ВИКТОР ИОНЕНКО ГОРНЯЦК КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Жиында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, Горняцк кентінің алдағы 2024 жылға арналған перспективалық даму жоспары талқыланды. 

Жергілікті тұрғындарға есеп беру барысында Зейнелғабиден Әбілов кентте жыл басынан бері және қазіргі уақытқа дейін қандай жұмыстар жүргізілгені туралы хабардар етіп, жоспарлар туралы бірінші болып сөз сөйледі.

«2024 жылға арналған жоспарларға тоқталсақ: «Ауыл бесігі» бағдарламасы бойынша Перцевка ауылындағы жолдарды асфальттау бойынша жұмыстарға 172 млн. теңге бөлінеді. Перцев ауылына кіреберіс жолына — 105 млн. теңге және Фадеева, Южная, Речная көшелеріне 67 млн. теңге. Тағы бір мәселе, ол Перцев ауылындағы мұсылман зиратының қоршауын орнату бойынша сметалық құжаттама әзірлеу жоспарлануда. Бұл бұрыннан келе жатқан өткір мәселердің бірі. Себебі, көптеген тұрғындар үй жануарларының зират басында жайылып жүргеніне қатты наразы болды. Ендігі кезекте мәселе өз шешімін табады»,- деді өз сөзінде.

Сондай-ақ, кездесу барысында тұрғындар үй жылуына қатысты сұрақтар көптеп қойды. Оған жауап беру үшін «Рудный жылу желілері» ЖШС басшысы Олег Абылкаиров ортаға шығып сөз сөйледі.

«Келесі жылы ауқымды жұмыстар жүргізілмекші, әзірге мемлекеттік қаржыландыруға өтініш берілді. Жалпы ұзындығы 4,3 км желілерді ауыстырамыз. Горняцк кентіндегі желілердің 95 пайызы жаңартылады. Барлық құбырлар оқшауланып, жұмыс жарамдылығын ұзартады. Қазіргі уақытта үйлердің ішінде жылудың аз екенін білеміз. Бірақ, бұл ПИК-тің уақытында құбырларды тазаламағандығынан туындаған мәселе. Бізге келсек аязды күндері температураны +85 градусқа дейін көтердік, әзірше ауа-райына байланысты +75»,- деп атап өтті. Сонымен қатар, кент тұрғыдарының берешек сомасы 14 млн 367 мың теңгеге дейін жеткенін тілге тиек етті.

Есеп беру кезінде Горняцк кентінің тұрғындары балалар мен жасөспірімдерге арналған шағын футбол ойнауға арналған алаң салу және спортпен шұғылдануға арналған тренажерларды орнатуды сұрады. Бұл жөнінде Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко алдағы уақытта тұрғындардың өтініштерін орындауды тапсырды. Сондай-ақ, көшелерді жарықтандыру, қоқыс жәшіктерін орнатып, ол қоқысты сұрыптау мен жалпы елді-мекенді абаттандыру бойынша сұрақтар көтерілді. Қала басшысы өз сөзінде жыл басынан бері жалпы сомасы 2 млрд. 153 млн. теңгеге 14 инвестициялық жоба іске асырылған жобаларға тоқталды. Өнеркәсіп саласында құны 978 млн. теңге болатын 4 жоба, сауда саласында құны 825 млн. теңге болатын 8 жоба іске асырылды, құны 350 млн.теңге болатын 2 автокешен салынды. Алдағы жылдары Рудныйда төрт инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Бұл 15,3 миллиард теңге инвестиция тартуға және 150 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Рудный әкімдігі мен бизнес құрылымдардың өкілдері арасындағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық шеңберінде меморандумдарға қол қойылып, алдағы жұмыстар жоспарлануда.

Сөз соңында, қала әкімі барша жиналған қауымды алдағы келе жатқан мейраммен құттықтады.

Сания Сақтаған

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *