Мерейтойлық біріншілік

Ұлттық спорт салтанат құрды: Рудныйлық жастар арасында асық ату жарысы өтті

Рудный тау-кен технологиялық колледжінің іргетасы қаланғанына 60 жыл толуына орай, кеншілер шаһарында асық ату және бес асық ойындарынан қалалық ашық біріншілік өтті. Бұл шара тек спорттық бәсеке емес, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жас буынның бойындағы отансүйгіштік сезімді шыңдаған тағылымды жиынға айналды.

Дүбірлі додаға қала мектептері мен колледждерінен жиналған 55 үміткер (37 оқушы және 18 студент) қатысты. Жарыстың ерекшелігі – оның ұйымдастырылу деңгейі мен қатысушылардың дайындығында. Бозбалалар мергендік пен ептілікті қажет ететін асық атудан сынға түссе, қыздар қауымы жинақылық пен зейінді талап ететін бес асық ойынында шеберлік байқасты.

Жарыс Ұлытау облысының асық ату федерациясы мен Рудный қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен өтті. Аталмыш федерацияның аға жаттықтырушысы әрі жарыс ұйымдастырушысы Бекжан Қабжанов бұл бастаманың мән-маңызына тоқталды.

 «Жарыс екі жас санаты бойынша ұйымдастырылды. Біріншісі – 2009-2010 жылы туған колледж студенттері, екіншісі – 2013-2015 жылы туған мектеп оқушылары. Сонымен қатар ұлттық ойындар қыздар мен ұлдар арасында жеке-жеке өткізілуде. Ұлдар асық ату сайысында бақ сынаса, қыздар «Бес асық» ойынында шеберліктерін көрсетті. Әр команда белгілі бір мөлшерде асық шығарып, жеңіске жетуге ұмтылады. Ал «Бес асық» – ептілік пен жылдамдықты талап ететін күрделі ойын. Бұл көбіне қыз балалар арасында кең тараған. Мақсатымыз – бабалар аманатын жаңғыртып, жасөспірімдерді ұлттық рухта тәрбиелеу», – деді ол.

Бекжан Әлімжанұлы шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен колледж басшылығына да алғысын айтты:

 «Қостанай облысында асық ату спортының тарихы да терең. 2011 жылдан бастап бұл спорт түрі жүйелі түрде дамып келеді. Қазіргі таңда жеті жастан бастап, сексен жасқа дейінгі азаматтар қатысатын жарыстар өткізіледі. Қазақстанның алғашқы чемпиондарының бірі – Қостанай облысының өкілі Ахмет Мұқтар ағамыз. Өз басым осы колледжде 2015-2018 жылдары білім алдым. Сол кезде ұстаздарымыз бізге бағыт-бағдар беріп, өмірлік жолымызға шамшырақ болды. Бүгінде сол кісілердің еңбегінің арқасында елге қызмет етіп жүрміз. Сондықтан туған білім ордама келіп, жастар арасында ұлттық спортты дәріптеу – мен үшін үлкен мәртебе».

Шара барысында Рудный тау-кен — технологиялық колледжінің директоры Дина Түменбаева оқу орнының тарихы мен бүгінгі тынысына шолу жасады. 1966 жылдан бері 12 мыңнан астам маман даярлаған қара шаңырақ бүгінде 500-ге жуық студентті тау-кен саласының қыр-сырына баулып отыр.

 «Бүгінде түлектеріміз Рудный қаласындағы өндіріс орындарында еңбек етіп, ел экономикасының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Оқу орнында тау-кен өндірісі саласына қажетті мамандарды дайындаймыз. Олардың қатарында шахтерлер, электриктер, теміржол локомотивтерінің жүргізушілері бар. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу – біздің басты міндетіміздің бірі. Өткен жылы елімізде Жұмысшы мамандықтары жылы жарияланды. Алайда бұл бағыттағы жұмыс бір жылмен шектеліп қалмайды. Біз алдағы уақытта да техникалық және кәсіптік білімнің маңызын насихаттай береміз.

Бүгінгі біріншілік те сол игі бастамалардың бірі. Ұлттық ойындарды дәріптеу арқылы жастардың бойында ұлттық құндылықтарға деген құрмет қалыптасады», – деп түсіндірді колледж директоры.

Турнир барысында ерекше көзге түскендердің бірі – Міржақып Дулатұлы атындағы мектептің 7-сынып оқушысы Алия Қаржауова. Бес жылдан бері асық иіріп жүрген жас өрен бұл ойынның өзіне тән қиындығы мен қызығын тілге тиек етті.

 «Асық атумен төртінші-бесінші сыныптан бастап айналысып келемін. Алғашында «Алтыншы алақан» тәсілінде қиналатынмын, бірақ табанды жаттығудың арқасында шеберлігімді шыңдадым. Спорттың басқа түрлерімен де айналысамын. Волейбол ойнаймын, баскетболға да қатысамын. Бірақ асық ату маған ерекше ұнайды», – деді күлімсіреп мерген ойыншы.

Облыстық додаларда топ жарып жүрген Алияның ендігі межесі – республикалық деңгейде бақ сынау.

Ұлттық ойындар – ұлттың рухани тамыры мен болмысын айқындайтын асыл мұра. Рудныйда өткен бұл біріншілік сол мұраны жаңғыртып қана қоймай, жас ұрпақтың ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттыра түскені анық.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТОВА,

суретті түсірген Даниил САЕНКО