Шағымсыз келмейді

Санитариялық-эпидемиологиялық қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік бақылау қалай іске асуда?

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау – қоғам денсаулығы мен тыныштығын қамтамасыз етудегі маңызды құрал. Бұл саладағы жұмыс түрлі бағыттарды қамтиды: қоршаған ортаны қорғау, тағам қауіпсіздігін бақылау, жұқпалы індеттердің алдын алу сынды аса маңызды мәселелерді назарда ұстайды. Санитарлық қызметтің жүйелі әрі сапалы қызметі – ұлт саулығының кепілі.

Тұтынушылар құқығы мен жергілікті СЭС-тің құзыреті жөнінде Рудный қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Юлия Бреусова тоқталды.

«Тәжірибемізде көбіне жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген немесе заңды тұлға мәртебесіне ие емес азаматтар тарапынан санитариялық бақылауға жататын қызмет түрлерінің заңсыз атқарылу деректері кездеседі. Олар тиісті рұқсат қағаздарын рәсімдемей, санитариялық қағидаларды өрескел бұзып, жұмыс жүргізеді.Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, тексеріс кезінде жауапкершілікке тек заңды тұлғалар ғана емес, сондай-ақ сол мекемелерде жұмыс істейтін жеке тұлғалар да тартылуы мүмкін. Егер қызметкердің әрекеті не әрекетсіздігі санитариялық нормалардың бұзылуына себеп болса, ол жауап береді.Мұндай жағдайда қызметкердің өзінің лауазымдық міндетін тиісті деңгейде атқармағаны дәлелденуі қажет. Яғни, оның қызметтік нұсқаулығында нақты көрсетілген тапсырмаларды орындамауы салдарынан санитариялық талаптар бұзылғаны анықталуы тиіс.

Мәселен, дезинфекциялауға жауапты қызметкер өз жұмысын уақытында атқармаса және соның салдарынан жұқпалы ауру тараса – бұл жағдайда ол жауапкершілікке тартылады.

Мұндай жайттарда адамның кінәсі – қасақаналықпен (міндетті түрде орындауға тиіс қызметін әдейі атқармауы) немесе салақтықпен (болуы мүмкін салдарды елемеу не елемей қалу) көрініс табады.

Мысалы, мейрамханада аспаз жеке бас гигиенасын сақтамай немесе тағам дайындау тәртібін бұзып, келушілердің улануына себеп болса, ауруханада тазалықшы дезинфекция жұмыстарын талапқа сай жүргізбей, инфекцияның таралуына жол берсе, кәсіпорында инженер тазарту жүйесіне жауапты бола тұра, ағын суларды тазартпастан табиғи су көздеріне жіберсе немесе қоймада жұмыс істейтін қызметкер азық-түлікті тиісті шарттарда сақтамай, нәтижесінде өнім бұзылып, тұрғындардың денсаулығына қатер төнсе, бұл жағдайлардың барлығында жеке тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылады.Қысқасы, егер қызметкер өзінің тікелей міндетін орындамаса және бұл әрекет санитариялық талаптардың бұзылуына алып келсе, заң аясында ол жауапты болады», – дейді.

Жеке кәсіп иелері нені білуі керек?

– Эпидемиологиялық тұрғыдан қауіпті саналатын қызмет түрімен айналысатындар міндетті түрде қызмет бастамас бұрын санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуы қажет, – деп түсіндірді спикер. – Ал эпидемиологиялық маңызы төмен объектілер қызмет басталғаны жөнінде eGov.kz электронды порталы арқылы хабарлама жіберуі тиіс. Барлық құжаттар электронды түрде рәсімделеді.

АЗАМАТТЫҚ ҮНДЕУЛЕР ЖАЙЛЫ

Санитариялық қызметтің заңмен шектелген нақты өкілеттіктері бар. Сондықтан әрбір тұрмыстық келеңсіздікке байланысты оларға шағымдану орынсыз. Дегенмен кейбір жағдайларда СЭС-ке жүгіну – міндетті және өте қажет. Қоғамдық орында жаппай улану жағдайының куәсі болсаңыз немесе өзіңіз зардап шексеңіз;күдік тудыратын сапасыз өнім сатып алсаңыз; қоғамдық жерлерде гигиеналық талаптар өрескел бұзылса. Мысалы, лас әжетхана, антисептик құралдарының болмауы, дүкен ішіндегі антисанитариялық жағдайлар; су иістеніп кетсе, түсі өзгерсе, лай немесе ащы дәм байқалса; қалдықтар рұқсат етілмеген жерге төгілсе: қоқыс, кәріз суы, өндірістік қалдықтар; медициналық қалдықтар талапқа сай жойылмаса;балабақша, мектеп, аурухана секілді орындарда инфекцияның таралуы күдік тудырса; құрылыс жұмыстары санитариялық нормаларға сай жүргізілмей, шаң, шу, ластану секілді қолайсыздық тудырса, мұндай кезде санитарлық қызметке хабарласқан жөн.

«Жұмыс телефонына жиі қоңырау түсіп жатады, адамдар көбіне санитариялық талаптың бұзылғанын айтып, дереу шара қолдануымызды сұрайды. Алайда қолданыстағы заңға сәйкес біз тек нақты шағым, айғақ пен растайтын фактілер негізінде ғана тексеріс жүргізіп, тиісті әрекет ете аламыз. Өкінішке қарай, бұл шартты бәрі бірдей түсіне бермейді.Мысалы, көпқабатты үйлердегі көршілерге қатысты арыз-шағымдар жиі кездеседі. Бірақ санитариялық қағидалар тұрғын үйлерге арналмаған. Біз тек коммерциялық немесе бақылауға жататын объектілерден шыққан шуды өлшей аламыз. Ал пәтер ішінен шыққан дыбысқа өлшеу жүргізілмейді. Тарақандар, кеміргіштер туралы да көптеп шағым түседі. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңға сәйкес, дезинфекция, дезинсекция және дератизацияны меншік иесі өз есебінен жүргізуі тиіс. Санитариялық қызмет мұндай шараларды тек жұқпалы ауру ошақтарында ғана жүргізе алады.Пәтерінде көп жануар ұстаған қарт адамдарға қатысты да өтініштер келіп түседі. Жасына байланысты олар кейде жануарларға дұрыс күтім көрсете алмай, бұл өз кезегінде көршілерге қолайсыздық туғызады. Биыл дүкендерге байланысты 11 шағым тіркелді. Негізінен, өнімнің дұрыс таңбаланбауы, жарамдылық мерзімінің көрсетілмеуі, сақтау шарттарының бұзылуы секілді мәселелер қозғалды. Сонымен қатар сапасыз тағам, бұзылған өнім, қоғамдық тамақтану орындарындағы санитариялық талаптардың бұзылуы жиі айтылады», – дейді Юлия Сергеевна.

Қазіргі заңнама бойынша бір жыл ішінде қала аумағындағы бақылауға жататын нысандардың тек 5%-ына ғана біліктілік талаптарына сәйкестігі бойынша тексеріс жүргізуге рұқсат етілген. Сол себепті тексерулер сирек өтеді, тиісінше бақылау да аз болады.

Алайда нақты, дәлелді шағым болса, санитариялық қызмет тарапынан тиісті шара қолданылады.

Сондықтан, егер сіз санитариялық талаптардың бұзылғанын байқасаңыз немесе бұдан зардап шексеңіз, Рудный қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына Строительная көшесі, 38 мекенжайы бойынша немесе 2-47-70 нөміріне хабарласуыңызға болады.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген

Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *