Құстарға қамқорлықпен

«Эко мұра: табиғатқа қамқорлық – болашаққа келісім» эко жобасы қалай жүзеге асуда?

Қалалық тарихи-өлкетану мұражайында «Эко мұра: табиғатқа қамқорлық – болашаққа келісім» атты экологиялық жоба аясында құстарға арналған уақытша эко көрме ашылды. «Қанаттыларға жылу» атты бұл көрме табиғатқа жанашырлық пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамаға айналып отыр.

Экспозиция мұражай қызметкерлерін, педагогтарды, оқушыларды және ата-аналарды бір алаңға тоғыстырды. Көрме келушілерге табиғатты қорғау қарапайым әрі шынайы істерден басталатынын еске салады.

Жоба «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған. Оның негізгі мақсаты – мұражайдың экологиялық ағартушылық бағытын кеңейту, балалар мен жасөспірімдердің қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру және табиғатқа жанашыр көзқарас қалыптастыру.

– Біздің басты міндетіміз – флора мен фаунаға құрметпен қарауды үйрету, табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыру. Біз балаларға табиғатты тек сөзбен емес, нақты іспен қорғауды көрсеткіміз келеді, – дейді экскурсия жүргізуші Аида Аханова.

Көрменің алғашқы кезеңі ретінде ұйымдастырылған «Қанаттыларға жылу» эко көрмесінде тұрмыстық және құрылыс қалдықтарынан жасалған 14 құс қоректендіргіш ұсынылған. Әрбір бұйымның өзіндік дизайны бар және барлығы екінші рет пайдалануға жарамды материалдардан – пластикалық бөтелкелерден, картон қораптардан, ағаш қалдықтарынан және басқа да тұрмыстық заттардан жасалған.

– Бұл – қалдықтарды қайта пайдалану арқылы табиғатқа келетін зиянды азайтудың нақты үлгісі. Біз кез келген қоқысқа «екінші өмір» сыйлауға болатынын көрсеткіміз келеді. Бұл – табиғатқа деген шынайы жанашырлықтың белгісі, – деп түсіндірді Аида Темірханқызы.

Көрмеге қойылған қоректендіргіштердің барлығы қалалық №11 жалпы білім беретін мектеп оқушыларының қолынан шыққан. Бұл білім ордасында 13 жылдан бері «Жас эколог» үйірмесі тұрақты жұмыс істейді. Үйірме мүшелері жыл сайын құстарға арналған қоректендіргіштер жасап, оларды мектеп аумағына, қаланың саябақтары мен көшелеріне орнатып келеді.

– Біз балаларға табиғат туралы жай ғана әңгімелеп қоймай, оларды нақты экологиялық іске тартуға тырысамыз. Бала өз қолымен қоректендіргіш жасап, оны іліп, оған құстардың ұшып келгенін көргенде, табиғатқа деген жеке жауапкершілігі қалыптасады, – дейді мұражай әдіскері Наталья Брелевская.

Қоректендіргіштер тек әсемдік үшін емес, практикалық тұрғыда да ойластырылған. Кейбір бұйымдардың беті балмен араластырылған дәндермен, жармалармен қапталған. Бұл құстарды қысқы суықта қорекпен қамтамасыз етіп қана қоймай, тағамды қар мен желден қорғауға мүмкіндік береді.

Жобаның тағы бір маңызды тұсы – ата-аналардың белсенді қатысуы. Қоректендіргіштердің көпшілігі балалар мен ата-аналардың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Мұндай ортақ шығармашылық отбасыларды жақындастырып, балалардың бойында дұрыс құндылықтарды ересектердің жеке үлгісі арқылы қалыптастырады.

– Ата-ана мен бала бірге қоректендіргіш жасаған кезде, табиғатқа қамқорлықтың міндет емес, өмір салты екенін көрсетеді, – дейді Наталья Брелевская.

Айта кету керек, №11 мектеп экологиялық тәрбиені жүйелі түрде дамытып келе жатқан білім ордасы. Мұнда 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылар қатысатын экологиялық клуб пен үйірмелер жұмыс істейді. Жыл сайын күз мезгілінде жасалған қоректендіргіштер мектеп ауласына және қала көшелеріне ілінеді.

2025 жылы №11 мектеп қаланың ең үздік экологиялық ұйымы ретінде танылып, бұл жетістік педагогикалық ұжымның жүйелі жұмысының нәтижесін айқын көрсетті. Дәл осы тәжірибе мұражай мен мектеп арасындағы серіктестіктің негізіне айналып, көрме мұражай қабырғасында алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Көрме барынша қолжетімді әрі заманауи форматта безендірілген. Әр экспонаттың жанында арнайы QR-код орнатылған. Код арқылы келушілер экскурсия жүргізушісін күтпей-ақ жоба, қатысушылар және экологиялық идеялар туралы толық ақпаратты мұражайдың Instagram парақшасынан ала алады.

– Бұл қадам 2026 жылдың «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялануымен үндеседі. Біз цифрлық форматқа көшу арқылы мұражайды жастарға жақын етуді көздейміз, – дейді экскурсия жүргізуші.

Экспозиция қала тұрғындарының қызығушылығын тудырып отыр. Келушілер қоректендіргіштерді қызығушылықпен тамашалап, суретке түсіп, экскурсия жүргізушілерге сұрақтар қоюда. Көрме мұражайдың тұрақты экспозициясын толықтырып, қысқы маусымдағы мұражай өмірінің жарқын бір бөлігіне айналды.

Көрме қаңтар айының соңына дейін мұражайда көрсетіледі. Ақпан айынан бастап барлық құс қоректендіргіштер өздерінің негізгі қызметін атқара бастайды – олар Алия саябағындағы және мұражай маңындағы ағаштарға орналастырылады.

Алайда эко жоба мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта интерактивті эко сабақтар, тұрмыстық қалдықтардан бұйым жасау бойынша шеберлік сабақтар, мұражай ішінде қайта өңдеу бойынша тәжірибелік сабақтар, экологиялық акциялар, сенбіліктер, ағаш отырғызу және табиғи-мәдени нысандарды қамтитын эко маршруттар ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Осылайша, мұражай тек тарихты сақтаушы мекеме ғана емес, қала тұрғындарының экологиялық санасын қалыптастыратын заманауи қоғамдық алаңға айналуды көздеп отыр.

«Эко мұра» жобасы – өскелең ұрпаққа табиғатты сүю мен қорғауды практика арқылы үйрететін маңызды бастама. Мұндай жобалар қоғамда экологиялық мәдениетті нығайтып, болашаққа деген жауапкершілікті арттырары сөзсіз.

 

Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *