Рудныйда Міржақып Дулатұлына арналған мұражай есігін айқара ашты
Қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуы мен елдік санасының өсуінде орны ерекше тұлғалар бар. Солардың алдыңғы шебінде тұрғандардың бірі — көрнекті жазушы, жалынды публицист, қоғам қайраткері, ағартушы, Алаш қозғалысының жетекшісі Міржақып
Дулатұлы.
ХХ ғасыр басындағы саяси-әлеуметтік өзгерістер тұсында қазақтың азаттығы үшін күрескен ойшылдың «Оян, қазақ!» деп ұран тастауы – ұлт рухының қайта түрегелуіне себеп болған тарихи бетбұрыс. Оның қаламынан туған туындылар, қоғамдық қызметі, азаттық жолындағы қайсар ұстанымы қазақ қоғамының дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Биыл Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл. Бұл мерейтой тек бір өңірдің ғана емес, тұтас елдің рухани өмірінде маңызды оқиғаға айналды. Республика бойынша ғылыми-практикалық конференциялар, әдебиеттер фестивалі, айтыстар, шығармашылық байқаулар, оқулар мен зерттеу жобалары өткізілді. Барлық іс-шаралар қайраткердің өмірі мен шығармашылығын терең танытатын, оның мұрасын жас ұрпаққа жеткізетін ауқымды бастамаларға айналды.
Қостанай өңірінде мерейтойлық шаралар жыл бойы үздіксіз жалғасуда.

Өткен аптада Міржақып Дулатұлы атындағы мектеп қабырғасында қайраткерге арналған «Ел үшін туған ердің мәңгілік мұрасы» атты мұражай салтанатты түрде ашылды. Бұл – аймақтағы білім беру саласы үшін ғана емес, ұлттық руханияттың кеңеюі үшін айрықша маңызды бастама.
Биыл білім ордасына — 60 жыл. 2022 жылы мектепке Міржақып Дулатұлының есімі берілген. Сол жылы оқу ордасында осы мұражай ашу идеясы көтеріліп, мектеп директоры мен педагогикалық ұжым құнды материал жинауға атсалысқан.
Мұражайдың ашылу салтанатына айтыскер, ақын, мәдениет саласының үздігі Айбек Қалиев, қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жаңбыршы Тілеуғабылов, Рудный қаласы білім бөлімінің басшысы Темірхан Жайлибаев, сонымен қатар облысымызға белгілі айтыскерлер, мәдениет саласының өкілдері шақырылды.
Салтанатқа келген зиялы қауым өкілдері жаңа мұражай залының заманауи жүйеде жасақталғанын ерекше атап өтті.
– Ерекше күйде тұрмыз. Міржақып Дулатұлының мұрасы қазіргі заман үлгісінде насихатталып жатыр. Мұндай білім ордалары көбінесе Астанада кездеседі, бірақ Рудныйда да олар тез дамып келеді. Міржақып атамыздың есімімен аталған бұл мектеп ұлттық дәстүр мен мәдениетті жастарға жеткізудің үлгісін көрсетеді, заманауи технологияны тиімді пайдаланып, оқу процесін жаңаша ұйымдастырады. Көптеген адамдар Рудныйды қазаққа жат қала деп ойлауы мүмкін, бірақ мектеп дәл осы ойды жоққа шығарып, нағыз қазақы қара шаңырақ екенін дәлелдеп отыр. Мұндай білім ошақтары көбейіп, дамуын жалғастыруы маңызды, – деп пікір білдірді Айбек Қалиев.
Экскурсияны қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі жүргізіп, әр залдың мазмұнын таныстырды. Жаңадан ашылған мұражай экспонаттарға толы.
Атап айтсақ, “Оян, қазақ!” жинағы, Міржақып Дулатұлының өмір жолы, қоғамдық қызметі, шығармашылық мұрасы туралы инфографикалық материалдар, қайраткердің отбасымен, серіктерімен, Алаш партиясын құрған кезеңдегі тарихи фотосуреттер, Дулатұлын зерттеген белгілі ғалымдар, соның ішінде Қайсар Әлімнің еңбектері және Қостанай облыстық, Торғай және Жангелдин аудандық мұражай мұрағаттарынан әкелінген жәдігерлерге толықтырылған. Сонымен қатар, мектепте оқушылардың шығармашылық жобалары: иллюстрациялар, эсселер, ғылыми зерттеулер жинақталған бұрыштарда бар.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрымжан Милақатов мұражай бөлмесін жасақтау жұмыстарының ұзақ әрі жүйелі жүргізілгенін атап өтті.
– Мақсат – жас ұрпаққа қоғам қайраткерінің мұрасын кеңінен таныстыру. Өткен жылдан бері қарқынды түрде түрлі шараларды өткізіп келеміз және алдағы уақытта жалғасын табады. Оқушылардың да шығармашылық жұмыстары көрмеге қосылды. Биыл алғашқы рет республикалық деңгейде «Міржақып оқулары» байқауы өтті. Астана, Шымкент және Қостанай облыстарынан 202 оқушы қатысты. Алдағы уақытта мұғалімдер арасында ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылмақ, – дейді ол.
Ашылу салтанатына жиналған қонақтар мұражай бөлмесінің және тарихи бұрыштарды зерттеп, мектеп ұстаздарының деректер тыңдап, кейбір жәдігерлердің тарихымен алғаш рет танысу мүмкіндігін алды. Әдебиет сүйер оқушылар ақын шығармаларынан үзінділермен қатар арнау шумақтарын оқыды.
Кездесу соңында жиналған қауым мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, естелік суретке түсіп тарқасты.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Айбар БЕРІК