Ата заң: не өзгереді?

Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева Рудный энергетиктерімен кездесті

«KEGOC» АҚ «Сарыбай жүйеаралық электр тораптары» филиалында кәсіпорын ұжымы Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляевамен кездесті. Жиынға қалалық мәслихат төрағасы Азамат Ысқақов, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов және партияның қалалық филиалының төрағасы Назгүл Манасова қатысты.

Кездесудің басты тақырыбы – Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін алдағы өзгерістерді түсіндіру және олардың азаматтар үшін маңыздылығын талқылау болды. Шараны ашқан ұйымдастырушылар Ата заңға енгізілетін жаңашылдықтардың мәні зор екенін және еңбек ұжымдарымен ашық диалог орнатудың қажеттілігін атап өтті.

Екатерина Смышляева өз сөзінде энергетиктер қауымына қажырлы еңбектері үшін алғыс айтып, бұл саланың мемлекет дамуындағы айрықша рөліне тоқталды.

Кездесу барысында спикер реформалардың мән-жайын егжей-тегжейлі баяндап берді. Депутаттың пайымдауынша, өзгерістердің ауқымы өте кең, сондықтан бұл жаңашылдықтарды еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңі деуге толық негіз бар.

– Конституция баптарының жартысынан астамына өзгерістер енгізілгелі жатыр. Олардың ішінде редакциялық түзетулер де, түбегейлі өзгерістер де бар. Конституция – елдің негізгі заңы, оның нормалары тікелей қолданылады. Кез келген заң соған сәйкес келуі тиіс, – деді ол.

Екатерина Смышляева қолданыстағы Конституцияның 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданғанын және ширек ғасырдан астам уақыт бойы құқықтық жүйенің арқауы болғанын еске салды. Депутат бұл өзгерістердің өмірлік қажеттіліктен туындап отырғанын жеткізді.

– Біз осы уақытқа дейін индустриялық дәуірдің Конституциясымен өмір сүріп келдік. Бірақ әлем өзгерді. Цифрлық технологиялар, жаңа экономикалық қатынастар мен тың сын-қатерлер пайда болды. Сондықтан қоғам өмір сүретін заң нормаларының да өзгеруі – заңды құбылыс, – деп түсіндірді Смышляева.

Сонымен қатар, депутат шынайы ақпарат алудың маңыздылығына назар аударды.

– Біз ақпараттық шуыл өте көп заманда өмір сүріп жатырмыз. Түрлі жалған мәліметтер таратылуда. Сондықтан ресми дереккөздерге сүйеніп, Конституция мәтінін өздігінен оқып шығу өте маңызды, – деді ол.

Реформалардың басты бағыттарының бірі – азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту. Атап айтқанда, еңбек құқығы туралы ережелер нақтыланды.

– Бұл жерде лайықты еңбек ету, әділ еңбекақы алу және қауіпсіз еңбек жағдайлары туралы сөз болып отыр. Бұл – халықаралық стандарт, енді ол конституциялық деңгейде бекітілді, – деп түсіндірді халық қалаулысы.

Сондай-ақ, жеке деректер мен жеке өмірді қорғау саласында жаңа кепілдіктер бекітілді.

– Жеке хат-хабардың құпиялылығы енді цифрлық ортаға да – электронды поштаға, мессенджерлерге және басқа да сандық арналарға таралады. Бұл – әрбір адамның маңызды құқығы, – деді Екатерина Смышляева.

Ол жаңа нормалар жеке деректерді заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге және азаматтарды алаяқтықтан қорғауға мүмкіндік беретінін айтты.

Бұдан бөлек, әлеуметтік қорғау, медициналық көмек және білім беру туралы ережелер нақтыланды. Азаматтардың тегін медициналық көмек алу құқығы сақталады, алайда оның тұжырымдамалары қазіргі қаржылық механизмдерге сәйкес келтірілген.

Отбасы мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Конституцияда отбасы – мемлекет тарапынан тіркелген ер мен әйелдің ерікті одағы екені нақты жазылды.

Сондай-ақ тұрғын үй құқығын қорғау, кінәсіздік презумпциясы және азаматтардың басқа де іргелі бостандықтарына қатысты ережелер күшейтілді.

Депутат мемлекеттік егемендік мәселелеріне де тоқталды. Жаңа ережелер ұлттық құқықтық жүйені және ұлттық заңдардың басымдығын нығайта түседі.

Баяндамадан кейін депутат кәсіпорын қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді. Алғашқылардың бірі болып орыс тілінің мәртебесі туралы сұрақ қойылды.

Екатерина Смышляева бұл мәселеде ешқандай түбегейлі өзгерістер болмағанын түсіндірді.

– Бізде мемлекеттік тіл біреу – ол қазақ тілі. Бұл бұрыннан бекітілген. Орыс тілі, бұрынғыдай, мемлекеттік мекемелер мен ресми салада мемлекеттік тілмен тең қолданылады. Оны пайдалануға ешқандай шектеу қойылмайды, – деп жауап берді депутат.

Ол тек кейбір түсініксіз тұстарды жою үшін заңнамалық тұжырымдар нақтыланғанын, бірақ іс жүзінде бәрі бұрынғы қалыпта қалатынын айтты.

Келесі сұрақ энергетиканы дамыту перспективаларына, соның ішінде жаңа электр станцияларын салуға қатысты болды. Екатерина Смышляева энергетикалық инфрақұрылымды дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті екенін атап өтті.

– Қосымша қуат өндірусіз экономиканы, цифрлық технологияларды және өнеркәсіпті дамыту мүмкін емес. Әсіресе деректерді өңдеу орталықтары мен цифрлық сервистердің көбеюін ескерсек, энергияны тұтыну деңгейі тек арта береді, – деді спикер.

Оның айтуынша, мемлекет энергетикалық жобаларды қаржыландырудың түрлі тетіктерін, соның ішінде инвестицияларды, тарифтік бағдарламалар мен консорциумдарды қарастыруда.

– Конституция әрқайсымызға қатысты. Сондықтан оның ережелерін түсініп, саналы түрде шешім қабылдау маңызды. Тек осылай ғана біз қуатты әрі әділетті мемлекет құра аламыз, – деді Екатерина Смышляева.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген Даниил САЕНКО