Рудный мейрамханаларында тіл заңнамасының сақталуына мониторинг жүргізілді
Рудный қаласы әкімдігі қалалық тілдерді оқыту орталығының бастамасымен, кәсіпкерлік бөлімі, ішкі саясат бөлімі және сәулет-құрылыс бөлімі мамандары бірлесіп, қаладағы бірқатар мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындарында мониторинг жүргізді.
Шараның мақсаты – Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының талаптарының орындалуын қадағалау, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және дұрыс жазылуын қамтамасыз ету.
Мониторинг барысында мамандар «Паприка» кафесі, «Обжоркин», «На кухне» мейрамханалары, сондай-ақ Космонавтар даңғылында орналасқан «Додо пицца» және «Гранат» ресторандарына барып, ақпараттық материалдардың, мәзірлер мен маңдайшалардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылу жағдайын тексерді.
− Біз тұрақты түрде, аптасына екі рет түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Қолданыстағы тіл заңнамасының нормаларына сәйкес әдістемелік көмек көрсетеміз. Мәселен, биыл тамыз айында ғана 10-дан астам коммерциялық нысан тексерілді. Бұған қоса, дүкендер, мейрамханалар мен кітапханаларға арнап QR-код арқылы «Тілашар» әзірледік. Онда өзге ұлт өкілдеріне арналған сәлемдесу, қоштасу секілді қарапайым тіркестер бар, – деді Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығының басшысы Жанат Досубаева.
Мониторинг нәтижесінде бірқатар нысандарда заң талаптарына толық сәйкес келетін жағдай байқалды. Алайда кейбір мейрамханаларда мәзір тек орыс тілінде жазылғаны анықталды. Бұл жөнінде кәсіп иелеріне ескерту беріліп, бір апта ішінде түзету жұмыстары жүргізілетіні туралы уәде алынды.
− ҚР «Тіл туралы» заңының 6-бабында мемлекеттік тіл заң шығару мен іс жүргізу саласында, сондай-ақ барлық ұйымдардың ресми құжаттарында міндетті түрде қолданылуы керектігі жазылған. Әрбір мекеме, соның ішінде мейрамханалар да, ақпаратты қазақ тілінде ұсынуға тиіс, – дейді мамандар.
Тексеру тобы бір аптадан кейін қайта барып, орындалған жұмысты бағамдауды жоспарлап отыр. Мамандардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс тек бақылаумен шектелмейді, кәсіпкерлерге әдістемелік нұсқаулықтар беріліп, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған жаңа жобалар іске асырылуда.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Султан СЕРТАЕВ