Қашар кенті – 2026

Дамудың даңғыл жолы мен мерейтойлық белес

Қашар кентінің әкімдігінде өткен ресми брифингте кент басшысы Мадина Райымбекова 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын жан-жақты баяндады. Биылғы жыл елді мекен үшін тек мерейтойлық белес қана емес, сонымен қатар инфрақұрылымды түбегейлі жаңғырту мен әлеуметтік мәселелерді шешудің шешуші кезеңі болмақ.

Кент әкімі өз сөзінде халықты толғандыратын баспана мәселесіне жеке тоқталды.

– Өткен жылы басталған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде 84-ші үйді қалпына келтіру процесі өз мәресіне жетті. Қазіргі таңда бұл нысандағы жұмыстардың 98,5%-ы аяқталып, ғимарат пайдалануға толықтай дайын тұр. Алдағы уақытта бұл пәтерлер бюджет қаражаты есебінен сатып алынып, кезекте тұрған тұрғындар арасында әділ бөлінетін болады, – дейді Мадина Қажмуханқызы

Сонымен қатар, биыл кент әкімдігі өз теңгеріміндегі 13-ші үйді қалпына келтірудің құқықтық және техникалық процедураларын қолға алды. Бұл қадамдар кенттегі бос тұрған ғимараттар мәселесін жүйелі түрде шешуге бағытталған.

2026 жылы Қашар кентінің көлік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында кешенді жұмыстар атқарылады:

– Жол жұмыстары: Кент ішіндегі аула жолдарын орташа жөндеуден өткізу үшін барлық техникалық құжаттамалар дайындалған. Бұған қоса, шұңқырларды жөндеу және тиісті жол белгілерін орнату жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіледі. Жолдарды қысқы және жазғы мезгілдерде күтіп ұстау шаралары жыл бойы үздіксіз іске асырылмақ.

– Жарықтандыру жүйесі: Көшелердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында жарықтандыру желілерін техникалық қолдаумен қатар, кенттің кіре беріс бөлігіне жаңа жарықдиодты (LED) шамдарын орнату жоспарлануда.

Мадина Райымбекова кенттің санитарлық жағдайы мен эстетикалық келбетіне де баса назар аударды. «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында кентте тұрақты негізде сенбіліктер мен ағаш егу науқандары ұйымдастырылмақ.

Көгалдандыру жұмыстарының аясында жаңа гүлзарлар орнату, ағаштар мен бұталарды декоративті кесу және шөп шабу шаралары жүйелі түрде атқарылатын болады. Сондай-ақ, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою, дезинсекциялық өңдеу және кент ішіндегі санитарлық тазарту жұмыстары басты бақылауда тұр. Саябақтарды, балалар ойын алаңдары мен спорт нысандарын күтіп ұстау, соның ішінде қыс мезгілінде хоккей кортын сапалы құю жұмыстары да жоспарға енген.

– Биыл Қашар кентінің құрылғанына 50 жыл толады. Бұл айтулы күнге орай негізгі мерекелік іс-шаралар шілде айына жоспарланып отыр. Мерейтойды ұйымдастыруға «Качары руда» АҚ кәсіпорны мен Мәдениет және жастар үйі белсенді атсалысуда.

«Туған қала» бастамасы шеңберінде іске асырылатын жаңа жобалар кент тұрғындарының белсенділігін арттырып, туған өлкеге деген сүйіспеншілігін нығайтуға бағытталған. Кентті абаттандыруға әрбір тұрғын мен кәсіпкердің үлес қосуы маңызды. Бірлескен жұмыс қана Қашардың сапалы дамуына жол ашады, – деп аяқтады сөзін кент әкімі Мадина Райымбекова.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

сурет Қашар кенті әкімдігінің мұрағатынан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *