Жерлесіміз «X Factor Kazakhstan» жобасының финалисі

X Factor Kazakhstan тележобасы 2011 жылдан бастау алып, халық арасында тез арада танымалдылық жинады. Мінеки, 10 маусымға дейін жеткен бұл жоба бүгінде жалынды да өнерлі жастарға эстрада әлемінің есігін ашып келеді. Жаңа маусымда біздің жерлесіміз Мейрімхан Назарханов өз бағын сынауда.

«Бала кезімнен өнерге жақын болдым. Оған себеп:өз жұртымнан да, нағашы жағынан да әнші, термеші, жыршы, күйшілер баршылық, сол кісілерден дараған талант деп ойлаймын. Ең алғаш болып бойымдағы әншілік қасиеттерді анам байқады. Осылайша, өнерімді шыңдау мақсатында көптеген үйірмелерге қатыстырды. Мектеп болсын, түрлі мекемелер болсын барлық жерде ән шырқауды бастадым. Балалық шағым «Алые паруса», балалар мен жасөспірімдердің даму және шығармашылық сарайында өтті деуге болады. Сүйтіп, қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстарға қатысып, өмірімді сахна төрімен байланыстырғым келетінін түсіндім. Мектепте 9 сыныпты аяқтап Рудный қалалық музыкалық колледжіне «дәстүрлі ән» мамандығы бойынша оқуға түстім. Оны сәтті аяқтап 2019 жылы Алматы қаласына жол тарттым»,- деді Мейрімхан Назарханов сөз басында.

Мейрімхан армандаған Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түседі. 4 жыл қатарынан өнер жұлдызы Нағима Есқалиеваның шәкірті атанып, биылғы жылы оқу орнын тәмамдаған. Қазіргі таңда музыка саласындағы белестерді бағындыруға қадам жасауда.

«Әр адамның жұлдызы әртүрлі уақытта жанады. Оқып жүрген кезде әрине қаражат қажет, ол үшін күн демей, түн демей ауыр жұмыстарды атқардым. Бірақ, музыканы ешқашан тастамайтыныма сенімді едім. Мен секілді жас таланттарға халық арасында болсын, тәлімгерлерге болсын өзінді көрсету үшін байқауларға көп қатысқан абзал. Осылайша, X Factor Kazakhstan тележобасында өзімді көрсетуге керек деп шештімБұл менің екінші мәрте келуім. Алғашқы рет 8 маусымда жалғыз болдым және финалға дейін жеткенмін. Жеңіске жете алмағаныма еш өкінбеймін, қайта үлкен тәжірбие жинап алдым. Осы жолы Айданамен «MD» дуэті ретінде қатысып жатырмыз. Көбісінің айтуынша, біздің даусымыз, мінезіміз және өз-өзінді ұстау шеберлігіміз үйлесімді. Ол енді жұмыс барысында байқалады. Себебі бізге әр эфир сайын тақырып беріледі, соны ұстанып ән және киім үлгісі сай болуы тиіс. Біздің талғамымыз бір жерден шығып ұйымдастыру сәттері тез шешіледі»,- деді жас әнші.

Жоба Еуразия бірінші арнасында сенбі күндері сағат 19:00-де тікелей эфирде көрсетіледі. Қазіргі күні көрермен ықыласына бөленген 6 финалист жобада қалды. Дайындық кезінде қиындықтар мен қызықты сәттер жайлы да сөз қозғадық.

«Аптаның басынан эфирге шығамыз дегенше күнделікті сағаттап дайындық жүргіземіз. Хореография мен вокалды үздіксіз жоғары нәтижеде орындап шығу үшін тәлімгермен кездесеміз. Жоба аяқталуына аз қалды, сондықтан демалуға уақыт жоқ. Қатысушылардың арасынан ең мықтылары қалды, әзірше бәріміз ән орындау техникамызды одан әрі жетілдіруге, қателіктерді түзетуге тырысып жатырмыз. Қиындықтар жоқ емес бар. Әуел баста “өлең шұмақтарын жаттаған қиын”, “сөзімді ұмытып қалам ба?” деп іштей қорқатын едім. Қазірге барлығы жоғары деңгейде. Қатысушылармен, жоба қызметкерлерімен және ең бастысы тәлімгерлермен қарым-қатынасым жақсы, бір-бірімізге демеу болып көмек көрсетуге асықпыз»,- дейді X Factor Kazakhstan жобасының қатысушысы.

«MD» дуэті алдыңғы турда тәлімгері Ева Бехер ұйғарымымен көңілді, динамикалық ән айтуға бел буды. Тәлімгері осы әнді бергенде жас таланттар еш қиындықсыз жоғарғы дәрежеде орындап шығатынына сенімді болды. Келесі сайыста да бұл топқа қатты үміт артып отқанын жасырмайды. Алдағы сенбіде топ үшін ерекше сынақ болайын деп тұр. Әзірше, қалай өтетіні туралы айтуға болмайды, ол құпия. Бірақ өте қарқынды шоу, музыканың сүйемелдеуімен жанды дауыста орындап шықпақ.

«Бұл ауқымды жобаның жеңімпазы атану — менің армандарымның бірі. Болашақта өзімді қазақ халқының құрметті, әрі өнерлі әртісі ретінде көргім келеді. Барлығы менің жақындарымның, достарымның қолдауымен орындалады деп сенемін. Ал әзірше көрермендердің, жерлестерімнің көмегін күтемін»,- деді Мейрімхан Назарханов.

Қатысушылар келесі кезеңге көрермендердің дауыс беру нәтижесі арқылы өтеді. Сол себепті жерлесіміз үшін әр дауыс маңызды. Жерлесімізді қолдап, шығармашылық жолына табыстар тілейміз!

Сания САКТАГАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *