Рудныйда Шаңырақ күні қалай өтті?

ҚАЭА рекордшысы Гүлнұр Ералиева жас буынға қолөнердің жаңа қырын таныстырды

Наурызнаманың төртінші күніне сәйкес Шаңырақ күні аясында қалалық Мемлекеттік тілдегі кітапхананың ұйымдастыруымен «Наурыз – өнердің жаңғырығы» атты ауқымды шеберлік сағаты өтті.

Ақпараттық-танымдық бағыттағы жиынның басты мақсаты – ұлттық қолөнерді дәріптеу, отбасылық құндылықтарды насихаттау және жас буынды төл мәдениетімізге баулу. Шараның арнайы қонағы ретінде Қазақстандық ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалықтарына енген қолөнер шебері, кәсіпкер Гүлнұр Ералиева шақырылды.

Шара бірыңғай лекция форматында емес, интерактивті әрі танымдық бағытта құрылды. Бағдарлама қонақтарды таныстырудан басталып, Шаңырақ күнінің тарихи әрі тәрбиелік мағынасын түсіндіруге ұласты. Одан кейін қатысушыларға ұлттық ойындар (асық ату) ойнатылып, сахналық көріністер көрсетілді. Жиын күй мен дәстүрлі әндердің орындалуымен сүйемелденді. Сондай-ақ, шара аясында қолөнер бұйымдарының тақырыптық көрмесі ұйымдастырылып, жиналғандарға Наурыз көже, бауырсақ және өзге де ұлттық тағамдар ұсынылды.

«Шеберлік сағатына Бейімбет Майлин атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары (шамамен 20 бала) және қаладағы «Алтын домбыра» үйірмесінің жас өнерпаздары қатысты. Ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында жиынға зейнеткер ата-әжелер де арнайы шақырылды. Олар жастарға бата беріп, Наурыз мерекесінің мән-мағынасы туралы өз естеліктерімен бөлісті», – дейді кітапхана меңгерушісі Гүлбараш Уалиева.

Жиынның негізгі бөлігі Гүлнұр Ералиеваның шеберлік сағатына арналды. Өзбекстан Республикасында дүниеге келген ол қолөнерге бала кезінен, әжесінің тәлім-тәрбиесі арқылы келгенін атап өтті.

«Мен ата-әжемнің қолында өстім. Әжем өте шебер кісі болатын. Текемет басып, бау-басқұр, кілем тоқып, құрақ құрайтын. Мен соның бәрін бала кезімнен көріп өстім», – дейді шебер.

Оның екі жоғары білімі бар: кітапханашы және бастауыш сынып мұғалімі. Ұзақ жылдар бойы Бейімбет Майлин ауданындағы балалар кітапханасында жұмыс істеген ол 2020 жылдан бастап қолөнермен кәсіби түрде айналыса бастаған. Ал 2025 жылдың қазан айында Рудный қаласына қоныс аударып, тігін шеберханасын ашқан.

«Бұл жай ғана хобби емес, жүйелі жұмыс істеп тұрған шағын бизнес. Екі қызметкер жұмыс істейді. Өндіріс ошағы қазақтың ұлттық ою-өрнектерімен безендірілген көрпе-төсек, қыз жасауы, декоративті және сандық жастықтар тігуге машықтанған. Заманауи маркетинг талаптарына сай, өнімдерді сату тек офлайн емес, онлайн түрде де жүзеге асады. Бұл бағытта SMM мамандары, мобилографтар мен сату менеджерлері тартылған», – деп түсіндірді шебер.

Гүлнұр Владимировна – 2020 жылы Астанада өткен фестивальде құрақ құрау өнері бойынша Қазақстандық ақпараттық-энциклопедиялық анықтамалықтар кітабына енген шеберлердің бірі.

«Қазіргі таңда ауқымды екі мега-жобаға қызу дайындық үстіндеміз: 1 мамырда Астана қаласында өтетін «Көшен көрпе» жобасы және 16 мамырда Өскемен қаласында өтетін «Аламан құрақ» жобасы», – деп алға қойған жоспарларымен бөлісті қадірлі қонақ.

МОТОРИКА ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТАНЫМ

Шеберлік сағаты барысында оқушыларға ою-өрнектердің тарихы мен мағынасы түсіндірілді. Құрақ құрау процесі тігін машинасын және көп уақытты қажет ететіндіктен, кітапхана форматында балаларға қағаз бен матадан ою қию техникасы үйретілді.

«Балаларға ою үлгілерін әкеліп, оны қалай дұрыс қию керектігін көрсетемін. Бұл балалардың қол моторикасын дамытып қана қоймай, ойлау қабілетін жақсартады. Әсіресе қыз балалардың қызығушылығы жоғары, алайда ұлдар да оюдың мағынасын сұрап, белсенділік танытып жатады», – деп түсіндірді Гүлнұр Ералиева.

Айта кетейік, шебердің өзі екі ұл тәрбиелеп отырған ана. Ұлдары қазіргі таңда Қостанай қаласында білім алуда: үлкені педагогикалық колледжде, кішісі университетте ІТ мамандығының екінші курсында оқиды.

КІТАПХАНА: 25 ЖЫЛДЫҚ ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ЖАҢАШЫЛДЫҚ

Мемлекеттік тілдегі кітапхана тек кітап беретін орыннан мәдени-ағартушылық орталыққа айналғалы қашан. Кітапхана меңгерушісі Гүлбараш Құттықожақызының айтуынша, мекеменің 25 жылдық тарихы бар және мұндағы іс-шаралар көбіне қалалық деңгейде өтеді.

Бұл кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен Наурыз мерекесі жыл сайын жаңа форматта аталып өтеді. Мәселен, алдыңғы жылы мереке «Өмір тынысы» тақырыбымен үлкен аудиторияда өтсе, былтыр шара қалалық Арбатта ұйымдастырылған. Биылғы Наурызнама аясында 14 наурыз – Көрісу күні де арнайы аталып өтіп, оқырмандарға бауырсақ пен тәттілер таратылды. Сонымен қатар, «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» тақырыбындағы кездесулер де кітапхананың тұрақты жоспарына енген.

«Біздің басты мақсатымыз – кітап арқылы тәрбие беру. Әр іс-шарамыз міндетті түрде кітап көрмесімен сүйемелденеді. Балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін түрлі акциялар өткіземіз. Мысалы, «Оқы және жең» акциясы аясында отбасымен кітап оқитын оқырмандарымыз бар», – дейді Гүлбараш Уалиева.

Биыл республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы таңдалғаны белгілі. Осыған орай кітапханада қаладағы әлеуметтік-гуманитарлық колледждің 2-курс студенттерімен арнайы дөңгелек үстел өткізілді. Басшылықтың мәліметінше, бұл романға оқырмандар тарапынан сұраныс жоғары.

Сонымен қатар, кітапханада тұрақты түрде бірнеше көрме жұмыс істейді:

«Бір ел – бір кітап» (жыл бойы)

«Тәуелсіздік шежіресі» (жыл бойы)

Мерейтойлық көрмелер (Абайдың қара сөздері мен «140 жол» шығармасына арналған)

«Әдебиет көшбасшылары» (ақын-жазушылардың атаулы күндеріне орай)

Кітапхана мектеп мұғалімдерінің, әдебиет пәні ұстаздарының қатысуымен семинарлар мен конференцияларды да ұйымдастырып отырады. Гүлбараш Уалиеваның сөзінше, оқушылардан кері байланыс алу маңызды: «Кейде балалардан «Шара қызықсыз болған жоқ па, келгендеріңізге өкінбейсіздер ме?» деп сұраймыз. Олар әрдайым «Жоқ, өте қызықты болды» деп, келесі жолы да келуге ниет білдіреді. Бұл біздің жұмысымыздың басты нәтижесі».

Мазмұнды іс-шара соңында кеш қонағы мен ұйымдастырушылар барша қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

«Барша қазақ елін, рудныйлықтарды Әз-Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ұлыс оң, ақ мол болсын. Жыл басы берекелі келіп, әр шаңыраққа шаттық сыйласын. Дастарқанымыз тоқ, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Көнеден жеткен салт-дәстүріміз жаңғырып, ұлттық өнеріміз өркендей берсін. Жас ұрпағымыз саналы, салиқалы, өз құндылығын қадірлейтін азамат болып өссін», – деп Гүлнұр Ералиева тілегін білдірді.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО