Теміржолдың тірегі

Байдалин Абай Жанабылұлымен сұхбат

Жыл сайын тамыздың алғашқы жексенбісінде Қазақстанда Теміржолшылар күні атап өтіледі. Бұл – ел экономикасының күретамыры саналатын теміржол саласының дамуына үлес қосып жүрген мыңдаған мамандардың еңбегі еленетін күн. Солардың бірі Абай Байдалин, Железорудная станциясында қабылдап-тапсырушы болып еңбек етеді.

Абай Жанабылұлы Костанай облысында 1962 жылы дүниеге келген. Теміржол саласындағы еңбек жолын 2004 жылдың 27 ақпанында қарапайым жұмысшы ретінде бастаған. Кейін өзінің жауапкершілігі мен еңбекқорлығының арқасында 2018 жылдың қыркүйегінде қабылдап-тапсырушы қызметіне тағайындалып, содан бері осы маңызды қызметте жұмыс істеп келеді.

«Ол жылдары жұмыс табу қиын еді. 2003 жылы жұмыс іздеп осы жаққа келгенімде, сәті түсіп, теміржол саласына орналасып кеттім. Содан бері 20 жылдан астам уақыт өтіпті», – дейді кейіпкеріміз сәттілікпен басталған кәсіби жолын еске алып.

Қабылдап-тапсырушы қызметі сырт көзге қарапайым көрінгенімен, зор жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Абай Жанабылұлының айтуынша, негізгі міндеті жүктерді қабылдап, тексеріп, құжаттарын рәсімдеу және вагондардың жүктелуін қадағалау. Станцияға келетін жүктердің көп бөлігі темір рудасы, ол комбинаттан Қытайға, Қарағандыға, Новотроицкке бағытталады. Сонымен қатар ұн, бидай, металл өнімдері секілді әртүрлі тауарлар да қабылданып, жөнелтіледі.

«Жүктің салмағы мен көлемі вагонға біркелкі таратылуы керек. Егер жүк бір жағына ғана орналасса, ол вагон қозғалыс кезінде аударылып қалуы мүмкін. Сол себепті біз әрбір вагонды мұқият қарап, техникалық талаптарға сай болуын тексереміз. Құжаттарды да түгел, нақты рәсімдейміз», — дейді ол.

Абай Байдалин жұмыс барысында жоспармен жүреді: күніне қанша вагон келіп, қайда жөнелтілетіні алдын ала белгілі. Ай сайын жоспар құрылып, әр ауысымда осы жоспар жүзеге асырылады. Станцияда тәулік бойы жұмыс тоқтамайды. Күндіз-түні, мереке мен демалысқа қарамай, жүктер қабылданады.

«Егер бізде бір қате кетсе, жүк дер кезінде жөнелтілмесе, онда бүкіл график бұзылады. Сондықтан теміржол қозғалысының тұтастығын қамтамасыз ету жұмысымыздың бір бөлшегі», – дейді Абай аға.

Теміржолшы қауіпсіздігі – бірінші орында. Станцияда жұмыс істеу барысында техникалық қауіпсіздік ережелері мен еңбекті қорғау талаптарын қатаң сақтау – бұлжымас заң. Абай Жанабылұлы осы салада жұмыс істеген жылдары бірде-бір жазатайым оқиғаға жол берген емес. Бұған қоса, станцияға жаңа келген жастарға тәлімгерлік етіп, қауіпсіз әрі сапалы жұмыс істеуді үйретіп келеді.

«Жастар көп келеді. Біздің станцияда қазір қызметкерлердің 80 пайызы жас мамандар. Жалақы жақсы, жұмыс кестесі қолайлы. Сондықтан жастар бізге келіп, тұрақтап қалуға тырысады. Өзім оларға жұмысқа деген адалдық пен жауапкершілікті үйретуге тырысамын», – дейді ол.

Ұжымда төрт адамнан тұратын шағын, бірақ ұйымшыл команда жұмыс істейді. Әріптестер бір-біріне қолдау білдіріп, түсіністікпен қарайды. Мұндай ортада еңбек ету әрине, үлкен бақыт.

Абай Жанабылұлы үш баланың әкесі, немерелерінің сүйікті атасы. Ұлының бірі әкесінің ізін қуып, станцияда жұмыс істейді. Қызметімен қоса, отбасы тәрбиесіне де көңіл бөлуді ұмытпаған жан бүгінде ұрпақ тәрбиелеп отырған ардақты әке.

Станцияда қызмет еткен жылдары жақсы жұмыс нәтижелері үшін түрлі марапаттарға ие болған. Теміржолшылар күні қарсаңында, еңбек өтіліне қарай ақшалай сыйақылар мен құрмет көрсетіледі.

«Биылғы кәсіби мерекеммен барша әріптестерімді құттықтаймын. Зор денсаулық, отбасылық амандық, қажымас қайрат тілеймін. Бұл сала – оңай емес, бірақ елге қызмет етудің бір жолы. Сондықтан әрбір теміржолшы өз еңбегін мақтан етуі керек», – дейді ардагер маман.

Абай Байдалин – еңбек жолының өнегесімен дараланған, болашаққа бағыт берер ұстаз, қызметке адалдығы мен өмірлік ұстанымымен ерекшеленген азамат. Теміржолдағы әрбір қозғалыс, әрбір жүктің діттеген жеріне жетуі дәл осындай мамандардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *