Бүгін Рудный тарихи-өлкетану музейінде мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы «Жүрек жылуымен әлемді көр» атты ХХ қалалық халық шығармашылығы фестивалі аясындағы көрменің қорытындысы өтті. Биылғы жылы байқауға 107 қатысушы өз еңбектерін ұсынды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар ерекше жандардың шығармашылық әлеуетін арттырып, қоғамға бейімделуіне және өз қабілеттерін көрсетуіне мүмкіндік береді.
Көрмеде бисерден, сіріңкеден, металдан, картон мен гипстен жасалған түрлі бұйымдар, қуыршақтар, ағаш пен гүл композициялары, киім үлгілері, кілемдер және басқа да қолөнер туындылары қойылған.



Көрме қазан айының соңына дейін жалғасады. Барша қала тұрғындары мен қонақтары музейге келіп, ерекше жандардың еңбектерінен қуат пен шабыт ала алады.
Фестивальдің ұйымдастырушылары — қалалық мәдениет бөлімі мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі барлық қатысушылар мен қолдаушыларға алғыстарын білдірді. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Ертең, 10 қазан күні, фестивальдің гала-концерті «Горняк» залында өтеді.