«Өмірі өнегелі қаламгер»

Рудныйда өткен рухани басқосу жайлы

Ұлт руханиятының мәйегі – сөз өнері. Халықтың жүрегіне сәуле шашып, санасына нәр құятын да – көркем ой, көркем сөз. Осы бір киелі өнерді ардақтап, туған топырақта өсіп шыққан қаламгердің еңбегіне құрмет көрсету – елдіктің белгісі. Осыған орай, Рудный қаласында «Әдеби қолтаңба» өлкетану жобасы аясында жергілікті ақын, қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы саласының абзал ардагері Жаңбыршы Тілеуғабыловпен тағылымды кездесу өтті.

Кешті қалалық мемлекеттік тілдегі кітапхана ұйымдастырды. Шараның басты мақсаты – жергілікті қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау, жастарды кітап пен әдебиетке жақындату, туған жерден шыққан тұлғалардың өнегелі жолын таныту. Кешке қала мектептері мен колледж студенттері, жас ақындар, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен қонақтар қатысты.

Жаңбыршы Тұқатұлы– ауылдан бастау алып, елге қызмет еткен адал жан. 1953 жылы қасиетті Торғай даласында дүниеге келген ол Наурызымның топырағында ер жетті. Мектеп табалдырығынан бастап еңбекке ерте араласқан жас жігіттің өмірі мал шаруашылығы, қоғамдық жұмыстар, комсомол ұйымдарынан бастау алып, ауыл әкімдігіне, түрлі басқармаларға, қалалық деңгейдегі жауапты қызметтерге ұласты.

Талай жыл бойы мал дәрігері, бөлімше жетекшісі, шаруашылық басшысы, аудандық және қалалық ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшысы болып еңбек еткен Жаңбыршы Тұқатұлы қызметін абыроймен атқарды. Кейінгі жылдары Рудный қалалық Ақсақалдар кеңесіннің төрағасы қызметін атқарып жүр.

Тек қызметпен ғана емес, қаламмен де елдің жүрегіне жол тапқан тұлға «Қазақ тіл қоғамының» белсенді мүшесі, тіл жанашыры ретінде ұлттық құндылықтарды насихаттаумен айналысуда. Ақынның шығармалары облыстық және қалалық басылымдарда тұрақты жарияланып, оқырман ықыласына бөленіп келеді.

Кеш шымылдығы қазақтың қоңыр әуезіндей жарасымды басталды. Жыр мен саз астасқан рухани кеште қаламгердің өмір жолы баяндалып қана қоймай, оның азаматтық болмысы, елге сіңірген еңбегі кеңінен ашылды.

Ақынмен замандас, көзкөрген үлкендер, зиялы қауым өкілдері жылы лебіздерін білдірді. Солардың ішінде ел ағасы, белгілі қоғам қайраткері Қалқаман Жақыптың сөзі кештің шырайын кіргізді.

«Ең алдымен Рудный қаласына кіргенде ұлтымыздың тарихы мен даналығының символы – философ Абайдың суреті бізді қарсы алды. Төменге көз жіберсек, қазақтың кең байтақ жерінде қыздардың билеп жатқанын көрдік. 65 жыл бұрын біз өсіп келе жатқан жастар мұндай сәтті армандауға да дәтіміз жетпейтін. Ал қазір тәубе, осындай заманда өмір сүріп жатқаныма қуаныштымын. Кейбір арман мен қиял шындыққа айналмай қалуы мүмкін, бірақ бүгінгі күн – сол орындалған армандардың бірі. Орталарыңыздағы Жаңбыршы бауырымыз Абайға еліктеп, ой мен сезімді жастарға, махаббатқа, елге деген адалдыққа, адамгершілік пен бостандыққа арнап өлеңмен өріп, көпшілікке жинақ етіп ұсынып отыр. Тек денсаулық, амандық тілейміз!» – деді облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы.

Кеш барысында Б.Майлин, М.Дулатов атындағы мектептердің оқушылары ақын өлеңдерін оқып, тыңдарманды терең ойға жетеледі. Қазақтың киелі домбырасын сөйлеткен өнерпаздар «Алтын домбыра» студиясының күйлерін орындап, залды ұлттық әуенмен тербетсе, белгілі күйші, ақын, композитор Қайырғали Әбішов ақын досына арнаған «Дәурен-ай» күйін тарту етті.

Шара барысында кітапхана ұжымы ақынның әр жылдары облыстық және қалалық баспасөзде жарияланған мақалалары мен өлеңдерінен арнайы көрме ұйымдастырды. Бұл көрме – қаламгердің көсемсөздік қырын, азаматтық позициясын, тіл жанашыры ретіндегі еңбегін айшықтай түсті.

Оқырман қауым ақын шығармашылығын жаңа қырынан танып, елдік мәселелерге, ұлттық тәрбиеге, ана тіліне қатысты оның ойларын көріп, тыңдау мүмкіндігіне ие болды.

Кеш соңында Жаңбыршы Тұқатұлының қызы, Жадыра Жаңбыршықызы әкесінің мейірімді жүрегі мен адамгершілігінен туындаған әсерлі ойларын бөлісті. Бұл – әкенің еңбегін құрмет тұтқан перзенттің шынайы сезімі еді.

Ақын өзі де көрерменге алғысын білдірді. Кеш соңында ақсақалдан ақ бата алып, жиналған жұрт жылы әрі рухани көтеріңкі көңілмен тарқасты.

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *