Қоғамдық бастама қолдау тапты

Сау өмірдің басты кепілі – тазалық

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өткізілген сенбілікте спорт ұйымдары мен қоғам өкілдерінің бірлесе жұмыс істеді. Қала әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімі қызметкерлерінен, «Рудный-2017» спорт клубының мүшелерінен құралған команда өз күшін шаңғы жолдарын абаттандыруға бағыттады.

Мақсат – қала тұрғындары мен спортшыларға алдағы қыс мезгілінде жаттығу жасауға қолайлы жағдай жасау. Бұған дейін сенбілік қатысушылары №1 және №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілерімен бірге Қашар көшесінен Мир көшесіне дейінгі қоғамдық аумақтарды ретке келтірген болатын.

«Бүгін біз шаңғы жолдарын тазалап, қысқы маусымға дайындауды мақсат еттік. Бұл рудныйлықтар мен спортшыларға қыс кезінде таза әрі реттелген жағдайда жаттығу жасауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марс Шұңғырбаев.

Шараға шамамен 20-25 адам қатысты, әсіресе спорт ардагерлерінің белсенді үлесі ерекше атап өтілді. Бұл тәжірибелі спортшылар, зейнеткерлік жасқа жеткен соң да, жыл мезгілдеріне қарамастан, шаңғы жолдарын күтіп-баптауға өз үлестерін аямастан қосып келеді, осылайша қоғамдық аумаққа жауапкершілікпен қараудың үлгісін көрсетуде.

Шаңғы спорты ардагері Владимир Кандратьев бала кезінде түрлі спорт түрлерімен айналысқан: жеңіл атлетика, баскетбол, волейбол. Ал әскерден кейін тек шаңғы спортына ден қойған.

«Шаңғы спортымен 1971 жылдан бері айналысып келемін. Сол кезден бастап бұл іс өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Қазір де осы спорт түрін үзбей жалғастырып жүрмін. Өмірімнің көп бөлігі өндірісте, ССКӨБ кәсіпорнында өтті. Уақытында облыстық, клубтық және республикалық жарыстарға қатыстым. Біз жыл сайын көктем мен күз мезгілдерінде осы аумақта сенбілік өткіземіз. Шаңғы жолдарын тазалап, айналаны қоқыстан арылтамыз, қыс кезінде шаңғы тебуге кедергі болатын әйнек, темір банка, тастар секілді заттар қалмасын деп. Жаз айларында бұл жердің табиғаты ерекше көркем. Адамдар жиі келіп, от жағып, демалады. Бірақ өкінішке қарай, көбіне қоқысын жинамай кетеді. Кейбірі тастарды мангалға пайдаланып, кейін сол қалдықтарды сол күйі қалдырып кетеді. Ал біз кейін бөтелке мен тұрмыстық қалдықтарды жинауға мәжбүр боламыз. Егер қоқыс жәшіктері тек жағажайда емес, осы жерде де қойылса, жағдай әлдеқайда жақсарар еді.Жыл сайын біз бұл істі бірлесе атқарамыз. Ардагерлермен бірге жастарды да  жұмылдырып, оларды табиғатты аялауға, тазалық сақтауға баулимыз. Себебі бұл істі тек өзіміз үшін емес, қаламыздың игілігі үшін жасаймыз. Балалардың шаңғы спортына қызығып, дамуына, тұрғындардың қыс айларында таза жерде демалуына жағдай жасаймыз. Бұрын бұл трассада негізінен балалар мен біз ғана шаңғы тебуші едік. Ал соңғы жылдары жақсы дайындалған жол пайда болған соң, келушілердің қатары көбейді. Солар үшін де бар күшімізді жұмсаймыз», – дейді Владимир Федорович.

«Демалуға келгенде қоқыс қалдырмаңыздар, бәрін өздеріңізбен бірге жинап кетіңіздер. Сонымен қатар, қала үшін шаңғы трассасын ресми түрде тіркеп берсе, жақсы болар еді. Рудный қаласын әлемге Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Иван Иванович Гаранин танытқан! Ал қазіргі жаттығу жағдайлары толық қанағаттанарлық емес. Егер ресми тіркелген шаңғы базасы болса, жаттығуға арналған жағдай жақсарып, балалар спортпен көбірек айналысар еді. Қазір балалар жаттығып, терлеп-шашып «Амидке» асығып барады», – деп өз уайымымен бөлісті Владимир Кондратьев.

Бұл тақырып бірнеше рет талқыланғанымен, шаңғы базасын абаттандыру мәселесі әлі де шешімін тапқан жоқ.

Сенбілікке оралсақ, қоқыстың мөлшерін азайту үшін шаңғы трассасына кіру жолы жабылды. Бұл жұмыстарға «Рахат-2018» ЖШС қолдау көрсетті.

Ұйымдастырушылар барлық еріктілерге бастамалары үшін шын жүректен алғысын білдіріп, рудныйлықтарды қала тазалығына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сондай-ақ сенбіліктер мен экологиялық акцияларға қатысуға үндеу жасалды.

Сенбілік қатысушылары коммуналдық қызметкерлермен бірлесе отырып, қоқысты жинап,  шығару жұмыстарын ұйымдастырды.

Спорт қауымдастығы мен қала тұрғындарының бірлескен күш-жігері барлық қала тұрғындары үшін ыңғайлы әрі абаттандырылған ортаны қалыптастыруға үлес қосты. Алайда, өкінішке қарай, Рудный тұрғындарының бәрі тазалық пен тәртіпке бірдей жауапкершілікпен қарамайды.

«Қала тұрғындары қоғамдық аумақтарға немқұрайлы қарайды. Шаңғы трассасының маңында қайтадан көп қоқыс жиналғанын байқадық. Мен түсінемін, адамдар демалуға келеді. Дегенмен, арттарыңызда қоқыс қалдырмай, өз қалдықтарыңызды жинап кетулеріңізді сұраймын», – деп қала тұрғындарына спорт бөлімінің  басшысы Марс Шұңғырбаев үн қатты.

Әр тасталған темекі қалдығы мен ұмытылған бөтелке – қаланың тазалығына нұқсан келтіреді. Сондықтан әркім өзінен бастап, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарауы маңызды. Тазалық денсаулық пен жайлылықтың да кепілі екенін есте ұстаған жөн.

 

Арай АХМЕТ,

суреттерді түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *