«Халық мектебі» атанған №8 білім шаңырағы заманауи білімнің темірқазығына айналмақ
Рудный қаласындағы жаңа білім шаңырағының құрылысы екі жылдан аса уақытқа созылды. 11-шағын ауданда орналасқан 900 орындық мектеп негізінен осы оқу жылының басында пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда бас мердігер – «Antarium Group» ЖШС жұмысты мерзімінде аяқтай алмады. Соның салдарынан мектептің ашылу салтанаты оқу жылының ортасына ауысты. Мектеп директоры Қымбат Бірманованың айтуынша, нысанды қабылдап алу актісіне қол қойылған.
Оқу үрдісі 6 ақпан күні басталды. Қазіргі таңда 1-8 сыныптар аралығында 563 оқушы қабылданды. Ал 9-11 сынып оқушылары биылғы оқу жылын өздерінің бұрынғы мектептерінде аяқтайды. Білім ордасында 31 мұғалім жұмыс істеп жатыр, ұстаздар құрамы толық жасақталған.
Жаңа мектеп жалпы білім беретін мектеп мәртебесіне ие болып, оған №8 нөмір берілді. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қатысты. Сондай-ақ шарада Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко мен «Antarium Group» жобасының жетекшісі Сабыржан Шайымов болды.
– Бүгін тек Рудный қаласы үшін емес, бүкіл Қостанай облысы үшін маңызды күн. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Рудныйда жаңа мектеп бой көтерді. Бұл нысан біздің өңірдегі «Келешек мектептері» жобасының іске асырылуын түйіндейді. Мұнда балалардың сапалы білім алып, салауатты өмір салтын ұстануына, тәрбие мен шығармашылыққа баулуына барлық жағдай жасалған. Мектепте үш спорт залы, футбол алаңы, хоккей корты мен баскетбол алаңы бар. Сонымен қатар, арнайы пәндік кабинеттер, зертханалар, компьютерлік сыныптар мен заманауи техникалар қарастырылған. Мектептің тағы бір ерекшелігі – инклюзивті бағыты: ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін лифтілер, арнайы компьютерлер мен қажетті жағдайлардың бәрі жасалған, – деді облыс әкімінің орынбасары құттықтау сөзінде.
Өз кезегінде Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко бұл нысанды «халық мектебі» деп атады. Өйткені жобаны жүзеге асыруға тапсырыс беруші мен мердігерден бөлек, көптеген ұйымдар атсалысқан. Қала әкімдігі мектепке барлық қажетті коммуникацияларды тартты, бұған облыстық бюджеттен 1,3 миллиард теңге бөлінген.
Әзірге мұнда қаланың №7, №15 және №19 қазақ мектептерінен келген балалар оқиды.
– Мектеп бір ауысымда білім беруге негізделген. Сабақ таңғы 8:30-дан түске дейін созылады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасына келер болсақ, әрине, кейбір кемшін тұстар бар, оны жасырмаймыз. Оның бәрі мердігердің есебінен кезең-кезеңімен түзетіледі, бұл мәселе біздің бақылауымызда. Алайда балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіндей ештеңе жоқ, барлық жағдай қауіпсіз, – деді Қымбат Бірманова.
Дегенмен, салтанатты шара кезінде журналистер спорт залының төбесінен су тамшылағанын байқап, сұрақ қойған болатын.
– Қазір іске қосу-реттеу жұмыстары жүріп жатыр. Технологиялық норма бойынша, ғимарат ішінде температура көтерілгенде, желдету шахталары ашылуы тиіс. Қазір желдету жүйесі толықтай реттелуде, – деп түсіндірді мердігер өкілі Сабыржан Шайымов.
Виктор Ионенко бұл мәселеге қатысты ойын жеткізді.
– Мектеп жаңа болғандықтан, ескертулер мен түзетулердің болуы заңдылық. Бас мердігер үш жыл бойы кепілдік береді. Сұрақтар туындаса, бәрін қалпына келтіреді. Бірақ меніңше, мектеп өте жайлы, жылы әрі жарық.
Құрылыстың кейбір олқылықтары мен техникалық мәселелеріне қатысты туындаған сауалдарға қала тұрғындары мен ата-аналар қауымы да өз пікірлерін білдіріп, жаңа бастамаға қолдау көрсетті.
– Жаңа мектеп болған соң, алғашқы кезеңде бала санының толығуы мен ішкі жұмыстардың реттелуі біртіндеп жүзеге асатыны анық. Әрине, су жаңа ғимарат болғандықтан, кейбір тұстарда кемшін тұстардың кездесуі заңдылық. Сондықтан ата-аналарды сабыр сақтап, бұл іске тек қолдау білдіруге шақырамын. Халқымызда «көш жүре түзеледі» деген жақсы сөз бар. Бұл шаңырақта білім алатын әрбір бала – бақытты ұрпақ, – деді қала тұрғыны Жанат Байдулаева.
Жиналған жұртшылық бұл нысанның тек ғимарат емес, ел болашағына салынған үлкен инвестиция екенін алға тартты.
– Бұл мектеп – өскелең ұрпақтың жарқын қамы үшін бой көтерген айтулы нысан. Жаңа білім ордасы қаламыздың сәулетін ашып қана қоймай, ұл-қыздарымыздың жан-жақты дамуына, биік белестерді бағындыруына даңғыл жол ашатынына сенеміз, – деп атап өтті ата-аналар өкілі.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО