Рамазан – рухани кемелдену айы

2-сәуірде Рамазан айы басталады

Алланың разылығын алуға адамның бүкіл ғұмыры жетпеуі мүмкін. Алайда, мұсылман, өзінің өлшеулі өмірінің сәті келген кезінде шын ниетімен кішкентай ғана амал жасап, Алланың разылығына бөленуі әбден мүмкін. Міне, сондай бір, Құдай тағаланың разылығына ие болатын ай, осы Рамазан айы.

Рамазан адам баласын арам былай тұрсын, адал нәрседен тыяды. Пенде таң атқаннан кеш батқанға дейін нәпсі қалауынан өзін шектейді. Күнә атаулыдан бойын аулақ ұстауға тырысады. Бұл шектеулер не үшін, кім үшін керек? Аллаға адамның күндіз тамақтан тыйылғаны қажет пе? Әрине, Алла біздің оразамызға мұқтаж емес. Күллі әлемнің Иесі Раббымыз жаратылыстың ішінде көркем бейнеде жаратқан жұмыр басты пендесінің, Өзіне жақындай түскенін қалайды екен. Құлының «махаббаты мен ұмтылысын» көргісі келеді. Бәлкім, Алла тағаланың жақсылықтар «еселеніп жазылатын айда», «ораза ұстаушының» әр амалының сауабын өзім берем дейтіні де содан болар…

Ораза – пендені Аллаға жақындатушы ең абзал құлшылықтардың бірі. Хақ Тағала ризашылығы үшін бір күн ораза тұтқан адамның жүзі тозақтан жетпіс жылға алыстатылады. Бұл жайлы хадисте: «Кімде-кім Алла жолында бір күн ораза тұтса, Алла Тағала оның дидарын тозақтан жетпіс жылға алыстатады», – делінген. Ал, оразаны тұту тәуліктің ұзақтығына байланысты қиындай түссе, оның сауабы да көбірек болады. Яғни құлшылық жасау барысында кездескен қиыншылықтар ғибадаттың сауабын еселей түседі.

Мына қым-қуыт тіршілікте жақсы көретін нығметтеріміз өте көп. Қарбалас өмірде дүниелік мақсаттар басты уайымға айналып кететіні де жасырын емес. Тіршіліктегі проблемалар кейде пендені негізгі мақсатынан адастыра жаздайды. Ал, мұсылманның мұраты-мақсаты ол – «құлшылық пен тіршілікті үйлестіріп», Алланың разылығына бөлену.

Жылына бір-ақ мәрте келетін ораза Алланы сүюді, Оның разылығын дүниелік істен жоғары қоюды үйретеді. Қарын ашу-шөлдеу, сәресіне ұйықтап қалу, жұмыстан шаршап келу т.б. жағдайлар шынайы мұсылман үшін себеп те, сылтау да емес. Аузы берік мұсылман жаны мен тәнін жамандықтан, тіпті рұқсат етілген нәрседен «тұсап» қояды.
Өйткені, Аллаға деген махаббат бәрін жеңеді.

Зер салып, ойланар болсақ: Раббымыз Рамазанда жеті қат аспанның есіктерін ашып қояды. Бұл не үшін? Дұғаны қабыл ету үшін екен. Алладан ата-анамыз бен бала-шағамыздың, ағайын-туыс пен еліміздің, Отанымыздың, барша мұсылман үмметінің игілігі үшін сұрайтын дұғамыз көп емес пе? Отыз күн бойы осыны сұрауға мол мүмкіндігіміз бар.

Қасиетті Құранға мән беріп, оны көп оқитын кез, міне осы кез. Неге? Өйткені, бұл айда қадір түнінде Құран түсті. Алла тағала Құранның әр әрпіне сауап жазамын деп уәде берді. Оның үстіне әр әріптің сауабы он есеге өссе, қалайша Құранға жақын болмасқа?! Намазды да көбейтетін кез осы шақ… Хадисте айтылғандай: «адам баласы намазға таудай күнә-кемшіліктерімен келеді. Сәждеге бас қойғанда күнәсі төгіледі»,-делінген.

Олай болса, Рамазанда құлшылығымызды көбейтіп, күнәмізді төгіп, неге тазарып алмасқа?!

Рамазан – Алланы жақсы көретінімізді дәлелдейтін, рухани азық жинап, кемелденетін ай. Оразада он бір ай бойы жиналған жамандық атаулыдан жүрек тазарады. Адалдан тыйылған нәпсі, арамнан өзін оңай тежейді. Бұл – басқа айларда Рамазанның рухымен өмір сүруге болады деген сөз.

Ғұлама Хасан Басри: «Кім Рабысын таныса, Оны сүйеді. Кім дүниені таныса, Одан жүзін бұрады…» депті. Мұндайды дана халқымыз: «Жақсыны арман аздырар, жаманды құлқын тоздырар», – демеуші ме еді?!

Алла тағала байлық пен мансаптың жүрегімізге кіріп кетуінен сақтасын.

Он екі айдың сұлтаны болған Рамазанда жүрегімізді тазартып, анадан «жаңа туған сәбидей» күнәдан арылуды нәсіп етсін. Оразада Аллаға деген махаббатымызды дәлелдеуге күш-қуат, ынта-ықыласымыз арта берсін.

Сәуір айының 1 күні, түнгі 22.00-де алғашқы тарауық намазы;

Сәуір айының 2 күні ораза,

ауыз бекіту;

Сәуірдің 27-28 Қадір түні;

Пітір садақа жан басына

500 теңге;

2 мамыр – Ораза айт мерекесі

Бектұрсын УӘЛИЕВ, Рудный қалалық

«Нұр» мешітінің имамы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *