Жеңіл ақша – ауыр жаза

Дроппер жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Соңғы жылдары Қазақстанда кибералаяқтық түрлері күрт көбейді. Қазір алаяқтар интернет пен телекоммуникациялық желілерді, мессенджерлер мен тіпті жасанды интеллект технологияларын белсенді пайдаланады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне алаяқ пен жәбірленуші арасындағы делдалмен күресуге бағытталған жаңа бап енгізілді.

Бұл туралы Рудный қалалық прокуратурасының аға прокуроры Мирас Сарсенбаев кеңінен айтып берді.

«Бұрын қылмыскерлер адамдармен бетпе-бет әрекет ететін, сондықтан оларды тану да, ұстау да жеңілірек еді. Ал ендібәрі алыстан, интернет пен байланыс құралдары арқылы жасалады. Мұндай қылмыстардың ашылуы неге қиын? Себебі олардың көбі шетелде отырған халықаралық топтардың ісі. Телефон алаяқтары қоңырауларын сим-бокстар арқылы шалып, өздерінің нақты орналасқан жерін жасырады. Көп жағдайда олар Ресей, Украина және өзге елдерден әрекет етеді. Егер сізге бейтаныс нөмірден, әсіресе Ресей не Украина кодымен қоңырау түссе, бұл дерлік (99 пайыз жағдайда) алаяқтардың айласы деп біліңіз», – дейді Мирас Сарсенбаев.

Оның айтуынша, алаяқтар қазір қазақстандық нөмірлерді де қолдан жасап, сол арқылы халықты алдап жүр. Тіпті кейде 1414 нөмірінен келген секілді етіп хабарлама жібереді. Сондықтан ондай жағдайда да барынша сақ болу керек.

Прокуратура интернет-алаяқтыққа қатысты істер бойынша заңдылықтың сақталуын қадағалайды және қылмыстық іс жүргізу барысында қатысушылардың құқықтарын қорғайды.

Жәбірленуші Қылмыстық-процестік кодекс бойынша ішкі істер органдарына, прокуратураға немесе полицияға арыз түсіруге және өз мүддесін қорғауға құқылы.

Интернеталаяқтар қандай тәсілдерді жиі қолданады?

– Ең көп тараған тәсілдердің бірі – фишинг. Бұл әдісте адамдар жалған сілтемеге өтіп, өздерінің жеке деректерін енгізеді де, ақырында ақшасынан айырылады. Бұдан бөлек, телефон арқылы алдау, әлеуметтік желілер мен онлайн сауда алаңдарындағы («Kaspi», «Wildberries», «OLX» сияқты) жалған хабарландырулар да жиі ұшырасады. Сол себепті интернет арқылы сауда жасарда сатушының сенімділігін, пікірлер мен бағаларын мұқият қарап алған жөн.

Енді дропперлерге қатысты Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер жайлы айтып өтсеңіз.

– 2024 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қылмыстық кодекске 232-1-бап енгізілді. Бұл бап дропперлікпен күреске бағытталған. Дропперлік – бұл банктік шоттар, төлем карталары немесе жеке мәліметтерге заңсыз жолмен қол жеткізу, оларды үшінші тұлғаларға беру, сату немесе заңсыз қаржылық аударымдар жасауға байланысты әрекеттер.

Қылмыстың ауырлығына қарай жаза айыппұлдан бастап жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеуге дейін қарастырылған.

Дроппер – бұл алаяқ пен жәбірленушінің арасындағы делдал. Мысалы, егер біреу сізден банк картасын ашып, оның деректерін, ПИН-кодын беруді сұраса, ал кейін бұл карта арқылы заңсыз операциялар жасалса, сіз қылмысқа қатысушы болып есептелесіз. Тіпті материалдық пайда алмасаңыз да, бұл әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.

Кейде дропперлер – жәбірленушіден ақша алып, оны алаяқтарға өткізетін адамдар. Яғни олар интернет-алаяқтық схемасының негізгі буыны болып табылады, сондықтан заң алдында қатаң жауап береді.

Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлімі, 4-тармағы бойынша (интернет-алаяқтық) дропперлерге өз шоттары арқылы ақша аударылған тұлғалар да жатады. Егер адам аударымдар туралы білмесе де, жауапкершілік аударылған соманың көлеміне байланысты анықталады: сома неғұрлым ірі болса, жаза соғұрлым қатаң.

Жасөспірімдер де жиі алданады дейді. Бұған мысал бар ма?

– Иә, мұндай жағдайлар жиілеп барады. Мәселен, бір қыз Telegram және Instagram арқылы сим-карталар сатып алып, оларды өз атына тіркеп, WhatsApp аккаунттарын ашып, кейін ақылы түрде сатқан. Осы арқылы 65 мың теңге тапқан, бірақ кейін ол қылмыстық іске тартылды, өйткені сол аккаунттар алаяқтық мақсатта пайдаланылған.

Ата-аналар бұған ерекше мән беруі керек. Балаларыңызға «жеңіл табыс» туралы ұсыныстардың арты қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін түсіндіріңіз.

– Алаяқтардан қорғану үшін қандай сақтық шараларын қолдануға болады?

– Біз мынадай қадамдарды ұсынамыз:

  • egov.kz порталында «Стоп-банкинг» функциясын қосыңыз. Бұл қызмет сіздің атыңызға несие рәсімдеуге тыйым салады. Ол алты айға жарамды және қажет болса ұзартуға болады.
  • SMS арқылы келген кодтарды ешкімге айтпаңыз – ол банктерге, дүкендерге немесе таныстарға қатысты болса да.
  • Телефонға күмәнді қосымшалар (мысалы, AnyDesk) орнатпаңыз. Олар арқылы қылмыскерлер құрылғыңызға және мобильді банкингіңізге кіре алады.
  • WhatsApp пен Telegram-да екі сатылы аутентификацияны қосыңыз. Бұл қосымша қорғаныс қабатын береді.

– Алаяқтар тіпті онлайн ойындар арқылы балалармен байланыс орнатады дейді…

– Иә, ондай жағдайлар да кездеседі. Қазір кибералаяқтар балаларды ойындардағы чаттар арқылы алдап, олардың сеніміне кіріп, жеке мәліметтерін не ақшасын иемденуге тырысады. Рудный қаласында әзірге мұндай жағдай тіркелмегенімен, басқа өңірлерде кездескен. Сол себепті ата-аналар балаларының қандай ойын ойнап, кіммен сөйлесіп жүргенін қадағалағаны дұрыс. Кейбір алаяқтар жасөспірімдерді «Сен кәмелетке толмағансың, саған ештеңе болмайды» деп алдап, қате түсінік қалыптастырады. Алайда бұл өтірік, Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады.

Сол себепті колледж студенттері мен 9–11 сынып оқушылары да заң алдында жауап береді. Ал кәмелетке толмағандар үшін жауапкершілік ата-анасына немесе заңды өкіліне жүктеледі. Сондықтан балалармен үнемі профилактикалық әңгіме жүргізіп, олардың әр ісінің салдары бар екенін түсіндіру керек.

– Киберқылмыстарды тергеуде қандай қиындықтар туындайды?

– Қазір алаяқтар жасанды интеллект пен арнайы құрылғыларды – мысалы, сим-бокстарды қолданады. Олар арқылы нөмірлерді жасырып, нақты қай жерден қоңырау соғылғанын анықтауды қиындатады. Қазір елімізде антифрод-орталық жұмыс істейді. Ол күмәнді нөмірлер мен қоңырауларды алдын ала бұғаттауға көмектеседі. Бұл орталықтың жұмысы болашақта киберқылмыстарды едәуір азайтуға мүмкіндік береді деп сенемін. 30 қыркүйектен бастап банктерде «салқындату кезеңі» деп аталатын жаңа ереже күшіне енді. Енді несие бірден берілмейді. Өтінім берілгеннен кейін 8–24 сағат өткен соң ғана рәсімделеді. Бұл ереже азаматтарды алаяқтардың қысымымен немесе асығыс шешім қабылдап несие алудан қорғауға бағытталған.

Белгісіз адамдармен сөйлеспеңіздер, кім болып таныстырса да – министр ме, прокурор ма, банк қызметкері ме – бәрібір.SMS арқылы келген кодтарды ешкімге айтпаңыз. Телефоныңызды, телефон нөміріңізді, банк картаңыз бен шот деректеріңізді немесе жаңа SIM-картаны ешкімге бермеңіз. Қандай табыс уәде етсе де, бұл – қылмыстық схема болуы мүмкін. Саналы болайық, сақ болайық!, – деп рудныйлықтарды ескертумен сөзін түйіндеді Мирас Сарсенбаев.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *