Тең құқық пен тең мүмкіндіктер

Рудныйда ерекше жандарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Рудный қаласында орналасқан «Жастар ресурстық орталығында» мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуға және олардың қоғамға толыққанды бейімделуіне жағдай жасауға бағытталған «Мүмкіндік» облыстық әлеуметтік-құқықтық акциясы аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Бұл шара жұмыс берушілер мен үміткерлер арасында тікелей сұхбат алаңын қалыптастырып, мемлекеттік жұмыспен қамту саясатын жүзеге асырудың пәрменді құралына айналды. Жәрмеңкенің басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбек белсенділігін арттыру, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы ақпараттандыру және олардың кәсіби тұрғыда өзін-өзі тануына тұрақты жағдай жасау.

Жәрмеңкеге қаламыздың 8 кәсіпорны мен ұйымы қатысты. Жұмыс берушілер бос орындарды таныстырып, еңбек шарттары мен талаптарды баяндады. Арнайы қажеттілігі бар жандарға арналған жұмыс орындары да қаралды.

Шараға 113 азамат қатысты. Олар кәсіпорын өкілдерімен сөйлесіп, сұрақтарын қойып, түйіндемелерін тапсырды және алғашқы іріктеу сұхбатынан өтті.

«Мен бұл жәрмеңкеге ұйымдастыруды көру үшін келдім. Болашақта мұнда жұмыс беруші ретінде қатысқым келеді. Мұнда әртүрлі мамандықтар ұсынылғаны қуантады. Мұндай шаралар адамдарға өз күшіне сенуге, өзіне лайықты кәсіп табуға және тұрмыс сапасын жақсартуға көмектеседі», – дейді жалғызбасты ана Алена Гельм.

Шарада мамандар қатысушылардың құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын арттырып, мемлекеттік бағдарламаларды таныстырды: жастар практикасы, «Күміс жас», қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындары, алғашқы жұмыс орны, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындар, ұрпақтар келісімшарты.

«Мүмкіндік» акциясы аясында өткен жәрмеңке мемлекеттік құрылымдар, жұмыс берушілер және бұқара халық арасындағы байланыс пен ашық диалог алаңын қамтамасыз етті. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар шарада арнайы алғыс хатпен марапатталды. Кейін Жастар ресурстық орталығында «Заң және тәртіп» шарасы ұйымдастырылып, пробациядағы азаматтар мен алимент қарызы барлар қамтылды. Мұндай шаралар жұмыссыздықты төмендетіп, инклюзивті еңбек нарығын дамытып, әр азаматқа тең мүмкіндіктер беріп, олардың әлеуетін толық жүзеге асыруына жол ашады. Бұл – қоғамның дамуына әркімнің үлес қосуына мүмкіндік беретін маңызды қадам.

 

Арай АХМЕТ,

cуретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *