Өнерлі келін, өрелі дәстүр

«Super келін – 2025» байқауы биыл қалай өтті?

«Орбита» демалыс орталығында дәстүрге айналған «Super келін – 2025» сайысы биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты – қазақтың салт-дәстүрін ұлықтап, келіндердің өнері мен отбасылық тәрбиедегі орнын дәріптеу. Ұлттық құндылықты заманауи форматта танытуды көздеген байқауда қатысушылар өз шеберлігін, білімі мен мәдениетке деген құрметін көрсетті.

Биылғы сайыс бес кезеңнен тұрды. Алғашқысы – таныстыру. Бұл бөлімде келіндер бейнеролик арқылы өздерін, отбасын, кәсібі мен шығармашылық қабілетін таныстырды. Екінші кезең – дәстүр. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына қатысты сұрақтар арқылы қатысушылардың білімі сыналды.

Байқауға қатысушылардың әрқайсысының өзіндік талпынысы мен болмысын байқадық. Мәселен, келін атанғанына небәрі бес ай болған Марьям Кабулова сахнада өзіне сенімді көрінді:

– Бұл конкурс туралы «Алые паруса» парақшасынан біліп, қатысуға шешім қабылдадым. Таныстыру кезінде өзім жазған әнмен үш жұртымды таныстырдым. Екінші кезеңде «Тәтті қыз» тортын пісіріп алып келдім. Үшінші кезең – бесікке салу. Артымнан ерген төрт інім бар, сол себепті бұл рәсімді жақсы білемін. Төртінші кезеңге монолог дайындадым.

Мұндай сайыстарға алғаш қатысып отырған жоқпын – мектеп кезінен-ақ өте белсенді едім. Сол себепті дайындық көп уақыт алмады, бар болғаны 15 күн қажет болды.

Жарты жыл бұрын келін атанған Анара Рахметованың дайындығы да ерекше:

– Конкурсқа бір апта көлемінде дайындалдым. Қобалжып кетем бе деп ойлаған едім, бірақ керісінше бәрі жақсы өтіп жатыр. Үшінші кезең – хобби. Бұл бөлімге ролл дайындап келдім. Негізі бешбармақ пен қуырдақ та жасай аламын, бұл жолы жаңа тағам түрлерін зерттейін, әзірлейін деп шештім.Мұндай шаралар адамды дамытады, рухани сергітеді, жаңа таныстықтар сыйлайды, – дейді Анара.

«Super келін – 2025» атағын жеңіп алған – Іңкәр Қасымова. Біз жеңімпазбен әңгімелесіп, оның сайысқа келу жолы мен дайындығы туралы толығырақ білдік.

Іңкәр ханым, осы байқауға қатысу идеясы қайдан туды?

– Байқау туралы маған ең алғаш қайын әпкем айтты: «Қатысып көр, бағыңды сына!» деп. Шарттарымен танысып шыққаннан кейін өзіме ұнап қалды. Таныстыру, өнер көрсету сияқты кезеңдер қызықтырды. Содан «неге қатыспасқа?» деп дайындыққа кірістім.

Дайындық қалай жүрді?

– Дайындық оңай болған жоқ. Бала тәрбиелеп, үй тірлігін қатар алып жүру біраз уақытты алды. Сол себепті жақындарым қолдау көрсетті.

Қай кезең ерекшеленді?

– «Сый табақ деген не?» деген сұрақ қойылды. Бұл – келіндерге таныс ұғым, сондықтан түсіндіріп өттім. Жасау жайлы да айттым. Ал бесікке салу кезеңі маған қиындық туғызған жоқ. Баламды өзім бөледім, енемнің жанында көп нәрсені үйренгенмін. Бірақ көпшілік алдында орындау сәл қобалжытты.

– Келіндік өміріңіз жайлы не айта аласыз?

– Келін болып түскеніме бес жылдай болды. Алғаш үлкен отбасында, қайын інілеріммен бірге тұрдық. Енем мен абысымнан көп нәрсе үйрендім. Өзімді жақсы келін болдым деп есептеймін.

– Жеңімпаз атану сізге қалай әсер етті?

– Қарсыластарым өте мықты болды. Кей сәттерде қорқақтап та қалдым – қыздар креативті, жан-жақты. Сахнаға шығарда қобалжу болды. Бірақ еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын.

– Қызметіңіз туралы да айта кетсеңіз.

– Мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. 5 жыл ұстаздық еттім. Қазір жеке логопед-дефектолог болып жұмыс істеймін.

«Super келін – 2025» – салт-дәстүрді сахна тілімен жеткізетін ғана сайыс емес. Бұл – қазақ келінінің болмысын, тәрбиесін, шеберлігі мен мәдениетін жаңаша көрсететін маңызды мәдени жоба.

Биылғы бес қатысушының өнері мен талпынысы бұл дәстүрдің өміршең екенін дәлелдеді. Ал ұйымдастырушылар сайыстың алдағы жылдары да жалғасатынын айтты.

 

Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *