Наурыз- жүрекке жылу сыйлайды

Осындай атаумен Наурызнама онкүндігі аясында салт -дәстүрлерлі құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында Жастар ресурстық орталығында Рудный қалалық Мемлекеттік тілдегі кітапханасы, Рудный орталықтандырылған кітапхана жүйесі және № 8 кітапхана филиалының ұйымдастыруымен мерекелік кеші өткізілді.

Ата-бабамыздан мұра болған ұлттық құндылықтарды сақтап қалу, ары қарай дамыту келер ұрпақтың, қазіргі жастардың парызы. Наурызды әр жыл сайын барынша кеңінен насихаттап, оның қадірін арттыру біздің міндетіміз.

Кешті әжелер құрамы өз әндерімен бастап, көрермендерге жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар, ұлыстың ұлы күніне орай ақ тілектерімен баталарын айтып шашуларында шашты. Ақ дастархандарын жайып, арнайы мерекеге дайындап жасап әкелген ұлттық тағамдарын қойып, бауырсақтарын таратып, қонақтарға наурыз көжеден дәм тартқызды. Наурыз көже – қазақтың ұлттық тағамы, келер жылғы молшылықтың жоралғысы ретінде наурыз тойында әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленген.

Кеш барысында, кішігірім көрсетілімдер қойылды. Алғашқысы «Сырға салу» салт-дәстүрі. Қазақ халқында бұл салт ерте кезден кеңінен таралған. Бұрын ата-аналар ұлдарына келінді өздері таңдайтын болған. Ұлына лайықты жар болатын қызды тапқан кезде, оның отбасына арнайы өздері барған. Қызға сырға салмас бұрын жігіт жағы бойжеткеннің ата-анасының рұқсатын алады. «Ұлыстың ұлы күні бір жақсы үмітпенен бізде бала бар, сіздерде қыз бар. Сол екі жастың сағындырған жүрегін қосып, құда болуға келіп отырмыз» деп, жігіттің әкесі сөзін бастайды. «Екі бала бір-бірін жақсы көріп, қосылам десе, ұзағынан болсын»деп, қыздың әкесі өз рұқсатын береді. Ортаға қыздарын шақыртып, қыздың екі жеңгесі қолынан демеп, құдағилардың алдына әкелді. Қызды айттыруға келген тарап қыздың құлағындағы қыз күніндегі сырғасын шешіп, алтын сырғасын салып, өз баталарын берді. Сонымен қатар, сырғаның ғұрыптық та мән-мағынасы бар, ол құлаққа дүлей күштерден сақтау мақсатында тағылатын болған.

Сырғаның тұтас тұрпаты да, жекелеген бөлшектері, материалы мен ою-өрнегі де белгілі бір мән-мағынаны білдіреді. Көз қондырылған бұйымның көз тиюден алдын-ала сақтайтын киелілік және емдік қасиеті бар деген ұғым қалыптасқан.

Қыздың анасы өзге елге кетіп бара жатқан қызына сәукелесін кигізіп, бақытты бол деп жігітінің қолына аманаттап, жолдарын болсын деп шығарып салады. Одан кейін, тойлары-тойға ұласып үйіндегі кішкентай балақай сүйінші сұрап жақсы жаңалықпен айхайлап кіріп келеді. Жаңа нәрестенің дүниеге келгенін хабарлайды. Сүйіншісіне төрде отырған ақсақал ата желідегі құлындардың ішінен біреуіне ен салып кет деп құлынын атайды. “Ен”- малдың құлағын тілу — кесу арқылы салынатын белгі.

Сонымен қатар, алыстан келіп отырған құдаға жаңк туған нәрестеге ат қойдыртады. Ұлыстың ұлы күні дүниеге келгеніне орай есімін — Наурызбай деп қояды. Осылайша, кеш ұйымдастырушылары негізгі дәстүрлердің бастауын жинақы түрде көрсете білді. Ары қарай, келген конақтарға тойбастар деп домбырамен ән шашуларын арнайды.  Дәстүрлі ойындар арқылы халқымыздың тарихы мен мәдениетін таныстыру арқылы қазақтың ұлттық ойындары көрсетілді.

Сондай ойындардың бірі – қазақша күрес пен қол күресі және арқан тартысы көрсетілді. Жастарға өнеге ретінде қазақтың түрлі салт-дәстүрлері насихатталды. Сахнаға балалар қазақтың ұлттық киімдерін киіп, ұстаздарының сүйемелдеуімен «Ерке сылқым» күйін шертті.

“Барлығы көңілді және керемет күйде болды. Әр өскелең ұрпақ осындай түрлі салт-дәстүрлерге бай халық екенімізді зерделеріне торып, тәлім тәрбие алуы қажет. Бүгінгі өткізілген мерекелік кеш, қаймағы бұзылмаған қазақ елінің ұлттық құндылықтарының тамыры тереңде жатқандығын көрсетті”, деп бөлісті көрермендер.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *