Индустриялық серпіліс: Рудныйда үш ірі зауыт бой көтереді

500 млн долларлық жобалар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өңірді экспорттық орталыққа айналдырмақ

Жаңа өндіріс орындарын құруға бағытталған инвестицияның жалпы көлемі 500 миллион доллардан аспақ. Бұл қаражат қант зауытын, астықты терең өңдеу кәсіпорнын, сондай-ақ Қазақстан-Қытай бірлескен өндірістік-логистикалық кешенін салуға жұмсалады.

Бұл туралы қала әкімі Виктор Ионенконың қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте белгілі болды. Жиында инвестициялық жобалардың негізгі көрсеткіштері таныстырылды.

ҚЫЗЫЛШАҒА ТІГІЛГЕН БӘС

Бірінші жоба бойынша «Еurasia Sugar» ЖШС бас директоры, «Turan ganty» қант қызылшасы кластеріне қатысушылар қауымдастығының басқарма төрағасы Арман Евниев баяндама жасады. Оның айтуынша, компания бүкіл елдің азық-түлік қауіпсіздігін түбегейлі өзгерте алатын ауқымды жоспарды ұсынып отыр. Қазіргі таңда Қазақстан жыл сайын шамамен 400 миллион долларға 500 мың тонна қант импорттайды, бұл – тез арада шешуді қажет ететін мәселе.

– Елімізде жалпы қуаты миллион тоннаға жететін бес қант зауытын салуды жоспарлап отырмыз. Инвесторлармен бірлескен талқылаудан кейін, бұл жобаның бастау нүктесі ретінде Рудный қаласын таңдап алдық, – деді Арман Евниев.

Рудныйдың таңдалуына тек табиғи ресурстар мен көлік қолжетімділігі емес, бірінші кезекте адам факторы әсер еткен. Инвестордың пайымдауынша, ең басты мәселе – газ, жол, жер немесе су емес, білікті мамандар.

Жобаның құны шамамен 200 миллион долларды құрайды, ол жылына 200 мың тонна қант өндіруге қауқарлы. Жобалау мен сараптаманы қоса алғанда, іске асыру мерзімі – екі жарым жылдан үш жылға дейін.

Өндірістің басты ерекшелігі – Қазақстан үшін бірегей технология: қант қызылшасын арнайы қоймаларда қатырылған күйінде сақтау. Бұл әдіс зауыттың жылына 160 күнге дейін жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Салыстырмалы түрде айтсақ, оңтүстік өңірлерде шикізаттың тез бұзылуына байланысты жұмыс маусымы 60 күннен аспайды.

Арман Евниев нақты сынақ нәтижелерін де атап өтті. Биыл Қостанай сорт сынау учаскесінде Франция, АҚШ және Германиядан әкелінген қант қызылшасының алты гибриді тексерілді. Нәтижесінде гектарына 83-84 тонна өнім алынды. Бұл жергілікті климаттың аталған дақылды өсіруге әлеуеті зор екенін дәлелдейді. Оның пікірінше, агротехнологиялар дұрыс сақталса, өңір қант саласының қуатты шикізат базасына айнала алады.

Қант қызылшасын өсірудің экономикалық тиімділігі де жоғары. Орташа есеппен гектарына 35 тонна өнім алған күннің өзінде аграршылардың табысы шамамен 1200 долларға жетеді. Ал бидай өсіруден келетін табыс гектарына 250-300 доллардан аспайды. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан тапсырылған әр тонна шикізат үшін 25 мың теңге субсидия беріледі, бұл ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін өте тиімді.

Жоба кластерлік принцип бойынша жүзеге асады, яғни тұқым себу мен өсіруден бастап, өңдеу мен сатуға дейінгі толық цикл қамтылады. Бастапқы кезеңде 10 тауар өндірушіні, ал зауыт іске қосылғанда 100-150 фермерді тарту жоспарланған. Сондай-ақ қымбат техникамен жабдықталған машина-трактор станциялары құрылады.

Қала әкімі Виктор Ионенко жер мәселесі шешілгенін хабарлады: Рудный жерінен 40 гектар және Бейімбет Майлин ауданынан 60 гектар бөлінді. Кәсіпорын қалада жаңа салық төлеуші ретінде тіркеліп қойған.

БИДАЙДАН АЛЫНАТЫН БИОЖАНАРМАЙ

Екінші ірі жоба – тәулігіне 1250 тонна, яғни жылына 450 мың тонна бидайды терең өңдейтін зауыт құрылысы.

– Біз бұл бизнесте 2000-жылдардан бері жұмыс істеп келеміз. Алматы облысында жүгері өңдеу зауытымыз болды, қазір Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істеп тұрған зауытымыз бар. Рудныйдағы кәсіпорын біздің үшінші зауытымыз болады, сонымен қатар ол ТМД-дағы ең ірі нысандардың біріне айналады, – деді «Qostanai Grain Industry» компаниясының бас директоры Еркін Саттаров.

Зауыттың негізгі өнімі – биоэтанол, бұл іштен жану қозғалтқыштарына арналған экологиялық таза жанармай. Сонымен қатар, қазақстандық ұшақтардың таза отынмен ұшуына мүмкіндік беретін авиациялық биожанармай өндіру жобасы да әзірленуде. Бұдан бөлек, бидай глютені (тамақ өнеркәсібі мен құрама жемге арналған өсімдік ақуызы), бидай крахмалы, глюкоза шәрбаттары мен аминқышқылдары шығарылады.

Еркін Саттаров өнімнің экспорттық әлеуетіне тоқталды.

– Біздің өніміміз шетелде жақсы танымал. Біз оны Еуропаға да, тікелей жеткізілімдер арқылы АҚШ-қа да сәтті сатып жатырмыз.

Бұл ретте қант зауытымен бәсекелестік туындамайды, өйткені шығарылатын шәрбаттардың түрі әртүрлі. Кәсіпорын қатаң экологиялық нормаларды ескере отырып, тұрғын үйлерден алты шақырым жерде, «Сокол» қосалқы станциясының маңында орналасады.

Жобаға 37 мегаватт электр энергиясы қажет. Бұл өнеркәсіп орындарын есептемегенде, бүкіл Рудный тұтынатын қуаттан 2,5 есе көп. Дәл осы фактор алаңды таңдауда шешуші рөл атқарды.

Құрылысты биыл дайындық жұмыстарынан бастап, 2027 жылы толық қарқынға шығару, ал 2028 жылдың соңына қарай пайдалануға беру жоспарланған. Мұнда 650 жұмыс орны ашылады. Жұмысшылар негізінен жергілікті тұрғындардан алынып, холдингтің жұмыс істеп тұрған зауыттарында оқытылады.

ҚЫТАЙҒА ЭКСПОРТТАЛАТЫН ӨНІМДЕР

Үшінші жоба – астық пен майлы дақылдарды өңдеу. Мұнымен Қытайдың «Kaz Golden Wheat Wave» ЖШС айналысады. Олар Рудныйдағы бұрынғы көлік базасының аумағында құрылысты бастап кетті.

Кәсіпорын басшысы Барат Маркабаның айтуынша, қазіргі уақытта сыйымдылығы 20 мың тонналық қойма кешені мен жалпы ауданы 1600 шаршы метр өндірістік ғимараттар салынып жатыр. Технологиялық жабдықтар нысанға жеткізілді, қазір монтаждау мен іске қосуға дайындық жүріп жатыр.

Кәсіпорынның жоспарлы қуаттылығы – жылына 15 мың тоннаға дейін жемдік ұн өндіру. Бұл өнім халық саны екі миллиардқа жуық Қытай нарығына экспортталады. Инвестор 20 жылдан астам жұмыс тәжірибесінің арқасында түпкілікті тұтынушылармен тікелей байланыс орнатылғанын айтты.

Сонымен қатар, компания аумақты тағы 3,2 гектарға кеңейту туралы меморандумға қол қойды. Болашақта мұнда астық сақтауға және май өңдеу өндірісін дамытуға арналған тағы 7-8 мың шаршы метр қойма салынбақ.

Жобаны дамытуда әлемдік контейнерлік тасымалдау нарығының 17 пайызын иеленетін халықаралық Maersk логистикалық компаниясымен жасалған меморандумның маңызы зор. Компания өкілінің айтуынша, мұндай инфрақұрылым өндірушілерге жаңа мүмкіндіктер ашады: қант зауыты мен өзге де кәсіпорындардың өнімдері Рудныйдан тікелей Қытайға және әлемдік нарықтарға жөнелтіле алады.

Қала әкімі Виктор Ионенко бұл инвестициялық жобаның жүйелі дамып келе жатқанын растады. Келіссөздер өткен жылы басталып, кәсіпорынды сатып алумен және тиісті құжаттарға қол қоюмен аяқталған. Қазірдің өзінде өндіріс жұмыс істеп тұр. Әкім инвесторларға аумақты кеңейтуге, қоймалар салуға және жабдықтарды кедендік рәсімдеуге толық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Атап айтқанда, инфрақұрылым бес теміржол тұйығын қамтиды, бұл кез келген ауа райында қойма ішінде жүк түсіруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ол өнеркәсіптің кешенді дамуы әлеуметтік салаға мультипликативті әсер беретінін атап өтті: 650 жаңа жұмыс орны – бұл тек жұмыспен қамту мен салық қана емес, сонымен бірге көлікке, тұрғын үйге және әлеуметтік инфрақұрылымға деген сұраныстың артуы.

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО