Есірткі мен алаяқтықтың құрығы: Рудный жастарына арналған маңызды ескерту
Елімізде қолға алынған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында полиция басқармасының қызметкерлері жастарға арналған арнайы алдын алу форумын ұйымдастырды. Кездесуге ювеналды полиция, криминалдық полиция және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің мамандары қатысты.
Жиынға Рудный қаласындағы барлық колледждердің студенттері жиналды. Басқосу барысында тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтарды тілге тиек етті. Соның ішінде киберқылмыс пен интернет-алаяқтық мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстар туралы Рудный қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Айсұлу Дарбаева егжей-тегжейлі айтып берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда синтетикалық есірткілердің таралуы ең үлкен қауіп болып тұр. Оларды саудалаудың негізгі жолы – бетпе-бет келмей, «жасырын орындар» (закладки) арқылы жеткізу әдісі. Бүгінде жастар арасында мефедрон, «тұз» және альфа-PVP сияқты есірткі түрлері кеңінен тараған. Бұл заттардың басты қауіптілігі – адам оған алғашқы қолданғаннан-ақ тәуелді болып қалады.
Айсұлу Дарбаева алдын алу жұмыстары негізінен жасөспірімдер мен студенттерге бағытталғанын атап өтті. Статистикаға сүйенсек, мұндай қылмыстардың басым бөлігі 16 жастан асқан жастардың қатысуымен жасалады. Осы орайда полиция қызметкері Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік дәл осы 16 жастан басталатынын ескертті. Егер құқық бұзушылық бұл жасқа толмаған бала тарапынан жасалса, оның іс-әрекеті үшін ата-анасы немесе заңды өкілдері жауап береді.

Полиция маманының сөзінше, жастарды есірткі таратуға тарту жұмыстары көбіне әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жүзеге асады. Онда «жалақысы жоғары, жұмыс уақыты икемді курьерлік жұмыс» деген жарнамалар жаппай жарияланады. Осындай жеңіл табысқа алданған жастар өздері байқамай қылмыстық топтың мүшесіне айналып шыға келеді.
Спикер өз сөзінде нақты мысал келтірді: Рудныйда есірткі таратқан 16 жастағы жасөспірім қолға түскен. Қазір оның ісі сотқа жолданды. Ол 10 жылдан кем емес мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Есірткі қылмысы саласындағы заңнама өте қатал және мұндай баптар бойынша жазаны жеңілдететін жағдайлар қарастырылмаған.
Бұдан бөлек, ғимарат қабырғаларына есірткі сататын интернет-дүкендердің мекенжайын жазу (граффити) үшін де үлкен жауапкершілік бар екені айтылды. Көбіне жасөспірімдер мұның соңы қылмыс екенін түсінбей, қабырғаға сурет салып, жазу жазады. Қазіргі дамыған бейнебақылау жүйелері мұндай заң бұзушыларды тез анықтауға мүмкіндік береді.
Тәртіп сақшылары студенттерді бейжай қарамай, осындай жайттарды көрген жағдайда бірден учаскелік инспекторларға, 102 нөміріне немесе полицияның әлеуметтік желідегі парақшаларына хабарлауға шақырды.
Сондай-ақ Айсұлу Дарбаева есірткіні бір рет қана қолданудың өзі жастың болашағына балта шабатынын еске салды. Әсіресе, мемлекеттік құрылымдарға жұмысқа орналасу кезінде полиграф тексерісінен өту міндетті болғандықтан, өткендегі қателік жұмысқа тұруға кедергі болады.
Форумға полицияның қоғамдық көмекшісі, зейнеткер-металлург Татьяна Добровольская да қатысты. Ол өз тәжірибесінде кездескен оқиғалармен бөлісіп, жастарды қырағы болуға шақырды. Оның айтуынша, алаяқтардың құрығына жас та, кәрі де ілініп жатыр. Қаскөйлер көбіне телефон арқылы хабарласып, өздерін ІІМ қызметкері немесе «кезекші санитар» сияқты ойдан шығарылған лауазым иелері ретінде таныстырады. Мұндай қоңыраулар күніне бірнеше рет соғылуы мүмкін және адамдар сеніп қалып, жеке мәліметтері мен кодтарын беріп қояды.
Сондай-ақ студенттерге таныстарының немесе жұмыс берушілердің өтінішімен өз аттарына несие рәсімдеудің қауіпті екені ескертілді. Мұндай іс-әрекеттер адамды үлкен қарызға батырып, өмірін қиындатады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу. Айсұлу Дарбаева мұндай форумның алғаш рет өткізіліп отырғанын, бірақ бұдан былай оны тұрақты түрде ұйымдастыру жоспарда барын жеткізді.
«Біздің қызметкерлер апта сайын мектептер мен колледждерде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Форумдарда біз статистика мен жастардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, ең өзекті тақырыптарды қозғауға тырысамыз», – деді ол.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО