Майдангер әке: «13 жасымда екі отбасын асырадым»

Биыл Ұлы Жеңіске 78 жыл толды. Бұл Жеңіс халқымызға оңайлықпен келген жоқ. Өз Отанын қорғауға ерліктің ерен үлгісін халқымыз көрсетті. Осы тұста Ақбота Камалова майдан арсеналына айналып, тылда аянбай еңбек еткен әкесі Сапарғали Тәжібаев туралы оқырмандарға айтып берді.

Майдан бейбіт елдің берекесін қашырып, ынтымағын ойсыратты. Соғыстың зардабын, қайғы-қасіретін, жан жарасын ешкім де ұмыта алмайды. Қаншама батырымыз бен ардагер ата-әжеміз Ұлы Отан соғысына қатысты. Сол кісілердің арқасында біздің еліміз қазір бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүруде.

– «Менің әкем Сапарғали Тәжібаев 1928 жылы қазіргі Қамысты ауданында дүниеге келген. Соғыс басталғанда әкемнің жасы 13-те ғана болатын. Ол өрімдей жас болғанына қарамастан тылда аянбай еңбек еткен. Елде бәрі майданға аттанғанда әжеммен екеуі жастайынан трактор айдап, егін егіп, жер жыртып қызмет етті. Өзі бір сөзінде «Бар-жоғы 13 жасымда екі отбасын асырадым» деп айтқан еді. Соғыс біткеннен кейін «ерен еңбегі үшін марапатын» алды. Әкем 1959 жылға дейін Айыркөл ауылында жұмыс істеген. Жазда шөп шапқан, соғысқа диірмен тартып ұн жіберіп отырған, өздері сонымен күн көрген. Әкем сонан соң Жітіқара қаласында тракторшы боп қызмет етті. 1968 жылдары партияға түскен», — деді қызы Ақбота Камалова.

Сапарғали Тәжібаев Кеңес Одағы тарағанша салым төлеп, партиялық болған. Алматы қаласында жоғары партия мектебін де бітірген. 50 жылдай бір жерде қызмет етіп, 1990 жылы зейнетке шыққан. Оның ерен еңбегі еленіп, көптеген алғыс хаттар мен мадақтамаларға ие болды.

«Әкемнің мінезі өте жақсы еді, ақылды болған. Соғыс туралы айтқан естеліктері бізге ертегідей көрінетін. «Біздің көргенімізді, сендер көрмендер» деп  көзіне жас үйіріліп айтушы еді. Ол қиын заманды көрді, киерге киім, ішерге тамақ болмаған», — деп еске алды қызы.

Соғыс ардагері 1950 жылы шаңырақ көтерді. Қазір артында 5 баладан 2 ұл мен 2 қыз, 8 немере және 8 шөбересі қалды. Майдангер қарт 3 жылдай қатерлі ісікпен ауырып, 2006 жылы Жітіқара қаласында қаза тапты.

«Ер есімі – ел есінде». Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл ардагерлерінің есімі, тарихтың парағына алтын әріптермен мәңгіге жазылып қалары анық. Жыл өткен сайын ардагерлеріміздің қатары сиреп, азайып бара жатыр. Көзі тірісінде құрмет көрсетіп, сыйлай білу – кейінгі ұрпақ, біздің парыз.

Арай Марат

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *