«Қазіргі таңда шешімін таппаған арыз жоқ» – Рудный ХКҚО әдіскері Марат Пірназар
– Атамекенге оралу – әр қазақ үшін ерекше сезім. Бұл тек құжаттағы мәртебе емес, бұл – жауапкершілік. Өз еліңнің дамуына үлес қосу мүмкіндігі, – дейді Марат Пірназар.
2011 жылы Өзбекстаннан Қазақстанға қоныс аударған Марат Әбдірашитұлы үшін бұл көшу жай ғана мекен ауыстыру емес, тарихи Отанына оралу. Бүгінде ол Рудный қаласының тұрғын үй саласында еңбек етіп, жүздеген көпқабатты үйдің коммуналдық жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне жауапты мамандардың бірі.
Қазақстан Тәуелсіздік алған сәттен бастап көші-қон саясатын стратегиялық бағыт ретінде айқындады. Ресми деректерге сәйкес, 1991 жылдан бері елге 1 миллионнан астам этникалық қазақ қоныс аударды. Тек 2025 жылдың өзінде 16 805 қандас тарихи Отанына оралып, ресми мәртебе алған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елге келген қандастардың 44,5 пайызы – Өзбекстан Республикасынан. Еңбекке қабілетті жастағылардың 15 пайызы жоғары білімді, 27,5 пайызы орта кәсіби біліктілікке ие.

Марат Пірназар – осы сапалық құрамның өкілі. Экономика және тау-кен ісі бойынша екі жоғары білім алған маман бүгінде Рудный ХҚКО тұрғын үй қатынастары бөлімінде әдіскер қызметін атқарады. Оның жұмыс орны Халыққа қызмет көрсету орталығы базасында орналасқан, бұл тұрғындармен тікелей әрі жедел байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Қаладағы 824 көпқабатты тұрғын үйдің инженерлік желілерінің (жылу, су, газ, электр энергиясы) үздіксіз жұмысын қадағалау – оның негізгі міндеттерінің бірі.
– Қазіргі таңда қала аумағында 30 пәтер иелері кооперативі және 29 меншік иелері бірлестігі өз қызметін жүзеге асыруда. Бұл құрылымдар көпқабатты тұрғын үйлерді басқару, күтіп-ұстау және ортақ мүлікті сақтау бағытында жұмыс істейді. Ал біздің негізгі міндетіміз – осы ұйымдардың қызметін үйлестірумен қатар, заңнама талаптарының толық әрі жүйелі сақталуын қамтамасыз ету және тұрғындардың жайлы, қауіпсіз тұрмысын бақылауда ұстау.
Қаладағы тұрғын үй қорының басым бөлігі өткен ғасырдың 70–80 жылдары пайдалануға берілгені белгілі. Уақыт өте келе ғимараттардың конструкциялық элементтері мен инженерлік коммуникациялар табиғи түрде тозады. Әсіресе жылу, су, кәріз, электр және газ желілерінің техникалық жағдайы тұрақты бақылауды қажет етеді. Мұндай жағдайда профилактикалық жұмыстарды уақтылы жүргізу, ақаулардың алдын алу және күрделі жөндеуді кезең-кезеңімен ұйымдастыру аса маңызды.
Сондықтан әрбір арыз-шағым мен апаттық жағдайға жедел әрі сапалы әрекет ету – біздің жұмысымыздың басты қағидаты, – дейді ол.
Әдіскер тек бақылаушы емес. Ол тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын да жүйелі жүргізеді. Ортақ мүлікке жауапкершілікпен қарау мәселесі – күн тәртібінен түспейтін тақырып.
– Кез келген өтініш «109» бірыңғай байланыс орталығы арқылы немесе жазбаша түрде қабылданып, заңға сәйкес екі апта ішінде қаралады.
Тұрғындардан келіп түскен қай өтініш болсын назардан тыс қалдырмаймыз: мәселенің мән-жайы зерделеніп, жауапты мекемелермен бірлесе нақты шешім қабылдаймыз. Өйткені коммуналдық саладағы кез келген кідіріс тұрғындардың күнделікті тұрмысына, қауіпсіздігіне және өмір сапасына тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда шешімін таппаған арыз жоқ, – дейді маман.
Оның айтуынша, тұрғын үй реформасының басты мақсаты – әр азаматтың өз үйіне меншік иесі ретінде қарауы. Жертөле, шатыр, инженерлік желілер – барлығы ортақ мүлік және ортақ жауапкершілік.
– Біз «Рудный жылу желілері» ЖШС және су, газ шаруашылығы мекемелерімен бірлесе отырып, қысқы жылыту маусымының тұрақты өтуін үйлестіреміз. Бұл – жүздеген отбасының жайлылығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін жұмыс, – дейді Марат Әбдірашитұлы.
Қандастардың елге оралуы – тек демографиялық көрсеткіш емес. Бұл – еңбек нарығын толықтырып, өңірлердің дамуына үлес қосып отырған нақты мамандардың еңбегі. Марат Пірназар сияқты азаматтар сол үлкен көштің бүгінгі нәтижесін көрсетеді.
Сөз соңында маман коммуналдық мәселелер бойынша тұрғындар 4-00-15 нөміріне хабарласа алады немесе тұрғын үй қатынастары бөліміне жазбаша өтініш қалдыруына болатынын жеткізді.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО