Жақсы дәрігер болу үшін тек кәсіби білім мен білік жеткіліксіз. Сонымен қатар науқастың да, оның туыстарының да жан күйін терең түсіне алатын жанашырлық қажет. Алдағы уақытта неонаталдық реаниматолог болып, бұл саланы тереңірек меңгергім келеді. Аппараттармен жұмыс істеуді жетілдіріп, шала туған сәбилердің өмірін сақтап қалуға барымды салғым келеді. Қазірдің өзінде тыныс алу аппараттарын жиі қолданамыз. Бұл – жаңа туған сәбилер үшін өмірлік маңызы зор көмек.
Еске сала кетейік, 2024 жылы Қазақстанда 14 708 сәби шетінеп кеткен. Оның 6200-ден астамы неонаталдық кезеңде, яғни өмірге келген алғашқы 28 күн ішінде. Қостанай облысында бұл көрсеткіш – 326 нәресте. Сәбилердің өліміне перинаталдық асқынулар, тыныс алу бұзылыстары, туа біткен ақаулар және инфекциялар себеп болған. Бұл жай ғана статистика емес. Бұл – әр отбасының жеке трагедиясы, әр дәрігердің жанкешті күресі. Сондықтан да неонатология – медицинаның ең нәзік әрі жауапты салаларының бірі.
Аякөз секілді мамандардың арқасында мыңдаған сәби жарық дүниеге аман-есен келеді. Неонатолог болу – сақшысы болу.
«Балаға деген махаббат – менің осы жұмысқа күн сайын келуімнің басты себебі», – дейді Аякөз.
Бүгінгі таңда елімізде неонатолог пен педиатр секілді балалар дәрігерлері әлі де жеткіліксіз. Десе де, жүрек қалауымен келген, өз ісіне шын берілген Аякөз секілді дәрігерлер бұл олқылықтың орнын толтырып келеді. Ал бұл – ерлікпен пара-пар еңбек.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТОВА,
суретті түсірген
Даулет КУЛАТАЕВ