Жұмысшы мамандықтары ешқашан маңызын жоғалтпайды
Жаңа оқу жылының табалдырығы таяп қалғанда, Рудный тау-кен технологиялық колледжі талапкерлерге өзгеше бір сый жасады. Бұрын-соңды болмаған форматтағы қызықты шара өткізді.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткен бұл сайыс бес кезеңнен тұрды. Әр кезеңде қатысушылардың ой-өрісі мен ептілігі сыналды: ребус шешті, допты алысқа лақтырып жарысты, аббревиатураларды анықтады, ал кейбірі жұмыс құралдарын рет-ретімен орналастырып, болашақ мамандығына бір қадам жақындай түсті.
«Біз ең алдымен белсенді, спортқа бейім, көңілді студенттерді танып, олардың колледж өмірінде жарқырай түсуіне жол ашқымыз келеді. Мұндай шараны алғаш рет өткізіп отырмыз. Биыл жаңа идеялар мен шығармашылық бастамалар көп. Мектептер мен колледждер арасында байланыс нығайып келеді. Әрбір талапкердің өз саласының майталманы боларына сенеміз. Жұмысшы мамандықтары ешқашан маңызын жоғалтпайды», – дейді колледждің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Екатерина Минеева.
Қазіргі таңда колледжде 400-ге жуық студент білім алуда. Олар машинист көмекшісі, токарь, электрмонтер, электрослесарь, пайдалы қазбаларды байытушы секілді сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп жүр. Өткен жылы 150 студент қабылданса, биылғы жоспар – 165 адам.

Оқу 9-сынып базасында жүргізіледі, ал 11 сыныпты бітірген түлектер де 9-сынып аттестатымен қабылдана алады. Оқу мерзімі – 2 жыл 10 ай. Алғашқы жылы жалпы білім мен арнайы пәндер, кейінгі курстарда теория мен практика тең бөлінеді. Соңғы жылы сабақтың басым бөлігі өндірістік тәжірибеден тұрады.
«Осында келіп, бірден тобыммен танысып, бірге тапсырмалар орындадық. Колледж бірден ұнады. Токарь мамандығы бала күнімнен қызықтыратын. Станокта бөлшек жасау әрі пайдалы, әрі қызық. Мысалы, болашақта көлігім бұзылса, бөлшегін өзім-ақ жасай аламын. Ағам да осы колледжді тәмамдаған, оның әңгімелері мені осында жетеледі», – деп шарадан алған әсерімен бөлісті талапкер Евгений Голышков.
Екінші курс студенті, пайдалы қазбаларды байыту мамандығында оқитын 16 жастағы Дарья Смольникова болса, өз жолын кездейсоқ тапқанын айтады.
«Лисаковскіден келдім. Дос қызыммен бірге дизайнер мамандығына құжат тапсырамыз деп келгенбіз, бірақ тағдыр мені осында әкелді. Еш өкінбеймін. Мұнда мүмкіндік көп. Теориядан кейін мамандығымды тіпті жақсы көріп кеттім. Алдағы өндірістік тәжірибені асыға күтемін, бірақ толқу да бар», – дейді ол.
«Шеберіміз Ольга Владимировна – ең мейірімді жан. Таңертең бізге жігер береді, топты біріктіреді, әрқайсымызға қолдау көрсетеді. Біз оны шын жүректен жақсы көреміз», – деп Дарья өз тәлімгеріне ықыласын білдірді.
Рудный тау-кен технологиялық колледжі тек білім ошағы ғана емес, еңбек жолының бастау нүктесі. Мұнда берілетін сапалы білім мен тәжірибе болашақта беделді кәсіпорындардың есігін ашуға мүмкіндік береді.
Қабылдау комиссиясы 30 тамызға дейін сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін (түскі үзіліс 13:00–14:00) бірінші қабаттағы №108 кабинетте талапкерлерді күтеді. Толық ақпаратты ресми сайттан немесе телефон арқылы білуге болады.
Бірі бала күнгі арманын жүзеге асыру үшін, бірі күтпеген таңдау арқылы, енді бірі ағасының ізімен келген бұл жастардың әрқайсысы РТТК-да өз жолын табуға ұмтылуда.
Арай АХМЕТ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ