Алаш рухын асқақтатқан айтыс

Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған өңірлік айтыс өтті

Алаш қозғалысының алып тұлғасы, жазушы, қайраткер, ұлт руханиятының темірқазығы болған Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы Қостанай облысында кеңінен аталып өтіп жатыр. Соның маңызды бір бағдарламасы ретінде Рудный қаласында «Алаш арысы – Міржақып» атты аймақтық ақындар айтысы ұйымдастырылып, елдің рухын көтерген үлкен өнер думаны өтті.

14 қараша күні «Горняк» орталығы қазақ сөзінің құдіретін таныған халыққа лық толды. Айтыс басталардан бұрын-ақ көрерменнің асыға күткені байқалды – бұл Міржақып есіміне деген құрметтің, айтыс өнеріне деген сағыныштың айқын белгісі еді.

Шараның өтуіне қала әкімдігі мен мәдениет бөлімдері қолдау көрсетті. Айтыстың тізгінін Рудный жұртшылығына жақсы таныс, Қазақстан Республикасының ақпарат саласының үздігі, жергілікті ақын, қаланың Құрметті азаматы Арман Хасен ұстады. Оның салмақты сөзі мен сахналық мәдениеті айтысқа айрықша өң беріп, өнер додасының ажарын аша түсті.

Айтыстың мақсаты – Міржақып Дулатұлының мұрасын қайта жаңғыртып, оның елдік идеяларын жастар санасына сіңіру, ұлттық рухты көтеру, суырып салма дәстүр арқылы қазіргі буынның ой-өрісін байыту. Сонымен қатар өңір ақындарына қолдау білдіріп, айтыс өнерінің дамуына серпін беру міндеті тұрды.

Айтыстың әділ бағасын беру үшін тәжірибелі, айтыс өнеріне еңбегі сіңген тұлғалар шақырылды. Қазылар алқасының төрағасы – қазақ айтысының айтулы өкілі, «Алтын домбыра-2025» иегері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, белгілі айтыскер Айбек Қалиев.

— Айтысқа Қостанай облысының әр түкпірінен суырып салма өнердің өрендері қатысты. Әрқайсының өзіндік үні, өз сүрлеуі бар. Сол себепті айтыс басынан-ақ қыза түсті, көрерменнің ықыласы да ерекше болды. Қатысушылардың барлығы — облысқа танымал, тәжірибелі ақындар. Айтыс жоғары деңгейде өтті. Көрерменнің әрбір айтылған сөзге көрсеткен қошеметі мен құрметі соның айқын дәлелі. Халық айтысты қатты сағынғаны байқалды. Осы орайда айтарым: Рудный әкімшілігі айтыстарды бұдан да жиі өткізіп тұрса екен. “Тыңдалмаған сөз жетім” дейді ғой. Сөзің тыңдалып жатса, ақын да шабыттанып, шабысы келеді. Ал Рудныйда сөз тыңдайтын халық бар екеніне көзіміз жетті. Бүгінгі айтыста әсіресе ең жас ақындар – Нағашыбай мен Еламанның өнері ерекше болды. Қыздар арасында Салтанат пен Жібек жақсы өнер көрсетті. Қазылар алқасының шешіміне халық та риза болып, қол соқты. Демек, бағалау әділ болды деп ойлаймын , — деп атап өтті Айбек Қалиев.

ТАРТЫСТЫ БӘСЕКЕ – ЖҮЛДЕЛІ ОРЫНДАР

Қазылар шешімімен жүлделер төмендегідей бөлінді:

Гран-при – Нағашыбай Ақылжанға (300 000 теңге) бұйырды.

І орын – Еламан Тұрсын (250 000 теңге).

ІІ орын – Ғалымгерей Кенжеғозин (200 000 теңге).

ІІІ орын – Жібек Шахмарданқызы және Салтанат Өтелбаева (тең бөлінген 150 000 теңге).

Арнайы номинациялар:

– «Гүлнар Қалқаева атындағы номинация» – Бағила Балмашева (100 000 теңге)

– «Қонысбай Әбіл атындағы номинация» – Байбатыр Ахметбек (100 000 теңге)

– «Игілік Бейсенбаев атындағы номинация» – Мамай Ізтілеу (100 000 теңге)

БАС ЖҮЛДЕ ИЕСІ –  ЖАСТАҒЫ НАҒАШЫБАЙ АҚЫЛЖАН

– Суырып салма өнерге деген қызығушылық қашан оянды?

– Айтысқа деген ықылас менде ерте пайда болды. Мектепте оқып жүрген кезімізде үй ішінде күнде айтысып, сөз қағыстырып жүретінбіз. Інім де, ағам да – ақынжанды, домбыраны жастайынан серік еткен балалар. Сол ортаның өзі маған үлкен мектеп болды. Үлкен сахнаға алғаш 2018 жылы шықтым. Сол күннен бастап айтыс әлемінен алыстамадым. Қатысушылардың ішінде жасы кішісі мен екенмін. Бірақ жас болу – жеңілдік емес, қайта жауапкершілік. Сол үшін барымды салып дайындалдым, еңбектендім. Өзім заңгермін, қазір жұмыс іздеп жүрмін. Бірақ өнерден қол үзбеймін. Айтысты хобби деуге болады, бірақ ол менің өмірімнің бір бөлігі. Алдағы уақытта да айтыстарға міндетті түрде қатысамын. Қазіргі туған інім де айтысқа келіп жүр, соған қарап та қуат аламын. Финалда өткен Құлмамбет айтысы шараның шоқтығы биік сәті болды. Бір сахнада қатар тұрған бес ақынның қағысы, әзіл-сықаққа құрылған қақтығысы залды дүркіретіп жіберді. Бұл тәсіл көрерменді жалықтырмай, айтыстың табиғи темпераментін күшейтті.

– Бүгінгі айтыстан қандай әсер алдыңыз? Қарсыластарыңыз туралы не айтар едіңіз?

– Мен үшін бұл айтыстың орны ерекше болды. Себебі қарсыластар – тәжірибесі мол, сөз саптауы қалыптасқан мықты айтыскерлер. Қарсыластар оңай болған жоқ, мойындау көп. Әр жұпта мен үшін бір жаңа белес ашылды. Бас жүлде аламын деп мүлде ойламап едім. Аймақтық, облыстық, республикалық айтыстарға бұған дейін талай қатыстым, бірақ дәл осы жолғы жағымды жаңалық – тұңғыш Бас жүлдем. Қуанышымның да, толқуымның да себебі сол. Шынымды айтсам, мұншама халық жиналады деп ойламадым. Залдың қуаты бөлек болды. Әр айтылған сөзді қалт жібермей тыңдап, қошемет көрсетіп отырған көрермен маған ерекше рух берді. Ақын үшін халықтың қолдауы – үлкен шабыт.

Рудныйда өткен бұл аймақтық айтыс – өнердің ғана емес, елдік сананың да салтанаты. Көрерменнің ерекше ықыласы, ақындардың жігерлі сөздері, қазылардың әділ бағасы – бәрі Міржақып рухы алдында жасалған үлкен құрмет болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, айтыс дәстүрдің жалғасатынын, халықтың айтысқа деген сағынышы әлі де ерекше екенін дәлелдеп берді.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суреттерді түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *