Ыбырайдың өсиеті

Қашар кентіндегі «Юность» мәдениет үйінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындары үлкен игі істі абыроймен атқарып шықты. Олар ұлт ұстазы, ағартушы Ыбырай Алтынсарин туралы ақын, драматург Ақылбек Шаяхметтің «Ыбырайдың өсиеті» атты пьесасын сахналады.

Қашарлықтар көрермендерге кәсіби әртістерден кем емес екендігін байқатты. Қай-қайсысы өзіне жүктелген рөлді асқан сезімталдықпен ойнап шықты. Мысалы, Ыбырай Алтынсаринның рөлін «Шаңырақ» театр үйірмесінің бас-қасында жүрген Оңдасын Жанаханов, ағартушының әйелі Айғанысты цирк өнері үйірмесінің жетекшісі Наталья Крутая асқан шеберлік алып шықты.

Осы орайда айта кетейік, Ұлы тұлғаны сахналау үшін мол күш, қажымас қайрат, мұқалмас жігер, талмас талап керектігі ақиқат. Ақылбек Шаяхмет ұлт ұстазының жан серігі ақын Нұржан Наушабайұлының Ыбырайға деген кіршіксіз адал достығын бейнелеген. Мектеп ашу барысында қаржылық жағынан да демеушілер табуға мол септігі тигендігін аңғаруға болады. Осы баға жетпес сыйластықты жергілікті «актерлер» көрермен көкейіне жеткізіп, олардың шексіз қошеметіне ие болды.

Бұл пьесаның жас буын өкілдеріне берер пайдасы мол. Тәрбиелік, тағылымдық жағы басым. Жас ұрпақ Ыбырай ата бойындағы адалдық, өзіне деген сенімділік, жан тазалығы деген құндылықтарды өз
бойына сіңірсе пьесаны жазған автордың еңбегі еш кетпегені деп білеміз.

Оңдасын АЛДИЯРҰЛЫ,

«Юность» мәдениет үйінің әдіскері

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *