Грант ұтқан мұғалім: Қаламызда қазақ тілінде орталық жоқ…

Биыл 6 талапкер 1 млн 380 мың теңге көлемінде грант алды

Рудный қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығы» мәліметінше, 31 мамыр күні 11 гранттың алтауы талапкерлер арасында бөлінді. Еске салайық, комиссия биылғы жылдың наурыз айында бірінші отырысын өткізген. Сол кезде ісін жаңа бастаған 5 кәсіпкерге гранттар мақұлданған болатын. Комиссияның шешімі бойынша грант иеленгендердің қатарында педагог Мақпал Ершеева бар. Ол бүлдіршіндер үшін «Дана бала» оқыту-дамыту орталығын ашты.

Мақпал Қанатқызы 4 бала тәрбиелеп отырған көп балалы ана. Ол Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолы Рудный қаласындағы № 12 балабақшада басталған. Одан кейін Береговой ауылына жұмысқа шақыртып, онда әдіскер және қазақ тілі мамандығы болып қызмет атқарды. Содан соң отбасылық жағдаймен қалаға қайта оралып, орталық мұражайда әдіскер болып жұмысын жалғастырған.

«Мұражайда қызмет ете жүріп, менің арманым – балалармен жұмыс екенін түсіндім. Карантин уақытында кәсіп бастау жайлы ойландым. Ол кезде балаларымды өзім оқытып, мектепке дайындағанмын. «Мен орталық ашамын» деп барлық жерге жазып жүрдім. Қазір армандар орындалатынына тағы бір мәрте көзім жетті. Бұл орталықты өз қаражатыма аштым. Мен бұл орынды жалға аламын. Ал, қайтарылмас грант жөнінде инстаграм желісінен білдім. «Атамекен» бизнес бастау орталығынан кеңес алып, онлайн түрде барлық құжаттарымды тапсырдым. Бизнес жоспарымды қорғап, 1 млн 380 мың теңге көлемінде грант алдым. Енді бұл қаражатқа ортаыққа қажетті жабдықтар, компьютер, принтер сатып алмақшымын», — деді Мақпал Ершеева.

«Дана бала» орталығының ашылғанына 1 айға жуық уақыт болды. Қазір 20-ға жуық бүлдіршіндер аптасына үш рет келеді. Қатысу құны – 1 айға 20 мың теңге. Сабақтың ұзақтығы – 2 сағат. Педагог 5-7 жас аралығындағы балаларға жылдам оқуды, саусақсыз санауды, көркем жазуды үйретеді. Сондай-ақ бүлдіршіннің ой-өрісін кеңейтуге арналған дидактикалық ойындар өткізеді.

«Ең бірінші балалардың қабілетін байқау үшін ата-аналардың алдында диагностикалық сабақ өткіздім. Ол ата-аналардың көңілінен шықты. Мен өзім жылдам оқу, мектепке дайындық қосымша курстарын оқығанмын. Егер бала үш айдың көлемінде орталыққа келіп жүрсе, мектепке дайын болып барады. Әріп танымай келген бала буындап сөзді оқиды, есептерді саусақсыз шығарады. Қазіргі балаларда кітапқа деген қызығушылық жоқ. Сондықтан көбіне заманауи ойындарды қостым. Қазіргі уақытта барлық ойын түрлерін сатып алдым. Келешекте орталық кеңейту, бала санын көбейту арманым бар. Балалардың ұсақ қол моторикаларын дамытатын құм терапиясын, басқа да заманға сай методикаларды, әдіс-тәсілдерді қосқым келеді», — деді педагог.

Орталыққа көптеген ата-аналар қызығушылық танытып жатыр. Мұғалімнің айтуынша, Рудный қаласында қазақ тілінде білім беретін орталық санаулы ғана. Тіпті жоқ десе де болады. Орталықтың жұмысы туралы инстаграм желісінде «dana_bala_rudny» парақшасынан көре аласыздар. Педагог осында тұрақты түрде жарнама беріп отырады.

Зерде Жеңіс

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *