Талабы таудай шәкірт – ұстаздың үміті

Жақында Түркістан қаласында дәстүрлі «Ясауитану» республикалық байқауы өтті. Аталмыш сайысқа қаламыздағы Бейімбет Майлин атындағы № 7 орта мектептің 11-сынып оқушысы Нұрсила Әдебова қатысып, арнайы ынталандыру сыйлығына ие болып қайтты. Жарыстың қиындықтары мен қызықтарын жерлесімізден сұарп көрдік.

Байқау 25 жылдан бері Қожа Ахмет Яссауи мұрасы мен ілімін өскелең ұрпаққа жан-жақты насихаттау мақсатында өткізіліп келеді. Биыл аталмыш сайысқа Қостанай облысынан 5 оқушы қатысқан. Соның бірі — Нұрсила Әдебова. Ол биыл Түркістан қаласына екінші мәрте барып, ақшалай сыйлыққа ие болды.

«Бұл сайыс туралы естігеннен бастап ұстазыммен 1 ай уақыт көлемінде дайындалдық. 95 сұрақтан 118 сұраққа дейін аралықта тірек сөздер болды. Ұстазым Қымбат Бірмановамен әр хикметті талдап, барлық сұрақтарды жаттап дайындалдық. Хикметтің әр жерінен сұрап, сайысқа барынша жоғары дәрежеде қатысуға тырыстық», — дейді Нұрсұлу Әдебова.

Биыл байқауға республиканың түкпір-түкпірінен 74 оқушы бақ сынасты. Яссауитану екі кезең бойынша өткізілген. Бірінші кезеңде 70 хикметтерді жатқа оқыса, Екінші кезең бойынша қатысушылар жасырын ұяшықтарды таңдау арқылы Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармаларына, хикметтердегі ұғымдарға, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен ондағы жәдігерлерге, Қазақстан тарихына қатысты алдын-ала дайындалған сұрақтарға жауап беруі шарт.

«Мен бірінші кезеңде хикметті айттым. Ол кезде бірінен соң бірі кезекпен айтуы керек. Бұл кезеңде мен мүдірмей өттім деп айта аламын. Екінші кезеңде  маған үш сұрақ қойылды. Мен сұрақтарға жоғары деңгейде жауап бердім. Сол себепті әділ қазылар алқасы осы сыйлыққа мені лайық көрді деп ойлаймын», – деді 11-сынып оқушысы.

Нұрсила «Болашақта арманым филология мамандығына оқуға түсіп, өмірден өз орнымды табу, кірпіш болып қалану» дейді. Аталмыш сайысқа шаһарымыздағы Бейімбет Майлин атындағы мектептің оқушылары 2018 жылдан бері қатысып, жоғары жетістікті бағындырып жүр.

«Біздің мектепте Мөлдір Айтмұратова деген оқушы оқыды. Ол 2018 жылы аталмыш сайыста жүлделі екінші орынды иеленген. Мөлдір жүлде қоры 75 мың қаржылай сыйлыққа ие болды. Биылғы біздің жеңімпазымыз Нұрсила Әдебова ол кезде алғашқы рет қатысқан еді. Жалпы Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың мұралары, кесене тарихы, «Диуани хикметтерін» жатқа білу, ол кітапты талдау — ауқымды жұмыс. Бұл тек қана қазақ әдебиеті емес, Қазақстан тарихымен тікелей байланысты. Сондықтан  қасиетті Түркістан жерінде бірнеше рет өткізіліп келеді. Нұрсила да, Мөлдір де — Қостанай өңірі бойынша жетістікке жеткен оқушылар. Бұл сайыс бойынша бірде-бір рет Қостанай облысы жеңіске жеткен емес», — деді Бейімбет Майлин атындағы № 7 мектеп-гимназиясының директоры Қымбат Бірманова.

Айта кету керек, Нұрсила 700-дей оқушы қатысқан «Тұлпар мініп, ту алған» сайысында сыннан сүрінбей өтіп, бас жүлдені иемденген. Осыдан екі жыл бұрын өткен байқауда Ер едіге жырын жатқа айтып, 600 мың теңге қаржылай сыйлыққа иеленді. Талабы таудай оқушының бағындырар белесі әлі алда деп сенеміз. Рудный дауысы ұжымы жас талантқа тек сәттілік тілейді.

Зерде Жеңіс

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *