Рудный қаласында өткен баспасөз туры барысында «Рудный су арнасы» ЖШС биыл жүзеге асырылып жатқан инвестициялық бағдарламасының алғашқы нәтижелерін таныстырды.
Кәсіпорынның мәліметінше, 2025 жылға арналған бағдарламаға жалпы 2 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның басым бөлігі – су құбыры мен кәріз желілерін жаңартуға, сорғылар мен сүзгі станцияларын жөндеуге, жаңа техника сатып алуға бағытталды.
Негізгі жұмыстар
-
Қалада ұзындығы 9,7 шақырым су құбыры жөнделді;
-
Екі сүзгі блогы мен тұндырғыштар жаңғыртылды;
-
Арнайы 6 бірлік техника сатып алынды;
-
Кәріз желілерінің 2,2 шақырымы ауыстырылды.
Журналистер кәріздік тазарту ғимаратындағы жаңа радиалды тұндырғыштың жұмысымен танысып, сүзгі станциясындағы жаңартылған сорғыны көрді.
Тиімділік
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, атқарылған жұмыстардың арқасында:
-
электр энергиясы аз жұмсалуда;
-
су құбырларының тозуы төмендеді;
-
апаттар саны өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға азайды.