Бейімбет Майлин атындағы мектепте дәстүрлі садақ ату қалай дамып жатыр?
Қазіргі заманда балалардың бос уақыты көбіне гаджетке телміріп өтетіні жасырын емес. Ал сол уақытты ұлттық рухты оятатын, тәртіп пен төзімділікке, сабыр мен жауапкершілікке баулитын спортқа бағыттауға бола ма? Рудный қаласындағы Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясында бұл сұраққа нақты жауап бар.
Мұнда соңғы екі жылдан бері дәстүрлі садақ ату спорт секциясы тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Үйірменің жетекшісі – осы мектептің түлегі, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасының мүшесі, жас бапкер әрі спортшы Аруна Сәбитбек.
– Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясында дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. Сонымен қатар осы мектеп қабырғасында дәстүрлі садақ атудан балаларды дайындаймын, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.
Аруна Сәтсапарқызының садақ ату спортына келуі де қызық.
– 3–4 жыл бұрын мұғалімдер арасында садақ атудан жарыс өтті. Сол жарысты біздің бірлестік жетекшісі Ұлан Бейсенбайұлы ұйымдастырған еді. Қызық көріп қатыстым да, бірінші орын алып кеттім. Сол сәттен бастап “мүмкін, менің спортым осы шығар” деген ой келді, – дейді ол.
Осы бір жарыстан кейін ізденіс басталып, Қостанай қаласындағы Сақ садақ ату федерациясына жолығады. Бүгінде ол сол федерацияның шәкірті әрі қосымша бапкері. Федерацияның бас бапкері – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР спорт шебері Аяулым Аппасова.
– Сол алған білімімді, тәжірибемді өз мектебімдегі балаларға үйретіп жүрмін. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш, – дейді бапкер.
Қазіргі таңда Аруна Сәтсапарқызы Қазақстан мен Қостанай облысының намысын республикалық және халықаралық жарыстарда қорғап жүрген спортшы. Дәстүрлі садақ ату үйірмесі мектепте екі жыл бұрын ашылған. Бұл бастаманы мектеп директоры Қымбат Бірманова қолдап, ұлттық спортты балалар арасында дамытуға мүмкіндік берген.
– Барымен базар, қолымыздан келгенше балаларды тегін үйретіп келеміз. Үйірме тек біздің мектептің оқушыларына арналған. Қазір шамамен 30-ға жуық шәкірт бар. Олар 4–6 және 7–9 сынып оқушылары болып бөлінеді. Сабақтар аптасына бір рет, сенбі күні өткізіледі. Бала санының көптігіне байланысты кіші сыныптарға бір уақыт, жоғары сыныптарға бөлек уақыт белгіленген, – дейді ол.
Бапкердің айтуынша, бастапқыда секцияға көбіне қыз балалар ғана келген, себебі жетекшісі де әйел адам болған. Алайда уақыт өте келе ұл балалар да қызығушылық танытып, бүгінде секция толықтай аралас құрамда жұмыс істеп отыр. Тіпті басқа мектептердің ата-аналары да балаларын осы үйірмеге бергісі келеді екен, бірақ әзірге секция тек өз мектебінің оқушыларына ғана арналған. Дәстүрлі садақ ату – қауіпті спорт түрлерінің бірі. Өйткені бұл – суық қару. Бірақ оның ар жағында терең философия, өзін-өзі басқару, психологиялық дайындық, нысанамен жұмыс істеу мәдениеті жатыр.
Балаларға садақ атудың бірнеше әдісі үйретіледі. Соның ішінде негізгісі – Орта Азия әдісі, яғни бармақпен ату. Бұл – ежелгі көшпенділерге тән әдіс. Сонымен қатар еуропалық әдіс – үш саусақпен ату тәсілі де көрсетіледі. Себебі бұл екі әдіс те ресми жарыстарда рұқсат етілген, – дейді бапкер.
Балалар садақ пен оқтың құрылымымен де толық танысады: садақтың адырнасы, кірісі, екі иіні мен белі, ал оқтың жебесі, сабы, қанаттары мен кезі ажыратылып түсіндіріледі. Айта кету керек, дәстүрлі садақ ату жарыстарында тек ағаш садақ пен ағаш оқ қолдануға рұқсат етіледі.
– Алғашында балаларға қиын көрінуі мүмкін. “Қалай ұстаймын?”, “қолым қалай тұруы керек?” деген сұрақтар көп болады. Бірақ кейбірі бір-екі сабақта-ақ меңгеріп кетеді. Бұл – біздің қанымызда бар өнер. Кішкентай баладан бастап, ересек адамға дейін айналыса алады. Садақ ату баланың өзін-өзі бақылауын, зейінін, сабырын, жауапкершілігін дамытады, – дейді бапкер.
Аруна Сәтсапарқызының алғашқы ірі жарысы Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында өткен. Ол кезде спортшы жастар құрамында өнер көрсеткен. Қашықтықтары 30, 40, 50, 60 метрді құрайтын түрлі нысаналармен жұмыс істеу оңай болмаған. Соған қарамастан бұл жарыс үлкен тәжірибе берген. Ең алғашқы республикалық жетістігі – 2023 жылы Астанада өткен Ұлттық спорт түрлері фестивалінде қол жеткізген қола медаль.
– Ол қола мен үшін алтынмен тең болды, – дейді ол.
Ал 2025 жылы ҚР Кубогінде 2-орын алып, Спорт шеберіне үміткер атанып, Қазақстанның Ұлттық құрамасына енді. Бүгінде оның шәкірттері де республикалық деңгейде жақсы нәтижелер көрсетіп жүр, кейбірі тіпті әлем чемпионатынан алтын медаль алып келген. Бапкердің айтуынша, ата-аналардың басым бөлігі бұл спортқа оң көзқараста.
– Алғашында “қыз балаға ауыр спорт” деп қарсы болғандар да кездесті. Бірақ кейін өздері қызығып, балаларымен бірге жарыстарға қатысқан ата-аналар болды. Облысымызда садақ ату кеңінен дамыса деймін. Әр ауданда секция ашылса, бәсекелестік те артар еді. Қазір бұл спорт енді ғана дамып келеді, сондықтан қолдау қажет.
Алдағы мақсатым – халықаралық дәрежедегі спорт шебері атану, шәкірттерімді республикалық және халықаралық деңгейге шығару, сондай-ақ педагогикалық қызметте педагог-мастер санатына жету, – дейді ұлттық спорт жанашыры.
Садақ ату – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Ал сол көпірді мектеп қабырғасында тұрғызып жүрген ұстаздар барда, ұлттық спорттың болашағы бар. Сәбитбек Аруна Сәтсапарқызы – соның айқын дәлелі.
Ұлт рухы – нысанада. Оны дәл тигізу – ұстаз қолында.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ
