Өзге ұлт өкілдері бақ сынасты

Наурызнама онкүндігінің аясында Рудный қаласы әкімдігінің «Қалалық тілдерді оқыту орталығы» КММ әртүрлі ұлт өкілдері арасында мерекелік іс-шара ұйымдастырды.

Атадан балаға мирас болып қалған ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, қазақ тілінің қолданылу аясын дамыту арқылы мемлекеттік тіл саясатын насихаттауды мақсат еткен байқауға Рудный қаласы білім бөлімінің №2 бөбекжайы тәрбиешілері, №2 емхана қызметшілері, «ҚазРетро» және «СөйлеТайм» клубтарының қатысушылары қатысты.

Байқау төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаса, екінші бөлімінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін түсіндіру бойынша білімдерін сынады. Жарыс бұдан кейін экрандағы ұяшықтарда көрсетілген суреттер арқылы мақал-мәтелдерді құрастырумен өрбіді. Ал, соңғы кезеңде қатысушылар өз өнерлерін ортаға салды. Бірі домбыра тартып, ән шырқап, ал бірі шырқала би биледі.

«Дәстүр кез-келген қоғамда, отбасында кездеседі. Дегенмен ұлттық кодымызды сақтау үшін дәстүрдің озық үлгілерін насихаттау біздің міндетіміз. Бұл өз кезегінде қоғамды адамгершілікке, отансүйгіштікке, имандылыққа тәрбиелейді. Қазақ тілінің жаһандану кезіндегі рөлін күшейтудің негізгі шарттарының бірі — өзге ұлттардың арасында мемлекеттік тілдің қолданыс рөлін кеңейту.  Қатысушылардың осындай іс-шараға қатысып, бақ сынауы — мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату, тілімізді рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеудің бір мысалы. Ал, бұндай шаралар тілдің, салт-дәстүр мен мәдениетіміздің қайта жаңғыруына әкелетіні сөзсіз.  Қазақстанда тұратын қай ұлттың өкілі болсын қазақ тілін үйренуге, білуге, оның салт-дәстүрлерін құрметтеуге міндетті. Бұнымен тоқтап қана қоймай, алдағы уақытта да қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге көмек көрсету мақсатында жұмыстар атқарылатын болады. Орталық мүшелерінің мереке қарсаңында бақ сынасып, белсенділік танытқандығына алғысымыз шексіз»,- деді қалалық тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Әсел Түменбаева.

Сонымен қатар, жиын барысында «Қыз ұзату», «Бесікке салу», «Шашбау тағу», «Қырқынан шығару» сияқты дәстүрлер көрсетілді. Тәлімі мен тағлымы мол байқауға қатысушылар іс-шара ұйымдастырушылары қалалық тілдерді оқыту орталығына ризашылықтарын білдіріп, жақсы көңіл-күйде тарқасты. Барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.

ГҮЛШАР БАҒЫТЖАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *