Рудныйда кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесі талқыланды
Шара барысында балалардың қауіпсіздігі мен олардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығы кеңінен талқыланды.
Бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың амандығы мен әл-ауқатына ерекше мән беру – мемлекет пен қоғам алдындағы аса маңызды міндеттердің бірі. Заңды құрметтейтін, жауапты әрі саналы ұрпақты тәрбиелеу мұғалімдер, ата-аналар мен билік өкілдерінің ортақ борышы. Осы ортақ жауапкершілік аясында Рудный қаласы білім бөлімінің басшысы Темурхан Жайлыбаев брифинг өткізіп, білім беру ұйымдарында жүзеге асырылып жатқан алдын алу шаралары туралы баяндады.
Темурхан Жайлыбаевтың айтуынша, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – білім бөлімінің басты басымдықтарының бірі. Соңғы жылдары бұл бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде жағымды өзгерістер байқалуда.
«2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейінің төмендегенін атап өткім келеді. Бұл – ұстаздар мен тәртіп сақшыларының, ата-аналар мен қоғамның бірлесе атқарған еңбегінің нәтижесі. Қала мектептерінде ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында профилактикалық шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Ай сайын мектеп оқушыларына ювеналды полиция бөлімінің инспекторлары лекциялар оқиды. Тақырыптар сан алуан: есірткі қолданудың салдары, құқықбұзушылықтың жауапкершілігі, салауатты өмір салтының мәні. Әрбір кездесуде балаларға нақты мысалдар арқылы құқықтық нормалар мен жеке жауапкершілік жайлы жан-жақты түсіндірме беріледі», – деді ол.
Сонымен қатар, «Балалар, назар аударыңдар!» жобасы аясында патрульдік полиция инспекторлары мектептер мен балабақшаларда жол жүру ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл – баланың күнделікті қауіпсіздігіне бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Қуантарлығы, биылғы жылдың басынан бері Рудный қаласында жасөспірімдер жасаған қылмыстық құқықбұзушылықтар саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе азайған. Атап айтқанда, тек бір ғана құқықбұзушылық фактісі тіркелген. Бұл – маңызды жетістік. Дегенмен, Қостанай облысы бойынша жалпы көрсеткіш өсіп, 17-ден 20-ға дейін жеткен.
Рудный қаласы Полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері мен әлеуметтік педагогтар 5–11 сынып оқушылары арасында жүйелі түрде әңгімелесу сабақтарын өткізуде. Басты тақырыптар – ақша бопсалау, қылмыстық құқықбұзушылық түрлері, интернет-алаяқтық, жыныстық қол сұғылмаушылық, қылмысқа итермелеу мен делдалдық. Бұл шаралар балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында заңға құрметпен қарау мен жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыруды көздейді.
Бұдан бөлек, 2023–2025 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі Кешенді жоспар аясында қала мектептерінде нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. 5–11 сынып оқушыларына бейәдеп сөздерді қолданбау, темекі мен спирттік ішімдіктерден, есірткі өнімдерінен алшақ болу, түнгі уақытта заңсыз жүрмеу туралы нақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Мектептердің ресми сайттары мен әлеуметтік желілерінде есірткі қолданудың және оның заңсыз айналымға қатысуының жағымсыз салдары көрсетілген материалдар тұрақты түрде жарияланып отырады. Олардың ішінде ақпараттық мақалалар, бейнероликтер, сарапшылармен сұхбаттар бар. Мұндай ашық әрі дәлелді ақпараттар оқушылар мен ата-аналардың хабардарлығын арттырып, өз әрекеттеріне сын көзбен қарауға жол ашады.
Жалпы алғанда, бұл бағыттағы жұмыстар балалардың заң талаптарына жауапкершілікпен қарауына, қоғам алдындағы борышты терең сезінуіне ықпал етіп келеді. Ең бастысы әр баланың өмірі мен болашағы қауіпсіз болуы керек. Бұл – тек білім беру жүйесінің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ мүддесі.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген
Айбар БЕРІК