Биылғы қасиетті Рамазан айының талаптары мен ерекшеліктері қандай және біз бұл мүмкіндікті рухани тазару мен қайырымдылық үшін қалай пайдалана аламыз?
Күллі мұсылман қауымы асыға күткен он екі айдың сұлтаны – қасиетті Рамазан айы басталды. Биылғы оразаның ерекшелігі неде? Пітір садақасы мен фидия мөлшері қанша? Ораза тек қарынның аштығы ма, әлде рухтың тәрбиесі ме? Осы және өзге де маңызды сұрақтар төңірегінде Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Серік Рахыммен тілдестік.
– Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын! Он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айы есік қақты. Биылғы Рамазан айы 19 ақпанда басталды.. Ораза 29 күнге созылады, яғни Ислам күнтізбесі бойынша бұл ай толық бір ай деп есептеледі. Діни мерекелер мен айлардың барлығы ай күнтізбесіне негізделіп бекітіледі.
Жақында Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айына қатысты мәлімдеме жасап, пәтуаларды жариялады. Біз де осы діни басқарманың пәтуасына сүйене отырып, халыққа Рамазанның қадір-қасиеті мен орындалуы тиіс амалдарды түсіндіруді жөн көрдік, – деп бастады сөзін бас имам.
– Рамазан айында берілетін пітір садақасының мөлшері биыл бір адамға 735 теңге болып бекітілді. Пітір садақасын Рамазанның бірінші күнінен бастап, айт намазына дейін беру – міндет. Бұл садақа бесіктегі баладан бастап, еңкейген қартқа дейін әрбір жан басына есептеліп беріледі.
Ал ораза ұстауға шамасы келмейтін, яғни созылмалы ауруы бар жандар, науқастар, жасы өте ұлғайған қарт кісілер және денсаулығына байланысты мүмкіндігі жоқ адамдар Фидия садақасын береді. Фидия – бір міскінді (мұқтаж адамды) бір ай бойы тамақтандыру деген сөз. Биылғы фидия мөлшері әр күнге 4 000 теңге деп есептелді, – деп түсіндірді ол.
Сұхбат барысында имам оразаның ішкі мәніне терең тоқталды. Ораза – тек ішіп-жеуден тыйылу емес, ол – тілді өсектен, көзді арамнан, ал жүректі кірбіңнен тазарту.
– Рамазан – кешірім, мейірім, қайырымдылық пен жақсылық айы. Ілгерідегі ізгі жандар Рамазанды алты ай бойы сағына күтіп, «Алла бізді Рамазанға жеткізсе екен» деп дұға жасаған. Ал ораза біткен соң, тағы алты ай бойы «тұтқан оразамыз бен құлшылығымыз қабыл болса екен» деп тілеген.
Нағыз ораза тек қарынның аш болуы емес. Бұл – нәпсіні тәрбиелеу, тілді жаман сөзден тыю және рухты тазарту айы. Ораза ұстаған адам таңнан кешке дейін уақытын бос өткізбеуі керек. Қазір бәріміздің қолымызда телефон бар, алайда уақытты сериал көрумен немесе инстаграм парақтап өткізу дұрыс емес. Мүмкіндігінше жақсы амалдар жасап, кітап оқып, рухани ізденісте болған абзал, – деп түсіндірді Серік Рахым.
Рамазан айында мешіттерде Тарауық намазы оқылып, Құран хатым етіледі. Сондай-ақ, биыл Рудный қаласында «Зекет және қайырымдылық» қорының аясында «Рамазан себеті» акциясы ұйымдастырылмақ. Мұқтаж отбасыларға таратылатын азық-түліктің сапасы мен адалдығына баса назар аударылады.
Биылғы Рамазан айының кестесі Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтында жарияланды және мешіттерде қолжетімді. Онда бес уақыт намаздың, сәресі мен ауыз ашардың дәл уақыттары көрсетілген.
– Ораза ұстау – парыз ба?
– Иә, Рамазан айында ораза ұстау – Исламның бес парызының бірі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшкеннен кейін екінші жылы ораза ұстау міндеттелді. Оған дейін мұсылмандар Мұхаррам айының 10-шы күні (Ашура күні) ораза ұстайтын.
Кейбір адамдар «намаз оқымайтын адамға ораза ұстауға бола ма?» деп сұрайды. Әрине, болады. Намаздың орны бөлек, оразаның орны бөлек. Әрбір құлшылықтың сауабы өзінше. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар. Біріншісі, күн батып, ауыз ашқан сәттегі қуаныш. Екіншісі, қиямет күні Алланың алдына барғанда, Раббымыздың: «Оразаның сыйын өзім беремін» деген уәдесімен қауышқандағы қуаныш.
Имам алдағы Қадір түнінің (Наурыздың 16-нан 17-не қараған түн) маңыздылығын атап өтіп, оразадан кейінгі Ораза айт мерекесінің мәнін түсіндірді.
– Негізінде Қадір түні Рамазанның соңғы он күндігіндегі тақ түндерде жасырылған. Бұл түнді таң атқанша ұйықтамай, құлшылықпен, дұғамен өткізудің сауабы орасан зор.
Рамазан айы аяқталған соң, мұсылман қауымы үшін ең ұлық мереке – Айт мерекесі басталады. Айт – қуаныш пен шаттыққа бөленетін, ағайын-туысты аралап, бір-бірімізге жақсылық тілейтін күн.
Ораза біткен соң нағыз мұсылмандық өмір басталуы керек. Тәрбие айында жинаған рухани азығымызды жыл бойы жоғалтпайық. Алла Тағала баршамыздың ұстаған оразамызды, берген садақаларымызды және жасаған ғибадаттарымызды қабыл етсін!, – деп түйіндеді Серік Рахым.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО