Ұлттық кітап күні аясында өткен Ақылбек Шаяхметпен жанды сұхбат
23 сәуір кітап пен білімді ұлықтайтын ерекше күн. Ұлттық кітап күнімен қатар, кітапханашылардың кәсіби мерекесі ретінде де аталып өтеді. Осы айтулы күнге орай, Рудный қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Мемлекеттік тілдегі кітапхананың ұйымдастыруымен «Орбита» орталығында тағылымы мол мәдени шара өтті.
Кештің басты кейіпкері – қазақ әдебиеті мен журналистикасының көрнекті өкілі, белгілі ақын, жазушы-драматург Ақылбек Шаяхмет.
Биылғы мерекенің салмағы мен сипаты бөлек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен 2025 жылдан бастап 23 сәуір – Ұлттық кітап күні және кітапханашылар күні болып бекітілді. Бұл шешім ұлттық сананы жаңғыртуға, кітаптың қадір-қасиетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Рудныйдағы кездесу де осы рухани жаңғырудың бір көрінісі іспетті.

Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақ пен аға буын арасындағы алтын көпірді нығайту, жастардың кітапқа деген көзқарасын қалыптастырып, оқу мәдениетін тәрбиелеу.
Кеш барысында қаламгердің ғибратты ғұмыры мен шығармашылығына кеңінен тоқталып өтті. Ақылбек Қожаұлы 1951 жылы 17 маусымда Қостанай облысы, Жітіқара ауданы, Шевченко (қазіргі Зәуіл) ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін және Мәскеудегі Максим Горький атындағы Әдебиет институтының жоғары курсын тамамдаған. Еңбек жолын шопандықтан бастап, кейін журналистиканың шыңына көтерілді. Облыстық мәдениет басқармасында тілдерді дамыту бөлімін басқарды, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде институт директоры, журналистика факультетінің деканы болды. «Күміс күн», «Ыбырайдың өсиеті», «Шынар», «Ағайын, менің сырымды ұқ!» секілді жыр жинақтары мен прозалық, драматургиялық туындылардың авторы. «Құрмет» орденінің иегері, «Хакім Абай», «Ататүрік», «Ахмет Байтұрсынұлы» медальдарымен марапатталған. Қостанай қаласының Құрметті азаматы.
Кездесу «жанды кітап» форматында өтті. Бұл – оқырманның автормен тікелей диалогқа түсіп, оның өмірлік тәжірибесінен сусындауына мүмкіндік беретін заманауи әрі тиімді тәсіл. Кешке Рудный технологиялық колледжінің студенттері, Міржақып Дулатұлы атындағы мектептің 11-сынып оқушылары, ардагерлер мен жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ақылбек Қожаұлы жастармен кездесуде терең де мазмұнды ойларын бөлісті. Ол тарихи тұлғаларға жаңаша көзқараспен қарау керектігін айтты:
«Шоқанды осы уақытқа дейін «метеор», «аққан жұлдыз» деп келдік. Шын мәнінде, Шоқан – қазақ аспанындағы мәңгілік жарық жұлдыз. Ол тек жарқ етіп сөнген жоқ, ол бізге білім мен ғылымның сара жолын салып кетті».
Сондай-ақ, ақын қазіргі қоғамдағы ана тілі мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінші, ана тілі – тек Абай мен Мұхтардың тілі емес, ол Абайдың әжесі Зеренің, анасы Ұлжанның, ғашығы Тоғжанның тілі. Тілді сақтайтын да, оны ұрпаққа жеткізетін де – алтын құрсақты аналар мен қыздар.
Жазушы жастардың телефонға тым әуес болып, кітаптан алыстап бара жатқанына да қынжылыс білдірді. «Алты сағат бойы мағынасыз бағдарламаларды тамашалағанша, бір сағат кітап оқысаң, рухани байлығың еселенеді», – деп атап өтті қаламгер.
Мереке аясында кітапхананың белсенді оқырмандары арнайы номинациялар бойынша марапатталып, Ақылбек Шаяхметке құрмет көрсетіліп, Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Рудныйда өткен бұл кездесу қала халқы үшін, әсіресе жас буын үшін үлкен рухани азық болды. Сөз соңын кітапханашылардың сөзімен аяқтасақ: «Кітап оқып, рухани бай болайық!»
Жанарай НҰРМАХАНБЕТ,
суретті түсірген Даниил САЕНКО