Имам Серік Рахым: «Кітап оқымаған адам – надан адам»

Рудныйдағы «Нұр» мешіті жастар тәрбиесінің темірқазығына айналды

Қазіргі таңда қоғамның рухани келбетін қалыптастыруда мешіттердің рөлі тек құлшылық үйімен шектелмейді. Ол – білім мен имандылықтың, дәстүр мен мәдениеттің тоғысқан ордасы. Әсіресе, жаһандану дәуірінде жас буынның бойына ұлттық құндылықтар мен діни танымды тең сіңіру – кезек күттірмейтін мәселе.

Осы орайда, Қостанай облысына қарасты кеншілер шаһары – Рудный қаласындағы «Нұр» мешітінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар көңіл қуантады.

Рудный қаласы – индустриалды аймақ болғанымен, соңғы жылдары мұнда рухани серпіліс айқын байқалады. «Нұр» мешіті бұл бағытта жүйелі жұмыс істеуді қолға алған. Имам Серік Рахымның айтуынша, мешіт жанындағы сауат ашу курстары тек діни білім берумен ғана шектелмейді, ол – тұлғалық дамудың бастау бұлағы.

Қазіргі таңда мешітте Құран әліппесі және діни сауат ашу сабақтары тұрақты жүргізіліп келеді. Мұндағы басты ерекшелік – шәкірттердің жынысына және жас ерекшелігіне қарай жеке оқыту жүйесінің қалыптасуы. Ер балаларға тәжірибелі ұстаз Темірлан дәріс берсе, қыз балаларға әйел ұстаздар қауымы, Перизат ұстаз тәлім береді. Бұл – ұрпақ тәрбиесіндегі нәзік тұстарды ескерген маңызды қадам.

Айта кетерлік тағы бір жайт – құқықтық және педагогикалық жауапкершілік. Мешіт басшылығы кәмелетке толмаған балаларды оқуға қабылдауда ата-ананың жазбаша рұқсатын талап етеді.

– Әрине, кәмелетке толмаған балаларды қабылдамас бұрын ата-анасының жазбаша рұқсатын аламыз. Баланың қайда барып, қандай білім алып жатқанын ата-анасы біліп отыруы тиіс.

Бұл – бір мәселе. Екінші мәселе – сауат ашу курстары. Біздің мақсатымыз – жас жеткіншектерге дініміздің құндылықтарын түсіндіру, жеткізу. Егер бала Құран оқуды үйренгісі келсе – Құран оқуды, араб тілін үйренгісі келсе – араб тілін оқыта аламыз. Сабақтар мектептегі оқуына кедергі келтірмейтіндей етіп, сенбі-жексенбі күндері өткізіледі, – дейді бас имам.

Мешіттегі білім беру ісі оқу жылымен шектелмейді. Жазғы демалыс кезінде балалардың уақытын тиімді өткізу мақсатында маусым, шілде және тамыз айларында арнайы 25 күндік сауат ашу курстары ұйымдастырылады.

Шәкірттер білім деңгейіне қарай топтарға бөлініп, Құран оқуды, араб графикасын және ислам әдебін меңгереді. Оқу соңында әрбір шәкіртке арнайы сертификат табысталады. Бұл тек қағаз емес, баланың еңбегін бағалау және оның білімге деген ынтасын арттырудың құралы. Сабақ кестесі шәкірттердің мектептегі оқуына ешқандай кедергі келтірмейтіндей етіп, көбіне демалыс күндеріне жоспарланған.

Рудныйлық жастар тек кітап бетіне үңіліп қана қоймай, өз білімдерін бәсекелестік ортада сынап келеді. Мешіт ұжымы түрлі интеллектуалдық додалар мен Құран оқу жарыстарын жиі ұйымдастырады. Жақында өткен облыстық фиқһ (ислам құқығы) жарысында «Нұр» мешітінің шәкірттері жоғары деңгей көрсетіп, білімдерінің тереңдігін дәлелдеді.

Алдағы уақытта іске қосылмақшы «Құбыла» бағдарламасы – заманауи трендтер мен дәстүрлі білімді ұштастырған тың жоба.

Сұрақ-жауап форматындағы командалық ойын түрінде өтетін шара жастардың логикасын, жылдамдығын және діни сауатын жан-жақты жетілдіруге бағытталған. Бұл әдіс – жастарға дінді «құрғақ уағыз» ретінде емес, қызықты әрі танымдық ақпарат ретінде жеткізудің тиімді жолы.

Сұхбат барысында Серік Рахым жастардың интеллектуалдық деңгейіне ерекше тоқталды. Оның пайымынша, шынайы мұсылман тек діни қағидаларды білумен шектелмеуі тиіс. Ол – тарихты таныған, әдебиетті сүйген, ғылымға құштар тұлға.

– Өз басым айына бір кітап оқу жобасын қолға алдым, арнайы кітапханаға барып, оқуды әдетке айналдырып жатырмын. Елбасымыз да «кітап оқитын ұлт» жобасын құрылтайда көтерді. Сол жобаға біз де үн қосуымыз керек. Кітап дегенде тек діни кітаптар ғана емес, жастар әдебиетке, тарихқа, ақын-жыраулар шығармаларына да қанық болуы керек деп ойлаймын.

Бұған дейін Шерхан атамыздың «Бір кем дүние» еңбегін, Бауыржан атамыздың кітаптарын оқып шықтық. Сонымен қатар «Көшпенділер», «Абай жолы» романдарын да оқыдым.

Менің ойымша, кез келген Қазақстан азаматы қазақ поэзиясын, қазақ ұлтының тарихын, көрнекті тұлғаларының еңбектерін оқу керек. Сонда ғана адам жетістікке жетеді. Бір сөзбен айтқанда, білім алу – инемен құдық қазғандай. Тек мешітке бір сағат келіп, оқып кеткеннен үлкен нәтиже болмайды. Ең бастысы – тәлім-тәрбие, мінездің өзгеруі, сауатты, жан-жақты тұлға болып қалыптасу. Сондықтан бір ғана саламен шектелмей, барлық бағытты меңгеру қажет деп ойлаймын.

Мүмкін біреу діни маман болады, ұстаз болады, ал енді бірі басқа салаға кетуі мүмкін. Сондықтан біз шәкірттерге үнемі айтамыз: тек дінмен шектелмеңіздер, әдебиет оқыңыздар, тарихты біліңіздер, кітапханаға барыңыздар. Кітап оқымаған адам – надан адам. Кітап, журнал, газет оқымаған адамның ойы толық болмайды. Егер сен кітап оқымасаң, қазақтың тарихын, әдебиетін білмесең, айтатын сөзің де дұрыс болмайды. Оны халыққа қалай жеткізесің?

Қазіргі жастар көбіне кітап оқымайды, ақпаратты телефоннан дайын күйінде алады.  Бұл дұрыс емес. Кітап оқымаса, адам ойын дұрыс жеткізе алмайды. Сондықтан жастар білімді, сауатты болуы керек, – деп ашық айтты имам.

Шынында да, жыраулар поэзиясы мен классикалық әдебиетті оқыған жастың отаншылдық рухы биік болады. Қазіргі «дайын ақпарат» дәуірінде (TikTok, Instagram секілді желілерден алынған үзік-үзік деректер) терең білімнің орны ойсырап тұрғаны жасырын емес. «Нұр» мешіті бұл олқылықтың орнын толтыру үшін шәкірттерді кітапханаға баруға, тарихи еңбектерді саралауға шақырады.

Бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі – жастардың жат діни ағымдардың жетегінде кетуі. Әлеуметтік желілердегі «уағызшылардың» көбеюі ақ пен қараны ажырата алмайтын жас буын үшін үлкен қауіп. Серік имам бұл мәселеде өте сақ болуды ескертеді.

– Жалпы дін мәселесі қазіргі таңда өте өзекті тақырыпқа айналды. Өйткені әлеуметтік желі бізге күнделікті неше түрлі дүниелерді көрсетіп жатыр. Діннің атынан сөйлейтіндер қазір көбейді. Бұл жерде сөйлеп жатқан адам кім? Дін маманы ма, ресми діни басқарманың тағайындаған имамы ма, әлде ұстаз ба? Оны халық біле бермейді.

Соңғы болып жатқан оқиғаларға байланысты ресми діни басқарма мәлімдеме жасады. Яғни, Наурыз мерекесіне қатысты бір азамат «Наурызды тойлау харам» деп, «дұрыс тойламай жатырсыңдар, Наурызды даңғаза етіп өткізіп жатырсыңдар» деген пікірлер айтты. Осыған байланысты ресми діни басқарма үн қатты. Олар бұл пікірді айтқан адамның мешітке де, дінге де қатысы жоқ екенін, діни маман емес, жай ғана жеке тұлға екенін атап өтті. Сондықтан оған қатысты заңнама тұрғысынан шара қолданылып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жағдай бар. Жалпы, дін мәселесі туралы сөз айту үшін өте сақ болуымыз керек.

Біз Қазақстан – зайырлы мемлекетпіз. Бұл дегеніміз – зайырлы қоғамда өмір сүріп жатырмыз, дінге ешқандай шектеу жоқ. Екіншіден, Наурыз сияқты ресми мерекелерді «харам» деп жоққа шығару немесе мазақ ету дұрыс емес. Бұл діни тұрғыдан да, заң тұрғысынан да дұрыс емес. Сондықтан біз әрқашан сақ болуымыз керек. Біз мешіт жамағатына да, күнделікті уағыздарымызда да үнемі ескертіп отырамыз: дін атынан сөйлеуде абай болу қажет.

Әлеуметтік желіде отырған адамдар мұндай пікірлерге әртүрлі көзқарас білдіреді. Бірақ мұндай әрекеттер дінге де, қоғамға да зиян келтіреді. Пікірлерді оқысаң, төбе шашың тік тұрады. Сондықтан ең бастысы – дінге пайдаң тимесе де, зиян келтірмеу керек.

Мұсылман деген кім, ол қандай тұлға? Ол қолымен, тілімен өзгеге зиян тигізбеген адам. Мұсылман еліне, жеріне, халқына пайдасы тиген адам. Сыртқы бейнесін ғана айтпаймыз, – деп түсіндірді ол.

Осы тұста жастарға берілер басты кеңес – дереккөзді тексеру, әлеуметтік желідегі кез келген ақпаратқа сенбеу, тек Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан мақұлданған ұстаздарды тыңдау.

«Ал дін деген не?» сияқты сұрақ туындауы мүмкін. Имам бұл сұраққа да жауап қатты.

– Дін деген – тәрбие, тәлім. Ислам болу үшін үш нәрсе керек. Біріншісі – иман, яғни сенім болуы керек. Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед – Оның елшісі. Екіншісі – ислам. Ислам дегеніміз не? Ислам – шариғат, яғни үкім. Алланың бұйырған амалдарын орындап, тыйған нәрселерінен аулақ болу. Үшіншісі – ихсан. Ол – көркем мінез. Осы үшеуі болса, ол дін болады. Әрбір іс-әрекетімізді Алла көріп тұр деп атқаруымыз керек. Құлшылық жасасаң да, ізгілік жасасаң да – бәрін көріп тұр. Абай атамыз да «бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп айтып кеткен, – деп түйіндеді сөзін имам.

Рудныйдағы «Нұр» мешіті бүгінде 40-тан астам баланы тұрақты оқытып, облыс бойынша сауат ашу деңгейінде алдыңғы қатардан көрініп отыр. Бұл – жүйелі жұмыстың жемісі. Имам Серік Рахымның бастамасымен атқарылып жатқан шаралар болашақта еліне адал, дініне берік, білімді де парасатты тұлғалардың шығуына негіз болары анық.

Ел ертеңі – білімді жастардың қолында. Ал сол білімнің нәрі имандылықпен суарылса, ол ұрпақ ешқашан адаспайды. «Нұр» мешітінің ұстанымы да осы – жастарды ғылым мен білімге, әдебиет пен тарихқа баулу арқылы кемел тұлға қалыптастыру. Кеншілер қаласындағы бұл рухани ошақтың жұмысы өзге өңірлерге үлгі боларлықтай.

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО