Майлин ауданының «Балапандары» тарих қойнауына бойлады
Рудный тарихи-өлкетану мұражайында жазғы демалыс қызықты әрі танымды шаралармен өріліп жатыр. Жақында алтын кенді шаһардың бас музейіне Бейімбет Майлин ауданы, Сапар Ерғалиев атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушылары арнайы қонақ болды. «Балапан» жазғы лагері аясында ұйымдастырылған бұл саяхат ауыл балалары үшін ұмытылмас әсер сыйлады.
Мұражай қабырғасында балалар арнайы дайындалған интерактивті бағдарламаның қатысушысы атанды. Мұражайдың экскурсия жүргізушісі Аида Аханованың айтуынша, биылғы жазғы маусымда келушілерге тек теориялық мағлұмат беріп қоймай, олардың логикалық ойлау қабілеті мен зейінін арттыруға баса назар аударылған.
«Биылғы жазғы алаң бойында біз “Міне, осы – біздің жаз!” атты интеллектуалдық ойын форматын енгіздік. Балалар мұражай залдарын аралау барысында тылсымнан келген құпия хаттарды тауып, ондағы жұмбақтар мен тапсырмаларды шешті. Бұл мектеп оқушыларының танымдық белсенділігін арттырып, кері байланыс орнатуға өте тиімді болып шықты», – дейді Аида Темірханқызы.
Ауылдан келген 25 тәрбиеленуші (1-5 сынып аралығындағы оқушылар) алдымен мұражайдың уақытша көрме залындағы «Музей коллекцияларының бенефисімен» танысты. Мұнда қала коллекционерлері жинаған бірегей құлыптар мен кілттер, құнды құмыралар қойылған. Әсіресе, Рудный қаласының 40 жылдығына арналған естелік кілттер балалардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Саяхат бағдарламасы қазақ этнографиясы залы мен туған өлке табиғаты залында жалғасты. Орыс тілінде тәлімді әңгіме өрбіткен тәжірибелі мұражай әдіскері Александр Кургузкиннің сөзіне сүйенсек, жас ерекшеліктеріне байланысты әр топқа жеке тәсіл қолданылады. Кіші сынып оқушылары үшін жан-жануарлар әлемі мен көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігін ертегі мен жұмбақ арқылы түсіндіру өте нәтижелі.
«Отанға деген сүйіспеншілік туған өлкенің тарихын танудан, кішігірім әдептіліктен басталады. Жақында ғана атап өтілген Мемлекеттік рәміздер күнінде де балалардың патриоттық сезіміне куә болдық. Мұражайға келген әр бала, ұлтына қарамастан, Әнұранды мемлекеттік тілде мақтанышпен шырқайды, қазақша амандасып, алғысын білдіреді. Отаншылдық тәрбие осындай кішкентай қадамдардан құралады», – деп атап өтті Александр Кургузкин.
Мұражай мамандарының мәліметінше, жазғы айларда келушілер қатары сиремейді. Күніне орта есеппен 3-4 экскурсия ұйымдастырылып, 40-50-ге жуық мектеп оқушысы тарих қойнауына саяхат жасайды. Олардың қатарында тек Рудный қаласының мектептері ғана емес, Қостанай, Тобыл қалалары мен жақын маңдағы аудандардың да бүлдіршіндері бар.
Сапар Ерғалиев атындағы жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі әрі топ жетекшісі Балгүл Ғалымжанова бұл сапардың балалар үшін маңызы зор екенін жеткізді.
«Біз Бейімбет Майлин ауданынан арнайы мектеп автобусымен, полиция қызметкерлерінің қауіпсіз ілесіп жүруімен келдік. Рудный қаласына бұрын жолымыз түскенімен, тарихи-өлкетану мұражайына алғаш рет келіп тұрмыз. Балалар кітаптан оқыған көне жәдігерлерді өз көздерімен көріп, ерекше әсер алды. Экскурсиядан кейін балаларды тамақтандырып, қала ішінде ойнатуды жоспарлап отырмыз. Жазғы лагерь жұмысы осылай танымдық бағытта өткеніне қуаныштымыз», – дейді ұстаз.
Ауыл мен қала балаларының арасында рухани көпір орнатып, олардың тарихи санасын оятуға бағытталған мұндай шаралар жаз бойы жалғасын таппақ. Ең бастысы, тарих қойнауына саяхат жасаған «Балапандардың» көкірегіне туған өлкенің өткеніне деген мақтаныш дәні егілді.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО