Қостанай қаласында «Білім келешегі: Адал азамат – кәсіби маман» тақырыбындағы Тамыз кеңесінің өңірлік отырысы өтті. Жиында білім саласының даму бағыттары талқыланып, жаңа цифрлық бастамалар таныстырылды.
Іс-шараға еліміздегі ірі баспалардың бірі – «Алматыкітап» баспасы арнайы шақырту алды. Компания өкілдері қатысушыларға елдегі тұңғыш онлайн және офлайн форматтағы 3D электрондық оқулықтар кітапханасы біріктірілген білім беру платформасын және жасанды интеллектке негізделген «Qamqor» онлайн-ассистентін таныстырды. «Электрондық оқулықтардағы жасанды интеллект» тақырыбындағы баяндамада спикерлер платформаның артықшылықтары мен білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан жаңа мүмкіндіктерімен бөлісті.
Кеңес аясында өткен «Leader TopIQ-2025» республикалық байқауының Қостанай облысы бойынша жеңімпаздары марапатталды. Жүлделі бірінші орынға Рудный қаласындағы Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының ұстазы Рая Бермұхамбетқызы ие болды. Оның еңбегі ұстаздар қауымы мен ұйымдастырушылар тарапынан жоғары бағаланды.
-Биылғы Тамыз саммитінде шалғайдағы шағын жинақты мектептерді қолдау мақсатында ерекше жоба да таныстырылды. «Алматыкітап» баспасы «TopIQ-Mobil Box» мобильді кешенін ресми түрде ұсынды. Бұл жоба аясында интернетсіз жұмыс істей алатын, TopIQ платформасы орнатылған мобильді цифрлық оқу кешендері шалғай ауылдардағы мектептерге жеткізілмек. Арнайы сертификатты Қостанай облысы әкімінің орынбасары Нарымбетов Бақытжан Хаберұлы қабылдап алды,- деп жазды мектеп директоры Қымбат Бірманова жеке парақшасында.
TopIQ-Mobil Box – ауылдық және шағын жинақты мектептерге сапалы білімге қол жеткізуге мүмкіндік беретін заманауи кешен.