«Мектепке жол» акциясы бастау алды

Қала әкімі барша кәсіпкерлерді белсенді болуға шақырды

Әлеуметтік осал санаттағы оқушыларға материалдық көмек көрсету жұмысы ұйымдастырылуда

2025 жылдың 1 тамызынан бастап Рудный қаласында дәстүрлі түрде өткізілетін республикалық «Мектепке жол» акциясы басталды. Шара жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін оқушыларға көмек көрсетуге бағытталған.

«Мектепке жол» акциясының негізгі мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға оқу құралдары мен қажетті заттармен қамтамасыз ету арқылы мектепке баруына жағдай жасау. Сонымен қатар, акция әлеуметтік себептермен балалардың мектепке бармай қалу фактілерінің алдын алуға бағытталған.

2024 жылы тамыз-қыркүйек айларында аталған акция аясында 24 273 000 теңге көлемінде қаражат жиналып, 2 229 балаға материалдық көмек көрсетілді. Шараға Рудный қаласындағы мемлекеттік мекемелер, ССКӨБ кәсіпорны, жеке кәсіпкерлер мен ерікті азаматтар белсенді қатысты.

Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко барлық меншік нысанындағы мекемелер мен ұйымдарды, сондай-ақ кәсіпкерлерді және қала тұрғындарын акцияға қатысуға шақырды.

«Білім бөлімі жанындағы «Баршаға білім беру» қоры барлық баланы қажетті көмекпен толық қамти алмайды. Сондықтан бұл бағытта қосымша қолдау қажет. Кәсіпкерлер тарапынан 50, 80 немесе 100 мың теңге көлемінде көмек көрсету мүмкіндігі бар», – деді әкім.

Ол өз тарапынан үш баланы қажетті заттармен қамтамасыз етуге міндеттеме алғанын, сондай-ақ әріптестері де бұл бастаманы қолдайтынын айтты.

Қалалық білім бөлімінің әдіскері Марина Дубовская қазіргі уақытта көмек қажет ететін 254 баланың тізімі жасақталғанын хабарлады. Бұл тізім оқу жылының басына дейін толықтырылып отырады.

«Акцияға жыл сайын түрлі ұйымдар мен кәсіпкерлер қатысады. Барлық ақпарат білім бөлімі сайтында және Instagram парақшасында жарияланған. Онда көмек көрсетуге қатысты байланыс нөмірлері мен мекенжай көрсетілген», – деді әдіскер.

«Мектепке жол» акциясы тамызбен ғана шектелмейді. Жылдың кез келген мезгілінде кәсіп иесі немесе ұйым әлеуметтік жауапкершілік танытып, өз мүмкіндігі шегінде үлес қоса алады. Материалдық көмек ретінде мектепке қажетті кеңсе тауарлары, сөмке, аяқ киім, киім-кешек немесе ақшалай қаражат қабылданады.

Әлеуметтік көмек көрсетуге ниетті азаматтар мен ұйымдар төмендегі байланыс деректері бойынша хабарласа алады: Қостанай облысы, Рудный қаласы, Ленин көшесі, 30-үй, 206 кабинет. Байланыс телефоны: 4-67-78.

 

Арай АХМЕТ,

сурет «РР» мұрағатынан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *