«Бірлігіміз – берекеміз»

Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері рудныйлықтармен кездесті

Әлемдік геосаяси жағдайдың күрделенген кезеңінде, сыртқы оқиғалар ел ішіндегі тұрақтылыққа әсер етіп отырған шақта этносаралық келісім мәселелері ерекше маңызға ие болып отыр. Қазақстан бұл бағытқа әрдайым басымдық беріп келеді, ал бірлікті нығайту жұмыстары мемлекеттік саясаттан бастап, қоғамдық институттардың қызметіне дейін барлық деңгейде жүргізілуде.

Қостанай облысына, соның ішінде Рудный қаласына да Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің делегациясы іссапармен келіп, өңір тұрғындарымен кездесулер өткізді. Халықтың пікірін тыңдап, этномедиация институтының жұмысымен жан-жақты танысты. Бұл шаралар ҚХА-ның 30 жылдығына арналған іс-шаралар аясында ұйымдастырылды.

Жиынға қалалық ақсақалдар және ардагерлер кеңесінің мүшелері, мемлекеттік қызметшілер, білім беру, әлеуметтік қорғау мекемелерінің басшылары, Полиция басқармасының өкілдері қатысты.

«Қазіргі таңда этносаралық ахуал ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Баршамыз көрші елде болып жатқан жағдайларды білеміз. Соның әсерінен қоғамдағы тұрақтылықты шайқалтуды, соңғы 30 жыл бойы бірге қалыптастырған бейбітшілік пен келісімімізді бұзуды көздейтін түрлі арандатушылар пайда болды. Бұл – біздің ең үлкен жетістігіміз әрі мақтан тұтар құндылығымыз. Қазақстанда бүгінде 130-дан астам этнос өкілдері өзара сыйластықта, тату өмір сүріп келеді. Елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуын жалғастыру үшін бірлік пен келісімді нығайтуымыз қажет. Онсыз алға ілгерілеу мүмкін емес. Халық арасында жиі айтылатын бір ой бар: жол да, мектеп те салуға болады, бірақ егер қоғам ішінде этностар арасында алауыздық пен шиеленіс туындаса, барлық табыстар жоққа шығарылуы ықтимал. Мұндай қақтығыстар мемлекеттің тұрақты дамуына кедергі келтіретін түйткілге айналады», – деді ҚХА хатшылығы секторының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілі Қайрат Баймульдинов.

Биыл этносаралық сипаттағы оқиғаларға алты айлық талдау жүргізілді. Нәтижесінде 400-ден астам жағдай ақпараттық кеңістікте орын алғаны анықталды: әлеуметтік желілерде, WhatsApp топтарында, TikTok, Facebook және басқа да платформаларда. Қазіргі заманда әркімнің қолында смартфон, интернетке қолжетімділік бар, сондықтан біз үнемі цифрлық технологиялар арқылы өзара әрекеттесеміз.


200-ге жуық жағдай бойынша тергеулер жүргізіліп, қылмыстық және әкімшілік істер қозғалды. Ақпараттық салада заң бұзғандар шынайы жазаға тартылды: кейбірі түрме жазасын алды, кейбірі сот процесінде, өзгелеріне айыппұл салынды немесе 20 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды.
Ешбір оқиға немесе арандатушылық назардан тыс қалмайды. Әрбір іс бойынша құқықтық баға беріледі. Бас прокуратура, жергілікті прокуратура органдары, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік органдары әрбір жағдайды қарастырады. Филологиялық сараптама жасалып, егер құқық бұзушылық құрамы анықталса, тиісті шаралар қолданылады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде мұндай жағдайларды реттейтін екі бап бар: 174-бап – «ұлтаралық араздықты қоздыру», 180-бап – «сепаратистік қызмет» бойынша жауапкершілікті көздейді.

Қайрат Баймульдинов қоғамда белгілі бір уақыттарда резонанс тудырған бірнеше мысалды да келтірді.

«Бақытымызға орай, Лисаков пен Рудный қалаларында мұндай фактілер тіркелген жоқ. Алайда ақпараттық кеңістікте арандатушылық оқиғалар орын алған — барлық дерек бойынша қажетті шаралар қабылданып, кінәлілер жауапқа тартылды. Әрбір айтылған сөзге аса сақтықпен қарау маңызды, себебі Қазақстанда этносаралық ірі жанжастар жоқ болса да, түрлі ұлт өкілдерінің қатысуымен оқиғалар уақыт-сайын орын алып тұрады», – деді ол.

Мұндай оқиғалар жылдам үлкен мәселеге айналуы мүмкін екеніне ерекше назар аудару керек. Қақтығысқа тартылған екі этнос өкілдері өз жақтастарын лезде жұмылдырып, кейде адамдар жергілікті билік пен құқық қорғау органдарынан да жылдам жетіп үлгеретін жағдайлар кездескен.Қазақстан халқы Ассамблеясының этномедиация жөніндегі республикалық кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов қақтығыстарды сотқа дейін шешу процесіне тоқталды.

«ҚХА этномедиация бойынша үш негізгі бағытта жұмыс істейді: қақтығыстардың алдын алу, оларды тікелей реттеу және жанжалдан кейінгі кезеңде қалпына келтіру медиациясын жүргізу. Соңғы кезеңнің мақсаты – келіспеушіліктің себептерін анықтау, реніштерді жою және адамдар арасындағы жоғалған қарым-қатынасты қайта қалпына келтіру. Бұл қызмет аясында әртүрлі мерзімдегі курстар арқылы этномедиаторларды даярлау, сондай-ақ халықтың түрлі топтары, қоғамдық пікір көшбасшылары және этномәдени бірлестіктермен фокус-топтық кездесулер өткізу қарастырылған. Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – сіздердің пікірлеріңізді есту, назар аударуды қажет ететін мәселелерді анықтау және шешілмей қалған сұрақтарды талқылау», – деді Шерзод Пулатов.

Айта кету керек, құқық қорғау органдары мен әкімдіктер қазіргі жағдайды білгенімен, кейбір жайттар назардан тыс қалып жатуы немесе жеткілікті деңгейде пысықталмауы мүмкін. Сондықтан мұндай кездесулер осындай тұстарды анықтап, назар аударуға мүмкіндік береді. Қазақтың «Жасырған дерт – ажалға себеп» деген мақалы бар. Мәселені жасыруға болмайды, оларды шешу қажет. Бұл қоғамдағы шиеленісті төмендетіп, қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарына негізделген. Бұл дегеніміз – Ассамблея хатшылығы мен Президент Әкімшілігі өкілдерінің аймақтарға шығу кездесулерін ұйымдастыруы. Мұндай жұмыс әр өңірдің ерекшелігін ескеріп, сол аймаққа бейімделген іс-шараларды жүргізуге мүмкіндік береді. Сіздердің ұсыныстарыңыз негізінде біз жобалар мен іс-шараларды түзетіп, қоғамдағы бірлік пен үйлесімділікті күшейте аламыз.

30 жыл бойы біз достық пен келісімде өмір сүріп келеміз. Осы уақыт ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық этностық топтарды біртұтас халыққа біріктіре алды. Бүгінде әрқайсымыз өзімізді бір бүтіннің бөлшегі ретінде сезінеміз, бұл – зор жетістік.
Біздің міндетіміз – осы құндылықты нығайтып, сақтап, оны жас ұрпаққа жеткізу. Ол үшін қандай қадамдар жасау керектігін, қандай тетіктерді қолдану қажеттігін ойлануымыз керек.
Рудный тұрғындары да ҚХА өкілдерімен диалогқа белсенді түрде қосылды.

«Рудный – сан алуан ұлт пен ұлыс өкілдері бейбіт өмір сүріп жатқан Қазақстанның шағын аралы десек болады. Өзара сыйластық пен түсіністіктің арқасында қоғамға сызат түсірер қақтығыстардан аман өттік. Бұл – қаланың іргетасын қалаған жандардың да, бүгінде оның достық пен тұрақтылыққа негізделген ахуалын сақтап келе жатқан тұрғындардың да еңбегі. Қуантатыны – Рудныйда қоғамға қауіп төндіретін ауқымды жанжалдар жоқ. Біз ел мен халық алдындағы жауапкершілігімізді жете сезінеміз, ал басты ұстанымымыз – бейбіт өмір, тыныштық және тұрғындардың амандығы», – деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов.

«Кеңес Одағы жоқ болса да, оның басты идеясы – халықтар достығы әлі де өзекті болуы тиіс. Ол заманда ешкімді ұлтына қарай бөлген жоқ, біз араласып, достасып, бір-бірімізді қолдадық. Осы құндылықты келер ұрпаққа жеткізіп, бейбітшілік пен келісімді сақтауымыз қажет», – деді білім саласының ардагері Камандар Ахмедов.

«Әсіресе көпұлтты ортада ең бастысы – қақтығыстардың алдын алу. Жағдайды шиеленіске жеткізбеу керек, өйткені ол уақыт өте келе үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Егер туындаған сұрақтарға дер кезінде көңіл бөлінсе, оларды бастапқы кезеңде-ақ шешуге болады. Біздің қалада бұл жұмыс дұрыс жолға қойылған. Ардагерлер кеңесі мен өзге де қоғамдық ұйымдар мүмкін қақтығыстардың алдын алуға уақытын да, күшін де табады. Дәл осы себепті Рудный тыныш та бейбіт қала болып қала беруде. Мен бұдан кейін де солай болатынына сенімдімін», – деді «ССКӨБ» АҚ ардагері Геннадий Глейзер.

Кездесу соңында ҚХА хатшылығы секторының меңгерушісі Қайрат Баймульдинов қатысушыларға өз ұжымдарында, туған-туыстары мен жақындары арасында әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістіктегі әрекеттер үшін жауапкершілікті түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде кеңес білдірді.

Этносаралық татулық – кез келген мемлекеттің дамуындағы ең басты шарт. Рудныйда өткен бұл кездесу қоғамның әрбір мүшесі бейбітшілік пен келісімді сақтауда жауапты екенін тағы бір мәрте көрсетті. Тұрғындар мен Ассамблея өкілдерінің ашық диалогы – өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, шешудің тиімді тетігі. Біздің елде 130-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқанын ескерсек, бірлік пен сыйластықты сақтау – баршамыздың ортақ парызымыз.
Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамалары мен этномедиация институтының жұмысы осы құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Бұл – болашақ ұрпаққа татулық пен тұрақтылықты аманат етудің сенімді жолы.

Арай АХМЕТ,

Суретті түсірген Сұлтан Сертаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *