Қалай жауапты жастарды тәрбиелеуге болады?
Рудныйда жастар ресурстық орталығында «Заң мен тәртіп» атты жастар форумы өтті. Шараны қалалық ішкі саясат бөлімі мен Қостанай облысының Тұтынушылар құқығын қорғау одағы бірлесіп ұйымдастырды.
Басқосудың мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заңға деген құрмет пен жауапкершілік сезімін арттыру. Форумда қатысушылар ашық пікір алмасып, құқық бұзушылықтың алдын алу, патриоттық тәрбие және жастардың қоғамдағы рөлі туралы ой бөлісті.
Форум ашық пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар құқық бұзушылықтың алдын алу, патриоттық тәрбие, жеке қауіпсіздік пен жастардың қоғамдағы тәртіп пен заңдылықты сақтаудағы рөлі туралы өз ойларын ортаға салды.
– Форум Рудный қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – тұрғындарға мемлекеттік саясаттың басты бағыттары мен бағдарламаларын түсіндіру, сондай-ақ Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауының мазмұнын кеңінен жеткізу, – деді шара ұйымдастырушысы, Қостанай облыстық Тұтынушылар құқығын қорғау одағының төрайымы Ольга Березуцкая.
Ольга Березуцкая форумға қатысушыларға баршаға ашық бір жобаны таныстырды. Қазір қоғамда өзекті болып отырған алаяқтықтың алдын алу тақырыбында бейнероликтер байқауы жарияланған. Шарттары қарапайым: бейнеролик бір минуттан аспауы, мазмұны мен көрінісі арқылы тақырыпты қызықты әрі түсінікті жеткізуі керек. Ең үздік жұмыстардың авторлары бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Жастар ресурстық орталығының заңгері Медеу Темірхановтың айтуынша, құқықтық мәдениет – тек заңды білу емес, оған құрметпен қарап, адалдық пен әділдікті күнделікті өмірде ұстану. Ол жастарға өз құқықтарын білумен қатар, заңды сақтау – азаматтық жауапкершілік пен сананың көрінісі екенін түсіну маңызды екенін атап өтті.
Талқылау барысында қазіргі цифрлық дәуірде кез келген құқық бұзушылық көпшілікке тез мәлім болатыны айтылды. Бүгінде медиа мен технологиялар әр адамның әрекеті үшін жауапты болуын талап етеді.
Форумда ерекше назар аударылған бастамалардың бірі – «Таза Қазақстан» жобасы болды. Медеу Темірхановтың айтуынша, тазалық тек экологиялық емес, құқықтық мәнге де ие. «Тәртіп пен тазалық – қорқыныштан емес, адамның ішкі сенімінен туындауы тиіс», – деді ол.
Келесі сөз кезегін саяси ғылымдар кандидаты, РИУ инженерлік және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Радик Тәжібаев алды. Ол тұрақты мемлекеттің негізі – Конституцияны қатаң сақтау және биліктің үш тармағының өзара тең әрі әділ жұмыс істеуінде екенін атап өтті.
Спикердің айтуынша, тежеу мен тепе-теңдік жүйесі – заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің арасындағы үйлесімділікті сақтап, қоғам мүддесін қорғауға мүмкіндік беретін маңызды тетік. Бұл жүйе билік құрылымдарының шешімдері азаматтардың игілігіне бағытталуын қамтамасыз етеді.
Форумда жастар тәрбиесі мен білім беру тақырыбына да ерекше мән берілді. Радик Тәжібаевтың айтуынша, білім беру тек оқытумен шектелмейді – ол адамгершілік, адалдық, антикоррупциялық және патриоттық тәрбие берудің де маңызды бөлігі. «Этикалық және рухани құндылықтарсыз жоғары білімнің өзі жауапкершілік пен заңға құрмет сезімін қалыптастыра алмайды», – деді ол.
Сондай-ақ спикер қазіргі заманда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің мүмкіндіктері кеңейгенімен, олар адам тәрбиесін алмастыра алмайтынын айтты. Нағыз тұлға қалыптастыру – ұстаздың сөзі мен тәлімгердің үлгісінен басталады.
Форум барысында жастардың қаржы пирамидаларына, «дропперлікке» және басқа да интернет арқылы жасалатын құқықбұзушылықтарға тартылуы туралы да сөз болды. Мұндай әрекеттер – саналы ой мен жауапкершіліктің төмендігін көрсетеді және ауыр заңдық салдарға әкелуі мүмкін. Бұл жастар арасында құқықтық мәдениет пен заңға құрметті қалыптастырудың қаншалықты маңызды екенін айқындайды.
Радик Тәжібаевтың айтуынша, жастар – қоғамның бет-бейнесін, мінез-құлқын және қоғамдық пікірін қалыптастыратын негізгі күш. «Жауапты әрі тәртіпті ұрпақ заңды сақтап қана қоймай, елдің дамуына өз үлесін қосып, мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіз болашағын қамтамасыз етеді», – деді ол.
Форум барысында ең көп сұрақ қойылған спикерлердің бірі – қалалық қорғаныс істері басқармасының өкілі, шақыру және әскерге дейінгі жұмыстар жөніндегі нұсқаушы Денис Денисов. Ол әскерге шақыру тәртібі, қызмет мерзімі және Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген азаматтардың қорғаныс міндеттері туралы жан-жақты түсіндірді.
Спикердің айтуынша, әскерге шақыру жылына екі рет өтеді: көктемгі науқан – наурыздан маусымға дейін, ал күзгі – қыркүйектен желтоқсанға дейін. 18 бен 27 жас аралығындағы, кейінге қалдыру құқығы жоқ азаматтар әскери борышын өтеуге шақырылады. Қызмет мерзімі – бір жыл және бұл тәртіп өзгеріссіз қалады. Денис Денисов жастарға әскери қызмет туралы нақты әрі шынайы ақпарат беру маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ ол әскердегі өмірдің әлеуметтік және психологиялық қырларына тоқталды. Жас сарбаз жаңа ортаға бейімделіп, түрлі мінез-құлықтағы адамдармен жұмыс істеуді үйренеді, стресс жағдайларында өзін ұстай білуге дағдыланады. Мұндай тәжірибе олардың жауапкершілігін арттырып, азаматтық ұстанымын қалыптастырады.
Денисовтың айтуынша, қазіргі медиадағы әскер туралы теріс пікірлер мен жалған ақпараттар жастар арасында қорқыныш тудырады. Ал шын мәнінде, әскери қызмет – бұл тәртіпке, ұжымшылдыққа, физикалық және рухани төзімділікке тәрбиелейтін өмір мектебі.
Форумда заңды тәртіпті сақтау алдымен әр адамның өзінен басталатыны, ал адалдық пен жауапкершіліктің құқықтық мәдениеттің басты белгілері екені ерекше айтылды.
Жастарды әдетте кейінге қалдыру шарттары, әскери бөлімді таңдау және жиындардың өткізілу мерзімдері қызықтырады. Әскер өкілі бұл мәселелердің заңмен нақты реттелетінін, құқықтық сауаттылық болса түсінбеушілік пен заңсыз әрекеттердің алдын алатынын түсіндірді.
Кейінге қалдыру құқығы колледж студенттеріне және Қазақстан мен шетелдегі жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге ресми құжат болған жағдайда беріледі. Дегенмен, басқа университетке қайта түскен жағдайда бұл құқық жойылады. Сондай-ақ медициналық тексеруден кейін денсаулыққа байланысты және отбасылық жағдайлар (мысалы, жалғыз асыраушы немесе некедегі ата-ана) бойынша кейінге қалдыру қарастырылған. Ажырасқан жағдайда бұл құқық автоматты түрде күшін жоғалтады.
Әскери кафедрада оқитын студенттер де әскерге шақырылады, бірақ олар запастағы офицер ретінде қызмет етеді. Оларға екі жылдық келісімшарт ұсынылады, оған еңбекақы мен кадрлық офицерлерге берілетін жеңілдіктер кіреді.
Қазіргі заңнама әскери қызметке бөлімді таңдау мүмкіндігін де қарастырады. Бұл арнайы сайт арқылы жүзеге асады, онда азаматтың физикалық дайындығы бойынша категория анықталады: «А» санаты – десанттық-шабуылдау немесе теңіз жаяу әскерлері сияқты ауыр қызметке, «Б» санаты – жеңіл шарттағы бөлімдерге арналған.
Мектеп бітірушілер 11-сыныпты тамамдағаннан кейін оқу орнына түскенге дейін әскерге шақырылмайды. Ал әскери борышын өтеген азаматтар әр екі жыл сайын 10-40 күндік жиындарға шақырылады және белгіленген тәртіппен еңбекақы алады. Шақыру 48 жасқа дейін, ал офицерлер үшін – 56 жасқа дейін жүргізіледі.
Форумда қатысушыларға заңды білу мен өзін-өзі танудың азамат өміріндегі маңызы тағы бір рет еске салынды. Конституция мен заңдарды білмеу жауапкершіліктен босатпайды, сондықтан әрбір адам өз құқықтары мен міндетін нақты білуі қажет.
Іс-шара бір қарапайым, бірақ маңызды шындықты көрсетті: мықты мемлекет – заңға және азаматтық жауапкершілікке құрмет арқылы құрылады. Егер бүгінгі жастар әділдік пен саналы жолды таңдаса – қоғамның болашағы нық және сенімді болмақ.
Арай АХМЕТ,
суретті ұсынған облыстық Тұтынушылар құқығын қорғау одағы