Ұлттық құрылтайдың V отырысына қатысты
Рудныйлықтардың пікірі
Қазақстанның институционалдық тұрақтылығын одан әрі нығайту жолында өткен Ұлттық Құрылтайдың маңызы ерекше. Бұл жиын жай ғана ресми рәсімдер мен баяндамалар алаңы болған жоқ. Құрылтай кәсіби мамандар, қоғам қайраткерлері мен түрлі әлеуметтік топ өкілдері ел болашағына қатысты стратегиялық шешімдерді бірлесе қалыптастыратын маңызды диалог алаңына айналды.
Осыған дейін елімізде бес құрылтай өтті. Президенттің айтуынша, бұл – қазіргі форматтағы соңғы құрылтай. Алдағы уақытта Қазақстан Парламенті «Құрылтай» деп аталып, қолданыстағы Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясы таратылады. Олардың орнына осы екі құрылымның негізінде Халық кеңесі атты жаңа орган құрылады.
Ел өміріндегі бұл өзгерістер көпшіліктің назарын аударып отыр. Жаңашыл бастамаларға қатысты сарапшы, Рудный индустриялық университетінің басқарма мүшесі Айдын Сәбитов пікір білдірді.
– «Құрылтай» атауының сақталуы ерекше мәнге ие. Бұл – жай ғана атау немесе ұран емес, мемлекеттік сабақтастықтың, тарихи жадының және билік пен қоғам арасындағы ашық диалогтың символы. Тарихқа көз жүгіртсек, ата-бабаларымыз ел тағдырын шешетін түйткілді мәселелерді дәл осы құрылтайда талқылап, хан сайлап, ел болашағына қатысты ортақ шешімдер қабылдаған.
Бүгінгі таңда бұл атау Қазақстанның мәдени дәстүрлерін айқындай отырып, басқарудың заманауи стандарттарына негізделмек. Яғни, Құрылтай – өткен мен бүгінді, дәстүр мен реформаны сабақтастыратын бірегей институт, – деп бастады сөзін Рудный индустриялық университетінің проректоры Айдын Сәбитов.
Жаңа Құрылтай құрамында 145 депутат-өкіл болады. Ал Қазақстан халқы кеңесіне 126 өкіл бекітіледі. Оның ішінде 42 өкіл – этномәдени орталықтардан, 42 өкіл – қоғамдық ұйымдардан, 42 өкіл – өңірлердегі қоғамдық кеңестер мүшелерінен тұрады.
– Бұл модель әр аймақтың, әр әлеуметтік топтың және азаматтық қоғам институттарының мүддесін қамтуға бағытталған. Президент Қазақстан халқы Ассамблеясы референдум өткеннен кейін, егер халық қолдаса, ресми түрде таратылатынын атап өтті. Себебі барлық этномәдени бірлестіктер жаңа Қазақстан халқы кеңесінің құрамына толық енгізіледі.
Сонымен қатар, мемлекеттік кеңесші қызметі жойылып, оның орнына мемлекет басшысы тағайындайтын вице-президент лауазымы енгізіледі. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар басқару моделі. Вице-президент Президенттің ұсынысымен бекітіліп, Құрылтай арқылы мақұлданады. Бұл қызметтің жауапкершілігі мен функционалы бұрынғы мемлекеттік кеңесші институтына қарағанда әлдеқайда кең әрі терең болады.
Сайлау жүйесі мен парламенттік реформаның жаңа логикасы
Құрылтай аясында ұсынылған парламенттік реформалар да ерекше назар аударуға лайық. Атап айтқанда:
– Парламенттің сайлау жүйесін реформалау тиімділік пен өкілдік арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді;
– Пропорционалды сайлау жүйесі саяси партиялардың рөлін күшейтіп, олардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін арттырады;
– Өңірлік деңгейде мажоритарлық жүйенің сақталуы жергілікті халық мүддесінің ескерілетініне кепілдік береді;
– Жастарға, әйелдерге және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған әлеуметтік квоталар инклюзивтілік пен әлеуметтік әділеттіліктің басымдық болып қала беретінін көрсетеді;
– Президенттік квотадан және «таңдаулы тұлғалар» институтынан бас тарту барлық кандидаттар үшін тең мүмкіндіктер қалыптастырып, Парламентті жасақтау процесінің ашықтығын арттырады;
– Депутаттардың бес жылдық өкілеттік мерзімі мен заң қабылдаудың үш сатылы рәсімін енгізу заң шығару сапасын арттыруға және Парламенттің мемлекеттік басқарудағы негізгі институт ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған.
– Бұл реформалар не үшін қажет және оның ұтар тұсы неде?
– Қазіргі әлем – цифрландыру мен жедел шешімдер дәуірі. Егер мемлекет мобильді, икемді болмаса, жаһандық даму көшінен қалып қоюы мүмкін. Заң қабылдау, ережелерді бекіту, құжаттар мен қаржы мәселелерін тиімді әрі жылдам шешу – бүгінгі заманның басты талабы. Осы тұрғыдан алғанда, ұсынылып отырған институционалдық модель Қазақстанның жаңа жағдайларға тез бейімделуіне мүмкіндік береді.
Ең бастысы – қоғамның барлық қабатын қамту. Қоғамдық, саяси, діни, білім беру бағытындағы ұйымдардың көзқарасы ескеріліп, Халық кеңесі жылына бір рет жиналып, өзекті мәселелерді ашық талқылайтын болады.
ҮНДЕУ
– Қоғам белсендісі ретінде Қазақстан жастарына үндеу жасағым келеді: белсенді болыңыздар, саяси үдерістерге бейжай қарамаңыздар. Бастама көтере біліңіздер, конструктивті идеяларды қолдай біліңіздер. Сонда ғана біз бірлесе отырып мемлекеттік шешімдерге нақты ықпал ете аламыз. Ел дамыса – әр отбасының берекесі артады. Ұлттың бірлігі мен болашағы үшін белсенділік пен бастамашылдық аса маңызды. Қазіргі заманда бастамашыл ұлт қана көштің басында болады, – деп түйіндеді сөзін Айдын Маратұлы.
Жанарай РҮСТЕМҚЫЗЫ,
суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ