Рудныйдағы «Жасыл» экоклубының жетістіктері

Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр. Осы игі шарадан кеншілер шаһары да қалыс қалған емес. Қала бойынша түрлі экологиялық іс-шаралар, сенбіліктер мен ағартушылық жобалар қарқынды жүргізілуде. Осы орайда біз Рудный қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектептің экологиялық клубымен танысып қайттық. Мектептегі «Жасыл» экоклубының жұмысы бүгінде көпке үлгі боларлық деңгейде.
Мектептегі экологиялық қозғалыстың басында биология пәнінің мұғалімі, білікті маман Гүлжазира Абдрахметова тұр. Ол мектепте бұған дейін «Жас эколог» және «Жас флорист» секілді үйірмелер жұмыс істеп келген. Алайда, мектеп әкімшілігінің қолдауымен ашылған бұл клубқа ұстаз 2018 жылдан бастап жетекшілік етіп келеді. Өткен оқу жылынан бастап, республикалық «Таза Қазақстан» акциясы негізінде клубтың атауы «Жасыл» болып өзгертіліп, жұмыс форматы жаңа деңгейге көтерілген.
«Клубтың басты мақсаты – оқушыларда экологиялық сана қалыптастыру, олардың экологиялық сауатын арттырып, білімдерін толықтыру және қоршаған ортаға деген шынайы жанашырлық сезімдерін ояту», – дейді клуб жетекшісі.
Клубтың құрамында қазіргі таңда үш негізгі буын жұмыс істейді. Бұл оқушылардың жас ерекшелігіне қарай экологиялық білімді сатылап меңгеруіне мүмкіндік береді. Кіші топта 5-6 сынып оқушылары, орта топта 7-8 сынып оқушылары, жоғарғы топта 9-10 сынып оқушылары. Әр топта шамамен 10-12 баладан бар. Үйірме мүшелері аптасына екі рет – сейсенбі және бейсенбі күндері тұрақты жиналып тұрады.
Биылғы оқу жылының үшінші тоқсанында мектеп көлемінде ауқымды макулатура жинау науқаны өтті. Жиналған қағаздар мен картондар сұрыпталып, тапсырылды. Ал ең қызығы, оқушылар бұл картондарды инженерия және физика заңдылықтарына сүйене отырып, түрлі пайдалы құрылғылар мен макеттер жасауға қолданады. Мәселен, пластикалық бөтелке қақпақтарынан географиялық белдеулерге бөлінген дүниежүзілік карталар жасалса, ескі қалдықтардан мектеп кабинеттері мен техникалық қызметкерлерге арналған арнайы қоқыс жәшіктері құрастырылып, таратылған.
Клубтың биылғы ең ауқымды жобаларының бірі – желтоқсан айының соңы мен қаңтар айының соңы аралығында өткен «Бөтелке қақпақтарын жинау» акциясы. Бір ай бойы әр сынып 5 литрлік пластик ыдыстарға қақпақтарды толтырып жинап, есеп берді. Нәтижесінде ең көп қақпақ жинаған сыныптар марапатталды.
Ендігі жоспар осы жиналған түрлі-түсті қақпақтардан үлкен гипсакартон бетіне мектептің аты иеленген ұлы тұлға Ахмет Байтұрсынұлының бейнесін және жер ғаламшарының макетін жасап шығу. Бұл туынды мектептің экологиялық символына айналмақ.
«Клубтың тағы бір маңызды бағыты – энергияны үнемдеу. Қазіргі жаһандық жылыну мен парниктік эффект мәселелеріне байланысты әрі Республикалық «Жер сағаты» экомарафоны аясында 9-сыныптар арасында ерекше челлендж өткізілді. Оқушылар өз үйлеріндегі ескі шамдарды энергия үнемдейтін заманауи шамдарға ауыстырып, үнемдеу мәдениетін қалыптастырды. Бұл шара оқушылардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған», – дейді мұғалім Гүлжазира Әбілқасымқызы.
Мектептің 10-сынып оқушысы Естай Жүзтаев экологиялық клубтың ең белсенді мүшелерінің бірі. Ол 9-шы сыныптан бастап үйірмеге қатысып, өзінің креативті идеяларын ұсынып келеді.
Естай биология мен химия пәндерін тереңдетіп оқиды, сонымен қатар физикалық тәжірибелерге де қызығады. Ол өз қолымен ескірген, ешкімге керексіз дискілер мен арнайы клейді қолдана отырып, қозғалысқа келетін макеттер жасап шыққан.
«Біз қоқысқа тасталатын картон-қағаздар мен пластиктерге екінші өмір сыйлаймыз. Мысалы, картондардан тұтас қалалардың макетін, пластиктерден ғылыми құралдарды жасаймыз. Бұл бізден кейінгі кішкентай оқушылар үшін үлкен үлгі», – дейді Естай.
Оқушының айтуынша, тазалық – мұсылмандықтың айнасы. Ол туған қаласы Рудныйды шетелдік туристер алдында ұятқа қалмайтындай әсем де таза ұстауды әрбір тұрғынның борышы деп санайды.
«Таза Қазақстан» акциясы осындай жас экологтардың арқасында өз жемісін берері сөзсіз. Мектеп ұжымы барлық қала тұрғындары мен құрдастарын тазалықты сақтауға және бірге жарысуға шақырады.
Жанарай НҰРМАХАНБЕТОВА,
сурет Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп мұрағатынан