«Таза Қазақстан»: Рудныйлықтар көктемгі тазалық науқанына білек сыбана кірісті

Рудный қаласында 1 сәуірден бастап көктемгі абаттандыру айлығы мен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік басталды. Сәуірдің 1-і мен 2-сі күндері тазалық жұмыстарына қаланың 55 мекемесі мен кәсіпорнынан барлығы 1470 адам қатысып, 30 арнайы техника жұмылдырылды.
Ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлшат Ермешекова атап өткендей, қаланы санитарлық тазарту жұмыстарына, ең алдымен, бюджеттік ұйымдар, ардагерлер қозғалысының өкілдері мен Жастар ресурстық орталығы белсенділік танытуда.
Бұл іске коммуналдық кәсіпорындар мен әлеуметтік мекемелер де, атап айтқанда, «Рудный жылу желілері» ЖШС, «Рудный су арнасы» ЖШС, қалалық аурухана мен емхана ұжымдары қосылды. Әр ұйымға нақты аумақтар бекітілген.
Сондай аумақтардың бірі – Иван Франко көшесіндегі аллея. Мұнда Ішкі саясат бөлімінің, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, №10 мектеп-гимназиясының ұжымы мен жыл сайын сенбіліктерден қалмайтын ардагерлер еңбек етті.

Сенбіліктің алғашқы күні қыс бойы жиналып қалған қоқыс тазартылса, 2 сәуірде жапырақтарды жинау жұмыстары жүргізілді. Гүлшат Ермешекованың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда қала аумағы едәуір тазарып қалған, десе де тұрмыстық қалдықтар мәселесі әлі де өзекті болып отыр.
– Қыстан кейінгі қоқысты, атап айтқанда, түрлі пакеттерді, шөлмектерді, кәмпит қағаздары мен қағаз қиындыларын жинадық. Тіпті, ішінде қоқысы бар пакеттер де табылды. Оларды тұрғындардың өздері шығарып, аллеядағы шыршалардың астына тастап кеткені байқалады. Сенбіліктің екінші күні жапырақтарды тазаладық. Өткен жылмен салыстырғанда мұнда қоқыс әлдеқайда аз, бірақ соған қарамастан кездесіп жатыр. Себебі маңайда дүкендер мен тұрғын үйлер орналасқандықтан, қоқыс солардан шығады. Сондай-ақ осы көшеде орналасқан барлық дүкендер мен кәсіпорындарды аралап шықтық. Жеке ұйымдарды осы акцияға қосылып, өз аумақтарын тазартуға шақырдық. Көбі қазірдің өзінде тазалық жұмыстарына кірісіп кеткен, кәсіпкерлердің ешқайсысы бас тартқан жоқ. Олар бұл бастаманы қолдап, өз нысандарына іргелес жатқан аумақтарды ретке келтіреді деп ойлаймын, – деді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы.
Қаланың еңбек ұжымдары мен білім беру мекемелері де тазалық жұмыстарына белсене атсалысуда. Мәселен, №10 мектеп-гимназиясының ұжымы И. Франко көшесіндегі аллеяда бірнеше жылдан бері еңбек етіп келеді. Оларға бекітілген аумақ – Владимир Ленин ескерткішінің маңы. Бұл аймақ ұдайы күтім мен назар аударуды қажет етеді. Бұл жолғы сенбілікке 16 адамнан тұратын жұмыс тобы шықты. Мұнда атқарылатын іс жеткілікті: олар қоқыс жинап, өткен жылдан қалған жапырақтар мен бұталарды тазалауда.
Маңайда қоқыс жәшіктері мен контейнерлер орналасқанына қарамастан, бұл аумақ жиі ластанады. Сенбілікке қатысушылар өз еңбектеріне деген мұндай құрметсіздікті көрудің ауыр екенін айтады. Сонымен қатар, өтіп бара жатқан тұрғындардың көбі, әсіресе аға буын өкілдері, тазалықшыларға қолдау көрсетіп, алғыс айтады және жұмыс процесіне кедергі жасамауға тырысады. Дегенмен, жұрттың көзінше қоқыс тастап кететіндер де кездесіп қалады.
– Тұрғындардың басым бөлігі, негізінен үлкен кісілер, бізді үнемі жігерлендіріп, атқарып жатқан жұмысымыз үшін ризашылығын білдіреді. Егер біздің аумақты тазалап жатқанымызды көрсе, кедергі келтірмеу үшін айналып өтеді. Бірақ немқұрайлылық танытып, дәл сол жерге қоқыс немесе кәмпит қағазын тастап кететіндер де бар. Қар еріген соң, бұл аумақта үй жануарларын серуендететін тұрғындардың да мәдениеті сын көтермейтіні айқын көрінді, – деді №10 мектеп-гимназиясының қызметкері Дина Әлімбаева.
Ұжым қала аумағынан бөлек, мектеп іргесіндегі жерді де тазартып үлгерді. Мұндай акциялар тек тазалық орнатып қана қоймай, адамдардың басын біріктіріп, туған қалаға деген жауапкершілік сезімін қалыптастыратынына олар нық сенімді.
– Тазалық – барша азаматтың саулығының кепілі. Тұрғындардың қоршаған ортаға ұқыпты қарап, қоқыс шашпауын және осы әдетті балаларына да үйреткенін қалаймыз. Барша қала халқын қоқыс тастамауға, тәртіпті бұзбауға және қаланы абаттандыру жұмыстарына белсене қатысуға шақырамын, – деп толықтырды Дина Әлімбаева.
Қалалық кәсіпорындар да сенбілікке қарқынды түрде қосылды. Мәселен, «Рудный жылу желілері» ЖШС атынан қызметкерлер қатысып, арнайы техника жұмылдырылды. Кәсіпорынға Батищев-Тарасов көшесінің Свердлов және Мир көшелері аралығындағы аумағы бекітілген. «Рудный жылу желілері» ЖШС бас инженері Самат Башпаев бұл учаскедегі жағдайдың жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын атап өтті.

– Бұрын мұнда қоқыс үйінділері көп болатын, ал қазір қалдықтардың азайғаны байқалады. Тұрғындар тазалық жұмыстарының жүйелі жүргізіліп жатқанын көріп, қоршаған ортаға ұқыпты қарай бастады. Бұл көше бізге төртінші жыл қатарынан бекітіліп отыр. Сенбілік – табиғат аясына шығып, ұжымды ұйыстыратын өзіндік бір іс-шара іспеттес. Жұмысты қоқысты қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына шығарудан бастадық. Тазалыққа арнайы техникалар – екі «КамАЗ» және екі тиегіш тартылды. Сонымен қатар, кәсіпорнымызға іргелес аумақты да ретке келтіріп жатырмыз, – деді Самат Башпаев.
«Рудный су арнасы» ЖШС қызметкерлері де 50 лет Октября көшесінен бастап Комсомол даңғылына дейінгі бекітілген аумақтарды тазартуға қатысты. Сенбілік барысында қоқыс, қураған жапырақтар мен бұталар жиналып, іргелес учаскелер тәртіпке келтірілді. Әрбір қызметкер ортақ іске өз үлесін қосып, туған қаласының тазалығына деген жауапкершілігі мен қамқорлығын танытты. Мұндай шаралар экологиялық мәдениетті қалыптастыруда, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттауда және халық үшін қолайлы жағдай жасауда зор маңызға ие.
2 сәуір күні қаланың көптеген ұйымдары көшелерді тазалауды жалғастырып жатқанда, мәдениет бөлімінің қызметкерлері Фрунзе көшесіндегі сайдың бойын тазарту жұмыстарын жүргізді.
– Қаланы қыстан қалған қоқыс пен ластықтан тазарту мақсатында сенбілікке шықтық. Мұнда қоқыс өте көп, бірақ бұл қол қусырып отыруға себеп емес. Аумақты барынша тазартуға тырысып жатырмыз және тұрғындарды тәртіп сақтауға шақырамыз. Бұл жұмысты тек өзіміз үшін емес, балаларымыз қауіпсіз әрі жайлы ортада серуендеуі үшін баршамызға ортақ мақсатта атқарудамыз. Тазалыққа бала кезден баулу өте маңызды. Өкінішке қарай, бүгінде көптеген адамдар бейжай өтіп кетеді, ешқандай бастама білдірмейді, ал бұрын тұрғындар мұндай жұмыстарға әлдеқайда белсене араласатын. Қоқыс контейнерлері жүйелі түрде босатылып тұрады, сондықтан мәселе тұрғындардың қалдықтарды белгіленген жерге дейін жеткізбеуінде немесе жай ғана еріншектігінде болып отыр. Қоқыстың бір бөлігін жел ұшырып әкетуі мүмкін, бірақ негізгі себеп – адам факторында. Ойпаттың қоқысқа толып жатқанын көру өте өкінішті, өйткені бұл жер таза, жасыл желекті әрі сулы аймақ болуы тиіс еді. Қазіргі таңда мұнда нағыз қоқыс үйіндісі түзілген. Мұнда негізінен тұрмыстық қалдықтар: пластик шөлмектер, пакеттер мен тағам қаптамалары шашылып жатыр. Ескі техника секілді ірі қалдықтар да кездеседі, бірақ олар аз. Бұның барлығы – адамдардың қоршаған ортаға деген күнделікті көзқарасының нәтижесі, – деді Рудный қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының балалармен жұмыс жөніндегі орынбасары Ольга Осипова.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Юрий Итемгеновтің ақпараты бойынша, қар ерігеннен кейін қалада, әсіресе аулалар мен контейнер алаңдарының маңында қоқыс көптеп шығады. Осыған байланысты аумақтарды мекемелерге бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Қаланың барлық тұрғындарын бейжай қалмауға және өздеріне іргелес аумақтарды ретке келтіруге шақырамыз. Жиналған қоқысты шығару жұмыстары бір-екі күн ішінде ұйымдастырылады, – деп атап өтті Юрий Итемгенов.
Қала тұрғындарына сенбіліктерге белсене қатысу туралы үндеу тасталып, күнделікті тазалықты сақтаудың маңыздылығы ескертілді. Сенбіліктің алғашқы екі күнінде көптеген көшелерге санитарлық тазарту жүргізіліп, өз бетінше пайда болған қоқыс үйінділері жойылды. Барлығы 320 тонна қоқыс жиналды. Жалпықалалық сенбілік сәуір айының соңына дейін жалғаспақ.
Арай АХМЕТ