Қала әкімдігінде 2025 жылдың алғашқы алты айындағы жұмыс қорытындыланды
Рудный қаласы әкімі Виктор Ионенконың қатысуымен өткен жиында Шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, спорт пен қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Сала жетекшілері атқарылған жұмыстарды саралап, шешімін күткен түйткілдерді алға тартты. Ағымдағы ахуалды бағамдаған әкім нақты тапсырмалар беріп, қала тазалығы мен тұрғындар жауапкершілігін ерекше атап өтті. Қала тіршілігінің барлық бағытына шолу жасалған бұл басқосу алдағы межелерге жол ашты.

ЭКОНОМИКА – ДАМУ ДІҢГЕГІ
Алғашқы болып баяндама жасаған Рудный қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Зоя Жигунова 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында қала экономикасының оң көрсеткіштерге қол жеткізгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, өнеркәсіп, сауда, инвестиция сынды негізгі бағыттарда өсім байқалған.
«Жарты жылдың ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 450 млрд теңгеден асты. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 115 млрд теңгені құрады. Сауда айналымы 12,4%-ға өсті. Шағын және орта бизнесті қолдау бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда», – деді спикер.
Зоя Жигунова мемлекеттік бағдарламалар аясында 156 жаңа жұмыс орны ашылғанын, 8 инвестициялық жоба жүзеге асқанын атап өтті. Жаңа өндірістерге жол ашу – болашақ дамудың кепілі.
ЖЫЛУ ЖҮЙЕЛЕРІНЕ ЖАҢАРТУ ҚАЖЕТ
«Рудный жылу желілері» ЖШС директоры Олег Абылкаиров инженерлік инфрақұрылымның жаңартылуы мен күрделі жөндеулер барысы жайлы баяндады.
«2025 жылы жалпы ұзындығы 2,8 шақырымды құрайтын жылу желілерін жөндеу жоспарланған. Бүгінде соның 1,3 шақырымы аяқталып отыр. Әсіресе 40 лет Октябрь мен Космонавтов көшелеріндегі магистралды жүйелерге ерекше көңіл бөлінді», – деді ол.
«Рудный жылу желілері» ЖШС директоры апаттардың алдын алу үшін ескі құбырларды жаңарту қолға алынғанын атап өтті. Сондай-ақ жылу пункттерін автоматтандыру жұмыстары басталған.
«Қала тұрғындарының қыс мезгілінде жылусыз қалмауы– басты міндетіміз. Сондықтан жоспарлы жұмыстан бөлек, кезек күттірмейтін ақауларды жою тобы тәулік бойы жұмыс істейді», – деп сендірді Абылкаиров.
ЖОЛ ЖӨНДЕЛІП, ҚАЛАНЫҢ КЕЛБЕТІ ЖАҚСАРУДА
Қала жолдарының сапасы мен абаттандыру жайында Рудный қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Юрий Итемгенов баяндады.
«Биыл 22 көше жөнделіп, 46 аула абаттандырылуда. Оның ішінде 12 аулаға жарықтандыру орнатылып, 8 ойын алаңы жаңартылды. «Аулам – жайлы мекенім» бағдарламасы аясында тұрғындармен бірлесе жұмыс атқарылуда», – деді Итемгенов.
Сондай-ақ ол қала шетінде орналасқан Горняцкий кенті мен Перцевка ауылында жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, көгалдандыру, көшелерді суару және санитарлық тазалау – күн тәртібінен түспейтін міндет.
СПОРТ – ТЕК НӘТИЖЕ ЕМЕС, ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ
Рудный қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марс Шунгурбаев 2025 жылдың алғашқы жартысында өткен ірі спорттық іс-шараларды атап өтті.
«Қаламызда 100-ден астам спорттық іс-шара ұйымдастырылды. 4 мыңнан астам қала тұрғыны бұқаралық спортқа тартылды. Спорт мектептерінде 2600-ден астам бала тегін жаттығады», – деді ол.
Сонымен қатар биыл шағын футбол, күрес, жүзу және жеңіл атлетика бойынша қалалық деңгейде 11 жарыс өткізілген. ERG, Enactus және мемлекеттік қолдаумен ашылған жастар клубтарының үлесі артқан.
Осы тұста қала әкімі Виктор Ионенко спорт саласындағы жағдайға қатысты өз наразылығын ашық білдірді. Ол барлық мүмкіндік пен жағдай бар екенін ескере отырып, нәтиженің жоқтығын қатаң сынға алды.
Әкім күрес, тхэквондо, каратэ сияқты үйірмелерге де жыл сайын мол қаражат бөлінетінін айтып, алайда нәтиженің мардымсыз екенін атап өтті.
Сөз соңында Виктор Ионенко спорт бөлімінің басшысына нақты тапсырмалар жүктеді: жаттықтырушылардың толық тізімін жасап, әрқайсысының жұмысына талдау жүргізу. Нәтиже болмаса, 1 қаңтардан бастап барлық секциялар жабылып, тексеріспен қайта ашылатынын ескертті.
Сондай-ақ ол спортшылар үшін барлық жағдайдың бар екенін нақтылады. Жаттығу залы, құрал-жабдық, тамақтану, демалатын орын – бәрі қарастырылған.
«Егер барлық мүмкіндік жасалса, онда нәтиженің жоқтығы тек салғырттық пен немқұрайлылықтың көрінісі», – деді ол.
ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ
Жазғы маусым басталғалы төтенше жағдайлар санының артуы алаңдатпай қоймайды. Терезеден құлаған балалар, суға кеткен ересектер, өрт салдарынан зардап шеккендер – саны күн санап артуда. Осыған байланысты жиын соңында ТЖБ бастығы Азамат Ағатай қала тұрғындарының қауіпсіздігі жайында есеп берді. Ол жазғы кезеңде суға шомылу, өрттің алдын алу және балалар қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше тоқталды.
«Биылғы жылдың басынан бері қалада 6 бала терезеден құлады, өкінішке қарай, бір жағдай өліммен аяқталды. Былтыр осы кезеңде 3 дерек тіркелген. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін БАҚ-та арнайы бейнероликтер, радиохабарлар, мақалалар мен парақшалар арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 300-ге жуық парақша таратылып, әлеуметтік осал санаттағы 4 отбасының үйіне терезе шектеуіштері орнатылды», – деді басқарма басшысы.
Терезеден құлаған сәбилер, ата-ананың немқұрайлығы… Қала әкімі Виктор Ионенко бұл мәселені жай ғана атап өтпей, қатқыл да ашық пікір білдірді.
«Баланың өмірінен қымбат не бар?! Терезеге тор орнату қиын емес, бағасы 900 теңге ғана. Бұл салғырттықтың салдары. Сондықтан жұмыс тобы құрылып, 0–7 жастағы балалар бар отбасыларға барып түсіндіру жүргіземіз. Қауіпсіздік торының үлгісін көрсетіп, қайдан алуға болатынын айтамыз. Шамамен 138 мың теңге кетеді, бұл балалардың өмірі үшін түк емес. Бәрін бір аптада аяқтау керек», – деді ол.
Әрі қарай ТЖБ бастығы Азамат Ағатай жағажай мәселелерімен қатар өрт қауіпсіздігі бойынша да статистикаға тоқталды.
«14 маусым күні МЖК жағажайында бір азамат суға батып кетті. Ол ішімдік ішіп, шектеу белгілерінен асып кеткен. Бұл биылғы жылдың алғашқы ресми оқиғасы. Жыл басынан бері суға шомылу ережесін бұзған 15 адамға әкімшілік хаттама толтырылды. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында күнделікті рейдтер мен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған қарамасан жуырда тағы 16 жасар бала суға батып кету жағдай орын алды», – деді Азамат Ағатай.
«Биыл қала аумағында 44 өрт оқиғасы тіркеліп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,9 пайызға көп. Дегенмен адам өлімі болған жоқ. 20 адам құтқарылып, 39 тұлға әкімшілік жауапқа тартылды. Жалпы сомасы 747 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Саяжай аумағында өрт қауіпсіздігін сақтау үшін 80-ге жуық рейд жүргізілді», – деп түйіндеді ол.
«Жағажайда тәртіп сақтау – полицияның міндеті, алайда жұмыс әлсіз. Демалушылар шезлонгтарды сындырып, ішімдік ішіп, бейәдеп сөз айтады. Мұндайға жол берілмеуі тиіс! Жұма күнінен бастап дүйсенбіге дейін рейдтер жүргізіліп, бақылау күшейтілуі керек. Жақында Тобыл өзенінде 2008 жылы туған жасөспірім суға батып кетті. Осы қайғылы жағдайлар профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, құтқару қызметінің дайындығын арттыру қажет екенін көрсетіп отыр», – деп нақтылады қала әкімі Виктор Ионенко
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суреттерді түсірген Айбар БЕРІК